Мәдениет

Әртістердің шеберлік сабағы

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академия­лық қазақ музыкалық-драма театрында «Мәдениет. Театр тынысы» атты шеберлік сағаты өтті.

Өнер саласы мамандарының кәсіби біліктілігін арттыруды көздеген іс-шара­ға Астана, Алматы, Шымкент, Орал, ­Петропавл, Қостанай қалаларының театр әртістері мен қызметкерлері қатысты. Шеберлік сағаты «актерлік шеберлік», «режиссура», «грим», «хор», «хореография» жанрлары бойынша ұйымдастырылды. «Актерлік шеберлік» бөлімін театр және кино майталманы, Қазақстанның Халық әртісі, профессор Тілектес Мейрамов, «режиссура» бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Нұрлан Жұманиязов, «грим» бөлімін гример, мәдениет саласының үздігі Ләйла Сқақова, «хор» бойынша хормейстер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев, «хореография» бөлімін балетмейстер, мәдениет саласының үздігі Салтанат Сұңғат жүргізді. Бұл сабақтарда өз ісінің майталмандары сол салаларды жетік меңгеру әдістері мен ерекшеліктерін іс жүзінде көрсетіп, түсіндірді. Мәселен, хор жанрында А.Жұмашев сахнада театр актерлерінің қатысуымен қазақтың белгілі әндерін орындатқыза отырып, басқа хор ансамбльдері мен театр актерлерінің хорындағы айырмашылықтарды атап өтті.

– Актердің қабілеті де, шеберлігі де зор болуы мүмкін, алайда ол әннен әлсіздеу болса ұтылады. Себебі театрда «Қыз Жібек» сияқты қазақтың және басқа да Еуропаның классикалық қойылымдарын сахналаған кезде актер өзінің партиясын орындай алмаса, бұл – ол үшін олқылық. Бүгін шеберлік сағатына қатысқан өнер колледжінің студенттері мен мектеп оқушыларына болашақта актер боламын десе, қазірден бастап актерлікпен қатар әнді де қосымша өнер ретінде дамытқаны жөн деп кеңес береміз, – деді белгілі хормейстер.

Соңында шеберлік сағатына қатысушылардың бәрі арнайы сертификатқа ие болды. Мереке аясында өткен салтанатты жиында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұр­ғиса Дәуешов бірқатар сала қызметкерлерін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және аталған ведомство министрінің құрмет грамотасы, алғыс хатымен марапаттады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button