Мәдениет

Айгүлдің «Айнамкөзі»

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония сахнасында белгілі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанованың «Айнамкөз» атты концерті өтті.

Ширек ғасырдан астам уақыт ән әлемінің шырайын кіргізіп жүрген әнші талай байқауда топ жарды. Шығармашылықтағы жетістіктері де айтуға тұрарлық. «Жасынан топтан асып» (Иманжүсіп), «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Түркия, Австрия, Украина, Ұлыбритания, Франция, Германия, АҚШ, Израиль, Малайзия, Ресей, Қытай, Моңғолия, басқа да шетелде қазақ өнерін дәріптеді. Әншінің репер­туарында ұлттық музыканың бай мұрасы қамтылған. Өзі туған Маңғыстау даласының мақамдары, Батыс Қазақстан ән мектебінің жауһарлары, қазақтың халық әндері мен халық композиторларының туындылары, қазіргі композиторлардың шығармалары – бәрін де орындайды.

Халық Айгүл Қосанованы дәстүрлі әнші ретінде таныды. Кейіннен эстрада әндерін шырқаса да, әлдебір әнші сияқты түбегейлі осы жолға бет бұрмады, ұлттық өнерге адалдығын танытып келе жатыр. Осы кеште де, негізінен, ұлттық мұрамыз саналатын туындыларды шырқады. Атап айтқанда, «Саған халқым-ай», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Илигай» сынды халық әндерімен қоса, «Айнамкөз», «Сыпыра жыраудың термесі», «Әнші дауысы», «Сайра, бұлбұл», «Ләйлім шырақ» секілді халық композиторларының інжу-маржан әндерін орындады. Көрермен әншінің орындауында Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Илья Жақанов, Теміржан Базарбаев сынды көрнекті композиторлардың, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри айтты.

Әншінің жеке концертінде астаналық филармонияның қазақ оркестрі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Alem» заманауи би балеті, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі мен филармонияның дәстүрлі әншілері Тельман Нұркенов, Берік Омаров, өнердегі әріптестері Ерболат Шалдыбеков, Гүлмира Сарина, Ардақ Балажанова, Клара Төленбаева, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button