#Жаңа ҚазақстанБасты ақпарат

1 орынға 15 үміткер таласады

18 ақпанда Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары туралы, саяси партиялар атауларын дауыс беруге арналған сайлау бюллетеніне (жеребе тарту арқылы) енгізу, шет мемлекеттердің, халықаралық ұйым­ның байқаушыларын тіркеу және 2023 жылғы 19 наурызға белгіленген Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы үгіт жүргізу тәртібі туралы 2 отырыс өткізді.

7 тізімге 281 үміткер енгізілді

Бірінші отырысты ашып, сөз сөйлеген ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес, 2023 жылғы 18 ақпанда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталғаны жөнінде хабардар етті.

Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес, аумақтық сайлау комиссиялары мәслихат депутаттарын сайлауды ұйым­дастырады және олардың өткізілуін қамтамасыз етеді. Саяси партиялар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттығына ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу осы өңірлердің аумақтық сайлау комиссияларының құзыретіне жатады. Олар барлық сайлау процестерін өңірлерде өткізеді.

Мәселен, пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттары депутаттарының 334 мандатына аумақтық сайлау комиссиялары өңірлерде партиялық тізімдерді тіркеудің осындай рәсімдерін жүргізді. Қолда бар жедел ақпаратқа сәйкес, барлық өңірлердегі аумақтық сайлау комиссиялары облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды партиялық тізімдер бойынша тіркеді.

Осылайша, партиялық тізімдерді Парламент Мәжілісіне және облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана мәслихаттарының депутаттарына тіркеу кезеңі аяқталды.

Парламент Мәжілісі мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады. Ол Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісіне сайлауға қатысуға ұсынылған барлық 7 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркегенін мәлімдеді. Олар: «Қазақстан халық партиясы» ҚБ – 52 кандидат, «Ақ жол» Қазақстаның демократиялық партиясы» ҚБ – 54 кандидат, «Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық ҚБ – 19 кандидат, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партия­сы – 18 кандидат, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» ҚБ – 25 кандидат, «Amanat» партиясы» ҚБ – 90 кандидат, «Respublica» партиясы» ҚБ – 23 кандидат (партияның 2 кандидаты берген өтінішке сәйкес алынып тасталды).

Барлық үгіт материалдары міндетті түрде мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс: осы материалдарды шығарған ұйым, оларды басып шығару орны, таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражаттан төленгені туралы. Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде үгіт баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарды таратуға тыйым салынады

Осылайша, еліміздің Парламент Мәжілісі депутаттарының мандатына үміткер саяси партиялардың 7 тізіміне 281 кандидат енгізілді. Әрбір саяси партия әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың қажетті өкілдігін сақтайды. Жалпы, барлық партиялық тізімдер бойынша бұл санаттар 38,1% құрайды. Кандидаттардың орташа жасы – 45,7 жас, депутаттыққа кандидаттар 19 адам 29 жасқа дейін, 80-і – әйел (28,5%), 201-і – ер адам. Саяси партиялар тізімге 12 этностың өкілін енгізді.

Сондай-ақ Константин Петров ҚР мәслихаттарының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы хабардар етті. Мәселен, республика бойынша 223 мәслихатта 3415 депутат сайланады, оның ішінде ­668-і – облыстық мәслихаттарға, 617-сі – қалалық мәслихаттарға, 2130-ы – аудандық мәслихаттарға. Облыстық мәслихаттарға 668 депутаттың 334-і партиялық тізімдер бойынша сайланады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша 1447 кандидаттың 118 партиялық тізімі тіркелді («Ақ жол» ҚДП – барлық 20 өңірде 199 кандидат тіркелді, «Amanat» партиясы – барлық 20 өңірде 692 кандидат тіркелді, «Ауыл» ХДПП – барлық 20 өңірде 136 кандидат тіркелді, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – 18 өңірде (Қостанай облысы мен Жетісу облысынан басқа) 89 кандидат тіркелген, ЖСДП өңірлерде партиялық тізімдерін ұсынбаған, Қазақстан халық партиясы – барлық 20 өңірде 172 кандидат тіркелген, «Respubliсa» партия­сы – барлық 20 өңірде 159 кандидат тіркелген).

Тіркелген тізімдерде әйелдер мен жастардың қажетті өкілдігін әрбір саяси партия сақтады, бұл санаттар 39,2%-ға ұсынылған. Кандидаттардың орташа жасы – 43,8 жас, 29 жасқа дейінгі – 182, 434-ы – әйел (30%), 1013-і – ер адам. Сая­си партиялардың тізіміне 22 этностың өкілі енгізілген.

Жеребе қорытындысы белгілі болды

Отырыстың екінші мәселесіне көше отырып, Нұрлан Әбдіров Сайлау туралы заңның 37-бабына сәйкес саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенiне жеребемен айқындалған тәртiппен саяси партиялардың атаулары және «Бәріне қарсымын» деген жол енгiзiлетінін мәлім етті. Орталық сайлау комиссиясының 1999 жылғы 13 шілдедегі №15/214 қаулысымен сайлау бюллетеніне саяси партиялар атауларын енгізу туралы жеребе өткізудің ережесі бекітілді.

Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина отырысқа қатысушыларды жеребе өткізудің ережелерімен таныстырды. Ол ережелерге сәйкес мөлшерлері мен түстері бірдей конверттерге тіркелген партиялардың санымен тең реттік нөмірлер жазылған парақтар салынатынын хабарлады. Бір конвертте нөмір жазылған бір ғана парақ болады. Конверттер мөрленіп, барлық қатысушылардың көз алдында үстел үстіне орналастырылады. Әр саяси партияның өкілі кезекпен бір конвертті алып, оны ашады, парақта жазылған нөмірді көрсетеді. Конверт ішіндегі нөмір – саяси партияның сайлау бюллетеніне енгізілетін нөмірі. Жеребені өткізудің нәтижесі хаттамаға енгізіліп, оған қатысып отырған Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қол қояды. Жеребе қорытындысы бойынша орындар былайша бөлінді:

  1. «Amanat» партиясы;
  2. «Ауыл» партиясы;
  3. «Respublica» партиясы;
  4. Қазақстан халық партиясы;
  5. «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
  6. «Ақ жол» партиясы;
  7. Жалпыұлттық социал-­демократиялық партия.

Осылайша, партиялық тізім бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда саяси партиялардың атауын сайлау бюллетеніне енгізу тәртібі айқындалды. Бұл тәртіп пропорционалдық жүйе бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астана мәслихаттарының депутаттарын сайлауда пайдаланылатын болады.

79 шетелдік байқаушы тіркелді

Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссия­сының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 9 шет мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 79 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады. Жиында бұрын аккредиттелген байқаушы Мишель Ньянгтің байқауға қатыса алмайтыны мәлім болды. Осыған байланысты ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссиясының құрамына тиісті өзгерістер енгізілді.

Үгіт қалай жүргізіледі?

Екінші отырыс барысында сайлау алдындағы үгіт жүргізу мәселесі қаралды. Осы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова баяндама жасап, сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін бірден басталатынын хабарлады. Ағымдағы сайлау науқанында үгіт 18 ақпанда сағат 18:00-ден басталып, 18 наурызда сағат 00:00-де аяқталады. Ол отырысқа қатысушыларға заңнаманың негізгі жаңалықтарын жеткізіп, енді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, үгіт-насихаттан бөлек, сайлау алдындағы іс-шаралар, үгіт материалдарын шығару, онлайн-платформалар арқылы да жүзеге асыруға болатынын атап өтті.

Сондай-ақ БАҚ үшін тағы бір жаңалық айтылды: енді дауыс беру күні сайлау учаскесінде қызмет куәлігі мен редакцияның тапсырмасы болған кезде әрбір бұқаралық ақпарат құралынан бір-бір өкілден, әрбір телеарнадан үшеуден аспайтын өкіл қатыса алады. Анастасия Щегорцова жиналыс, митинг, шеру мен демонстрация сияқты қоғамдық іс-шараларды өткізу тәртібі арнайы заңмен реттелетініне назар аударды. Оларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органға хабарласу қажет.

Сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізу кезінде сайлау науқаны үшін арнайы жасалған баспа материалдарын, соның ішінде безендендірілген материалдарды, сондай-ақ сайлау науқанына арнайы әзірленген кеудеге тағатын белгiлердi, жалауларды, жалаушаларды тегін таратуға жол берілетінін есте ұстаған жөн. Алайда тегін тауарларды, қызметтерді және т. б. ұсынуға жол берілмейді. Бұл – сайлау алдындағы тыйым салынған үгіт.

Барлық үгіт материалдары міндетті түрде мынадай мәліметтерді қамтуы тиіс: осы материалдарды шығарған ұйым, оларды басып шығару орны, таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражаттан төленгені туралы. Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлерде үгіт баспа материалдарын дайындауға, анонимді үгіт материалдарды таратуға тыйым салынады.

Кандидаттар, саяси партиялар барлық үгіт мате­риалын өз сайлау қорының қаражатынан төлейді. Заң бұл мақсатқа басқа көздерден өзге ақша тартуға тыйым салады. Сондай-ақ сайлау қорынан төленбеген кез келген тауарларды, жұмыстарды немесе қызметтерді қабылдауға тыйым салынады.

Отырыста жергілікті атқарушы органдардың сайлау алдындағы үгіт жүргізуге дайындығы туралы, оның ішінде кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыруға арнайы орындар мен үй-жайларды қамтамасыз ету туралы баяндамалары тыңдалды. Сондай-ақ үгіт кезеңінің аспектілері және сайлау алдындағы үгіт және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік кезеңіндегі БАҚ пен интернет-кеңістіктің мониторингі туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің, ҚР Бас прокуратурасының өкілдері баяндады.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button