Басты ақпаратЕлорда тынысы

Tartyl Fest тарландары

Елордада турникке тартылудан Tartyl Fest турнирі мәресіне жетті. Дүбірлі додаға ел аумағынан жиылған 170 спортшы қатысып, бақ сынады. Турнирде тараздық спортшы Евгений Нам 52 рет тартылып, Tartyl Fest гранд-ширек сайысының абсолюттік рекордын жаңартты. Ғажайып спорт мерекесі тамашалаған көрермендерге де, ұйымдастырушыларға да керемет көңіл күй сыйлады. Турнирдің іріктеу кезеңіне Қазақстанның 20 қаласынан 7 мың қатысушы бақ сынап, тоғыз салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтады.

Астанада турникке тартылудан республикалық Tartyl Fest турнирінің гранд-финалы мәресіне жетті. Финалда Қазақ­станның түкпір-түкпірінен 170 спортшы қатысты.

Турнирдің іріктеу кезеңіне Қазақстанның 20 қаласынан 7 мың қатысушы бақ сынап, тоғыз салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтады.

«Спорт – қатысушылардың географиясы мен жасына қарамастан, өзіңді көрсетудің ең қолжетімді тәсілінің бірі. Tartyl Fest сияқты ауқымды жобалар өзіңді шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, қазақстандықтар арасында дұрыс құндылықты қалыптастырады және насихаттайды. Енді біз гранд-финалдың жеңімпаздары халықаралық және әлемдік дәрежедегі жарыстарда ел намысын қорғауы үшін жұмыс істейтін боламыз. Бұл фестивальдің басты міндеті мен мақсаты – қарапайым жігіттердің, жастардың елімізде және әлемде жарқылдауына мүмкіндік беру» деді жобаның бренд амбассадоры Айтым Жақыпов.

Tartyl Fest турнирі ҚР Президенті жанындағы «Дара» дарындыларды қолдау қорының бастамасымен ұйым­дастырылды. Фонд мақсаты – Қазақстанның әрбір тұрғыны өз мүмкіндіктерін толық қолдануға ықпал жасау және өз потенциалын ашу.

«Мен «Дара» Қорына жас таланттарды қолдағаны үшін қордың адамдарға, қатысушыларға өздерінің спорттағы болашағына инвестиция салуға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын» деді Tartyl Fest турнирінде 18 бен 30 аралығындағы жас категориясы бойынша 80 келіден жоғары салмақта жеңімпаз атанған Евгений Созончук.

Бүгінгі шараның ең жас жеңімпазы Шығыс Қазақстан облысынан келген 11 жастағы Мансұр Уәлиев болды. Ол турникке 36 рет тартылып, қатарластарының алды болды.

Гран-финалдың тағы бір қатысушысы Алматы облысынан келген Андрей Водяниковтың айтуынша, фестиваль қазақстандық жастар үшін маңызды жобаға айналып үлгерді.

«Біз – жас халықпыз, тиісінше, бізде жас буын өте көп. Сондықтан қазір бізге керегі – жастарға қолдау көрсету. Бүгін бас қосқан жастар фестивальсіз де жаттығуларын жалғастырып, спортпен айналыса беретін еді. Алайда бүгінде фестиваль айрықша мағынаға ие болып үлгерді. Осындай жобалардың арқасында болашағымызға деген сенім ұлғаяды. Жоба жемісін бүгін көрмесек те 6-7 жылдан кейін арамыздан мақсатына берік жастар реверві шығады» деп ойымен бөлісті А.Водняков.

Tartyl Fest гранд-финалының абсолютті рекорды – 52 рет тартылу. Ол тараздық Евгений Намға тиесілі. Сонымен қатар іріктеу кезеңінде турникке 50 рет тартылып, рекордавторы атанған болатын.

«Мен өз рекордымды жаңартуға тырыстым және осындай көрсеткішке қол жеткіземін деп үміттендім. Өйткені дайындалуға көп уақыт кетті. Рекордты жаңарту менің мақсатым болды деп те айта аламын. Бірақ былай қарасаңыз, мұнда кездейсоқ адамдар жоқ, барлығы дайындалып келген. Жарыс керемет өтті. Бастысы, жақсы нәтижеге қол жеткізіп, өзімді жеңе білдім. Оған өте қуаныштымын. Бұл жоба жастарға ынталандыру мен мотивация береді. Кейінгі ұрпаққа үлгі болады деп ойлаймын» дейді Евгений Нам.

Петропавлдық Руслан Касманов жеңісін ұлына арнады. Ол 30 жастан жоғары категорияда 80-90 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды.

«Шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Бұл фестиваль Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Финалда сөзбен айтып жеткізе алмайтын эмоцияға кенелдік. Жоба жалғасын тапса, тамаша болады» дейді жеңімпаз.

Финалистерді қолдауға олардың туыстары, достары, бапкерлері жиналды. Сондай-ақ спорттық жарыстың қонағы ретінде белгілі қазақстандық спортшылар, қоғам қайраткерлері және блогерлер қатысты.

«Бұл жоба көптеген адамдарға әсер етті. Бұл – бірегей әлеуметтік лифт, барлығы үшін үлкен мотивация. Өңірлерден келген жанкүйерлердің қатысушыларға қалай жанкүйер болып жатқанын қараңыз, жанашырлық танытып отырды» деді спорт мерекесіне келген қонақтардың бірі блогер Бейбіт Әлібеков тікелей эфирде.

Гран-финалдың жүлде қоры 54 миллион теңгені құрады. Бірінші орын алған жеңімпаздар – 3 миллион теңге, екінші орын – 2 миллион теңге, үшінші орын 1 миллион теңгеге ие болды. Tartyl Fest гранд-финалының үздік қатысушылары StreetWorkOut әлем чемпионатына Қазақстанның атынан қатысуға мүмкіндік алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button