Sport

1300 балуан күреседі

Нұр-Сұлтан қаласында бүгін басталатын грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өтетін әлем чемпионатын 104 елдің жанкүйері тамашалайтын болады. Елорда кілемінде 1300-ге жуық балуан бақ сынағалы отыр.

Әлем чемпионатына арналған баспасөз мәслихатында жарысты ұйымдастыру комитетінің жетекшісі, ҚР еркін күрес федерациясының вице-­президенті Ерлан Қожасбай байрақты бәсекенің басты ерекшеліктері жөнінде айтып берді. Біріншіден, бұл чемпионатта 2020 жылы Жапония астанасы Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия берілетін болады, екіншіден, қатысушы елдер де, спортшылары да ең көп чемпионат болады, үшіншіден, дәстүрлі біріншіліктің бағдарламасына алғаш рет күрестің жаңа түрі грэпплинг енгізіліп отыр.
Әлем чемпионатында көптеген Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, сонымен қатар әлем, құрлық чемпиондары қатысады деп күтілуде.
– Бұл чемпионаттың ма­ңызы өте жоғары болып тұр. Өйткені Олимпиадаға жолдамалар үлестіріледі. Күрестің 3 түрінен 10 салмақ дәрежесінде чемпиондар анықталатын болса, олимпиадалық лицензия 6 салмақ бойынша ғана берілетін болады. Байрақты жарысты өткізуге дайындық жақсы жүргізілді деуге негіз бар. Ал қанша жүлде, қанша лицензия аламыз, ол жағына енді балуандарымыз бен бапкерлерімізге сенім артамыз. Өз елімізде өтіп жатқандықтан, жанкүйерлерімізден де қызу қолдау күтеміз, – дейді грек-рим күресінен Олим­пиада ойын­дарының екі дүркін жүлдегері, әлем чемпионы, Азия бірін­шілігінің жеңімпазы
Дәулет Тұрлыханов.
Әйелдер күресінен Олимпиа­да ойындарының екі дүркін күміс және қола жүлдегері, әлем чемпионы Гюзель Манюрова осы чемпионат барысында екі-үш лицензия алуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар бірнеше жүлдегер шығуға тиіс деп өз шәкірттеріне сеніммен қарайтынын білдірді.
Әлем чемпионаты 14-22 қыр­күйек аралығында «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді. Жарыстың бірінші бөлігінде грек-рим күресі шеберлері өнер көрсетсе, екінші бөлігінде әйелдер бәсекесін көретін боламыз. Чемпионат еркін күрес біріншілігімен түйінделеді.

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button