Руханият

2008 жыл

2008 жыл – Қазақстан үшін де, әлем үшін де маңызды және шым-шытырық оқиғаларға толы болды: Ақмола қаласының астана мәртебесін иеленуінің 10 жылдық мерейтойы, Бейжің Олимпиадасы, АҚШ-тан басталған ипотекалық дағдарыстың бүкіләлемдік қаржылық құлдырауға әкеліп соқтыруы, т.б. Біздің ұжым үшін маңыздысы – бұрынғы «Астана хабары» газетінің осы жылдың 9 тамызынан бастап «Астана ақшамы» болып шыға бастауы. Ел өмірінде орын алған басқа да оқиғалар аз емес еді. Солардың газет бетінде жарық көрген негізгі дегендерін ықшамдап көрсетуге тырыстық.

Газеттің алғашқы саны астананың 10 жылдық мерейтойына арналған ақпаратпен басталып, жыл бойы бұл тақырыпта ірілі-ұсақты материалдар үзбей жария­ланып тұрды. Белгілі ғалым­дардың мақалалары жарық көрді. Әлбетте, елордада қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының
барысы әрдайым ел назарында жүрді.

«Мерейтойлық нысандар мерзімінде тапсырылуы тиіс»«Кеше Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов елордада салынып жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Бұ­лардың көпшілігі Астана күні пайдалануға берілетін ғимараттар» делінген газеттің кезекті бір нөмірінде.
Үкімет басшысы мен қала әкімі аралаған нысандардың бірі – 30 мың жанкүйерге арналған жабық стадион. Әлемде төбесі ашылып-­жабылатын жылжымалы ша­­тыры бар бес стадион бар екен, соның бірінің аста­нада салынуы – үлкен жетістік екені сөзсіз. Айта кетейік, бүгінде тұрғындар мен қала меймандарының көзін қуантатын айтулы ғимараттардың көпшілігі сол кезеңдерде салынғаны белгілі. Мәселен, Орта Азиядағы ең биік 40 қабатты ғимарат (сол жылдарғы жағдай бойынша-авт.) – «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-тың егіз қозыдай қос корпустан тұратын бас кеңсесі 2008 жылы пайдалануға берілді.

«Жұлдыз болып Айтматов ақты»

Осы жылы «адамзаттың Айтматовы» атанған Шың­ғыс ағамыз сексенге қараған шағында ақтық сапарға аттанып кетіпті. Қанында түркінің тектілігі бар, қазақ-қырғызға ортақ тау тұлға туралы жазушы Рақымжан Отарбаев: «Алтынға сатылмаған арысты ажал қаншаға бағалағанын кім білген?! – деп естелік жазады газеттің 12 маусым күніндегі санында өзі де егіле отырып, оқырманды да егілтіп. – «Дүниеден Чікең өтті» дегенде, қарашығымыз маңып-маңып барып орнын әрең тапқан. Бескүндік пәтуа­сыз жалған ең құрығанда бір бүлк етсейші. Құйын да ойнамапты. Жетім бұлт та сіркіремепті».
Әлем әдебиетінің пат­риархтарының бірі болған, проза жанрына лиризм стилін енгізген заңғар тұлға­дан, ұлттық мәдениет пен өнерді, сана мен сапаны, кино мен драматургияны шырқау биікке көтерген көреген жаннан айырылып қалдық.

«Есілде енді кемемен жүземіз»

Астананың он жылдық мерейтойына орай Есіл өзеніне алғаш рет шағын кеме түсірілді. Қала тұрғындары үшін айтулы оқиғаны газет тілшісі Қымбат Тоқтамұрат былай суреттейді: «Осыдан біраз жыл бұрын Астанада кеме жүреді десе, ол ертегідей елестер еді. Енді міне, қала әкімдігінің қолдауымен бір айдан бері Есіл өзенінде шағын кемелер жүзе бастады. Су көліктерінің қызметін ұйымдастыратын, күтіп-баптайтын «Есіл-Астана» мекемесі құрылды» дейді тілші.
Қала бюджетінен кеме тасымалы қызметін ұйымдас­тыруға 2 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл шығындардың ішіне жаңадан сатып алынған үш кеме де кіреді: 30 орындық екі кеме, 65 орындық бір кеме. Кемені басқарушы және қызмет көрсетуші мамандар Қазақ­станның басқа өңірлерінен шақыртылған.«Жасампаз Қазақстанның жаңа бойтұмары»

«Астана күні еліміздің баянды болашағына бағыт сілтейтін еңселі ескерткіш – «Қазақ елі» монументінің тұсауы кесілді. Оның салтанатты ашылуына қатыс­қан Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаев еліміздің басты ескерткіші осы болатынын айрықша атап өтті» делінген газеттің мерекелік санындағы мақалада.
Әлбетте, ұлттық мереке­лер – тек ішіп-жеу үшін емес, ұлт болып ұйысу, оның ұлылығын ұлықтау, санасын сергіту, тарихымызды жаңғырту үшін қажет. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының басынан небір зобалаңдар, зар замандар, «Ақтабан шұбырындылар» мен ашаршылық жылдар, талай нәубеттер мен қыр­ғындар өтті. Бірақ соның бәрінен Жаратқанның жар болуымен, халықтың жанқиярлығы мен ерлігі­нің, төзімділігі мен өміршең­дігінің арқасында аман шық­ты. Кеңес үкіметінің қазақ ұлтын жойып жіберуге бағытталған барлық құйтырқы амал-айлаларынан, қаскөй саясатынан жүйкесі жұқарып, жаны жүдеп, рухы жұтаңданғанымен, түптің-түбінде бәрібір ұлттық болмысын, ата-бабаның тектілік қасиетін сақтап қала алды. Оған бүгінде тәуел­сіз мемлекет болып түтін түтетіп отыруымыз, ұрпа­ғымыздың ешкімге жалтақтамай бұла болып өсіп келе жатқандығы дәлел. Сондықтан астана күні қарсаңында ашылып отырған «Қазақ елі» монументі – қазақ тарихының өткенін, бүгінін және болашағын тұтас қамтитын бірегей композиция ретінде қабылдануы тиіс.

«Қап тауындағы қырғын»

Естеріңізде болса, Бейжіңде 2008 жылы 8 тамыз­да ХХІХ жазғы Олимпиада ойын­дарының алауы жағылған күні Грузия мен Ресей арасында соғыс өрті бұрқ ете қалып, әлем жұртшылығын дүрліктіргені белгілі. Осы атышулы уақиға «Астана ақшамы» газетінің бетінен де көрініс тапқан. Дегенмен, мақала авторы Ерболат Қамен саяси сараптама жасағанда «өгіз өлмес, арба сынбас» тәсілді ұстанған. Бір тәуірі – журналист жанжалдасушы екі тараптың да ыңғайына құлай кетпеген. Саяси сараптамада осы оқиғаға қатысты Батыс ақпарат құралдарының да, ресейлік ақпарат құралдарының да пікірлерін қоса ұсыныпты. Мақала сонысымен құнды.

Бейжің Олимпиадасы

«Баласы аламанда атқа шапса, шешесі үйде тақымын қысып отыратын» ұлт­тың ұрпағы емеспіз бе, сондықтан қазақтың олим­пиадаға деген қызығу­шы­лығы зор. Бәсеке, бәс, намыс тайталасқа түсетін жерде бойымызда батыр бабаларымыздан қалған жауынгер көшпенділердің қаны ойнап шыға келетіні рас. Осы ерекшелікті еске­ріп, «Астана ақшамы» газеті Бейжіңде өтіп жатқан ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарынан үзбей ақпар беріп отырған.
Төрт жылда бір келетін әлемдік додаға Қазақстаннан спорттың 22 түрінен 132 үміткер қатысқан. Оның қортындысы бойынша 2 алтын, 4 күміс, 7 қола медаль алған біздің елдің спортшылары жалпы командалық есепте 29-ыншы орынға тұрақтады. Әсіресе, ауыр атлетшілер (1 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль), боксшылар (1 алтын, 1 қола медаль) және балуандар (1 күміс, 4 қола медаль) ерледі. Олимпиада күнделігі газет бетінде үзбей жарияланып, оқырмандардың сұранысын қанағаттандырып тұрды.

Қате жарнамалар

Газеттің 16 тамыз күнгі санында қаладағы жарнамаларға шолу жасалған. Мақала авторы қала астана болғалы он жыл өтсе де, олардың қазақша нұсқасы әлі де қатеге толы екенін айтып қынжылады. «Тілдерді дамыту басқармасы қазақша қате жазылған жарнамаларды түзетумен әлек, бірақ оған жарнама берушілер «былқ» етпейді. Өйткені, қате жазу үшін ешкімге айыппұл салынбайды, құзыр­лы органдар тек «ауызша қорқытудан» әрі аспайды» дейді. Мақалада қазақша қате жазылған жарнамалар үшін төленетін айыппұл мөлшерін ұлғайтуды және тіл тазалығы үшін күрестің пәрменділігін арттыру мәселесі көтерілген.

100 мектеп пен 100 аурухана

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 3 жылдың ішінде әлеуметтік нысандарға мұқтаж елді мекендерде 100 мектеп пен 100 аурухана салуды тапсырғаны естеріңізде. Газеттің 16 қыр­күйек күнгі санында осы мәселенің барысы туралы баяндалады. «Бұл – елімізде бұрын-соңды болмаған ірі жоба. Осыншама нысандар жақын жылдары салынып бітсе, әлеуметтік салада қордаланып жатқан талай мәселелер шешілер еді» дейді мақала авторы.
Газетте мұнан әрі астанада қандай нысандардың құрылысы қолға алынғаны, олардың жұмыс барысы туралы тәптіштеп жазылған.

«Ортамызды толтырған оралмандар»

Еліміз егемендік алғаннан бастап осы күнге дейін сырттан туған Отанына оралғандар мен осында өсіп-өнген қандастардың саны 1 миллионнан асыпты. Кеңестік замандарда өз атамекенінде отырып азшылыққа ай­налған қазақ үшін шетел­дерден қандастарымыз­дың оралуы – зор рухани күш болды, ұлттық сенімді бе­кітті. Сырттан келген қандастар көмескіленіп бара жатқан салт-дәстүрімізді жаңғыртты, күшімізге – күш, қуатымызға – қуат қосты. Әдебиетіміз бен мәдение­тіміз байыды. Бүгінде олар тәуелсіз мемлекетіміздің әртүрлі салаларында жемісті еңбек етіп, егемендігіміздің іргесін бекітуге зор үлес қосып жатыр.
Қандастардың ата-баба мекеніне біржолата сіңісті болып кетуі, өмірлерінің жайлы болуы үшін мемлекет те, жергілікті жұрт та хал-қадірлерінше көмектесіп жатыр. Әрине, қанша жерден «Отаным», «ата-жұртым» деп сағынысып келгенімен, олардың күнделікті тұрмысында кездескен қиыншылықтары аз болмады. Орыстанған қоғамның кертартпалығы қандастарға бәрінен қиын тиді. Осы және басқа да мәселелерді газеттің 27 қыркүйек күнгі санында Қайрат Бекенұлы көтерген екен.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button