Басты ақпарат

28 желтоқсан – жалпыұлттық аза тұту күні

Кеше Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады. Адам қазасы болған қайғылы оқиғаға байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.«Алматы облысының Талғар ауданында жолаушылар ұшағының апат болуы салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланыс­ты 2019 жылғы 28 желтоқсанда ­Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялансын» делінген Президент Жарлығында.
Айта кетсек, кеше таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолау­шысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Соңғы мәлімет бойынша апат салдарынан 12 адам қаза тапты. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. ҚР ­Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев ­Алматы маңында жолаушылар ұшағы апатынан қаза болған азаматтардың жақындары мен туыстарына көңіл айтты. Президент зардап шеккендерге көмек көрсетілетінін, апаттың себебін анықтау үшін ­Премьер-министр Асқар ­Маминнің төрағалығымен арнайы үкіметтік комиссия құрылып, жұмысқа кіріскенін атап айтты. Кеше Мемлекет басшысы ұшақ апатына байланысты кеңес өткізді.
Мемлекет басшысының атына Ресей Федерациясының ­Президенті ­В.Путин, Қырғызстан Президенті С.Жээенбеков, Иран сырт­қы істер министрлігінің өкілі ­А.Муссави, Қытай Халық Рес­публикасы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан және басқа да шетел басшыларынан қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айту жеделхаттары келді.

 

Елбасы Нұрсұлтан ­Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты.
«Алматы әуежайынан ұшып шыққан «Bek Air» әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тап­қандар мен зардап шеккендер жайлы хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Қайғыға ортақтаса отырып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін» делінген Тұңғыш Президенттің жеделхатында.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button