Қала тіршілігі

7-20-25: Баспаналы болған кімдер?

 Бүгінде баспана мәселесі үйі жоқ азаматтардың бас ауруына айналды. Әрбір күні жалдамалы шаршы метрде өтіп жатқан қазақтардың бар үміті «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасында екені белгілі. Күні кеше осы бағдарлама арқылы алғашқы баспанаға ие болған азаматтардың ­аты-жөндері белгілі болды.

Мойындау керек, елімізде екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несиесінің мөлшері естен тандырады. Нақты дерек келтірсек, ең төменгі деген «БанкЦентрКредит» пен «Сбербанк» халыққа 15,1-15,5 пайызбен несие береді. Ал қалған банктердің мөлшері 19 бен 23 пайыздың аралығын құрайды. Содан болар, наурыз айында Елбасы үндеуінде әрбір қазақстандықтың 7 пайыздан аспайтын мөлшерлемемен бастапқы кезде баспана құнының 20 пайызын төлеп, 25 жылға несие ала алатыны айтылғанда, елдің бәрі қуанды.
Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышевтің есебі бойынша көпшілікке қолжетімді болатын несиеде тұрғын үйдің құны 7 млн теңге болған жағдайда, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды. Ал 10 млн теңге болса, ай сайынғы төлем 70 мың теңгені құрайды. Еліміздің әр аймағында пәтер бағасы әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша үйдің құнына қатысты алшақтық болатынын да ескертті.
Президенттің өзі де «7-20-25» бағдар­ламасы әр қазақстандықтың үй алуына мүмкіндік беретін жоба екенін алға тарт­қаны белгілі. Оның айтуынша, әрбір жұмыс істейтін азамат алдағы уақытта тиімді шарттармен ипотекалық несие алып, тұрғын үй мәселесін шешетін болады.
Сонымен, «7-20-25» бағдарламасы бо­йынша ипотекаға үй рәсімдегендердің қатарында Ақтау қаласының тұрғыны Ислам Уәли, Алматы қаласынан Бақытжан Нарбота, Астана қаласының азаматтары Айдар Садыбеков пен Мәди Тәжікенов, Орал қаласынан Шара Қалибекова және Өскемен қаласының тұрғыны Гүлбаршын Амангелдіқызы бар. Баспанаға ие бол­ғандардың ең жасы 27 жаста болса, үлкені 47-де екен.
Баспана бақытына ие болған елорда­лық азаматтармен тілдесудің сәті түсті. Мә­селен, «Энергоинформ» АҚ кәсіпор­нын­да жұмыс істейтін Айдар Садыбеков аталмыш бағдарлама бойынша құны 16822400 теңге болатын пәтерді иеленіп отыр. Ал 27 жастағы Мәди Нұрланұлы алған «BI Grоup» компаниясына тиесілі пәтер 18 миллионды құрайды. Қос азамат та бағдарламаның шарты тиімді болғандықтан, құжат тап­сырғандарын айтады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button