Жаңалықтар

Абай маңы поэзия патшалығы

Астана күніне орай Абай ескерткішінің жанында кітап және поэзия фестивалі ұйымдастырылды. «Астана – бағы биік асқарымсың» атты мерекелік шараға елордалық зиялы қауым мен мектеп оқушылары қатысты. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы бастаған көпшілік алдымен ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Аналар тәттіден шашу шашты.

Басқосуда Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов сөйлеп, қатысушыларды елорда мерекесімен құттықтады. «Бұл той – білімнің, ғылымның, тілдің, мәдениеттің, жақсылықтың мерекесі. Бас шаһарымыздың салтанаты жарасып, өркендей берсін!» деді Ербол Ердембекұлы.

Фестиваль «Мен – елімнің тірегі» және «Астананың әр келбеті өлеңменен өрілген…» атты жыр сайыстарымен жалғасты. Мұнда астаналық жеткіншектер туған қалалары жайындағы жүрекжарды лебіздерін жырға сыйдырды. Жас ақындардың өлеңдері Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Астана күніне арналған басылымында жарияланатынын айтады ұйымдастырушылар. Елорда тойымен орайласқан «Балдырған» журналының 55 жылдық мерейтойы да осы шарадан тыс қалған жоқ. Бастауыш сынып оқушылары ақын Мұзафар Әлімбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан сынға түсті. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.

Шара соңында «Жаңарған далам, жасарған қалам, шарықта, менің Астанам» атты көркем суретті кітап көрмесі мен жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Шахназ АСХАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button