Мәдениет

Абай рухы асқақтады

Табиғаттың төрт мезгілін жырлаған қазақтың дана, дара тұлғасы Абай Құнанбайұлының өмірбаянында жаз мезгілінің алатын орны ерекше. Тамызда дүниеге келген ұлы ақын маусым айында фәниден бақиға көшті. Ормандай орыс қауымы Пушкиннің туған, өлген күндерін ескерусіз қалдырмайды. Ал, біз данышпанымыздың жалғанда татар дәм-тұзы таусылған күнін естен шығарып жатсақ та, туған күнін елемеген емеспіз. Тіпті, тамыз айында рухын екі рет аунатамыз. 

01

Оның себебі, Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов ақын 10 тамыз күні туған деген деректі қалдырып кеткен. Қазақ осы датаға жүгініп келді. Бірақ, кейінгі жылдары Бауыржан Ердембеков сынды ғалымдар бұл датаны 23 тамызға сырғытты. Олардың пайымдауынша, Абай заманындағы 10 тамыз жаңа күнтізбеде 23 тамызға түседі. Қалай болғанда да ұлы ақын тамызда туғаны дау тудырмайды. Нақты туған күнін белгілеу қажет етіп тұрса да, тамыз айында шығармашылығының еленіп-ескерілуінде заңдылық бар.
Ағымдағы апта басында бас қаладағы Тарихи-мәдени мұра нысандарын және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекцияның ұйымдастыруымен «Абай әлемі және біз» атты данышпанымызды еске алу шарасы өтті. Астанадағы ұлы ақын ескерткішінің жанына еңкейген қариядан бастап, мектеп жасындағы балаға дейін жиналып, Абай рухымен тыныстады. Ұлы ақынның өлеңдерін, «Қара сөздерін» оқып, әндерін салған жұрт хакімнің өзі айтпақшы, жүрегінің түбіне бойлады. Ұйымдастырушылардың атынан сөз алған елордадағы ескерткіштерге жауапты мекеменің инспекторы Дәметкен Бекова Абайдың шығармашылығына арналған алғашқы кеш осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өткізілді деген тарихи деректі жаңғыртты.
Алғашқы кеш ұлы ақынның дүниеден өткеніне 10 жыл толуына орай Семей қаласында 1914 жылдың 26 қаңтарында өтті. Оны ұйымдастыруға сол замандағы ұлтымыздан шыққан зиялы қауымның қатарынан орын алған ерлі-зайыпты Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар, Абай өлеңдерін тұңғыш бастырушы, Құнанбай әулетінен шыққан Кәкітай Ысқақұлы, осы әулеттің тағы бір дарынды перзенті Шәкәрім Құдайбердіұлы, Абайдың өз баласы Тұрағұл және Орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі үлкен еңбек сіңірді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан мен Нәзипа Құлжанова Абайдың өмірі мен шығармашылығын қамтыған баяндама оқыды. Сол кешке Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сияқты кейіннен қазақтың тау тұлғаларына айналған жастар қатысты.
Кеш бағдарламасы сол жылы шыққан «Айқап» журналының екінші санында басылды. Кештің қалай өткендігі жөнінде «Қазақ» газетінде ақпарат жарияланды. Кейіннен тағы бір Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы осы газеттегі мақаласы арқылы кештің мән-мазмұнын ашып, оған жауапты болған адамдардың еңбегіне тоқталды.
Шындығында, Абайды қазаққа ғана емес, орыс жұртына таныту жағынан осы кештің берері мол болды. Онда ұлы ақынымыздың Пушкин, Лермонтов, Толстой сынды классиктермен байланысы сөз етіліп, Абайдың өскен ортасы туралы мәлімет берілді. Өлеңдері оқылып, ойшылдың көзін көрген әнші Әлмағамбет Қапсаләмұлы оның әндеріне салды. Әсіресе, сол замандағы жазбалардан «Татьянаның әніне» көрерменнің ықыласы қатты ауғанын байқаймыз.
Осыдан бір ғасырдан астам уақыттан соң Астанада өткен ақынды еске алу шарасына келсек, онда да Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов айтқан Абай әндеріне жиналған жұрт дүркірете қол соқты. Ұлы ақын рухына тағзым ете келген астаналықтар данышпанның шығармаларынан алатын әсерлерін әңгімелеп, өлеңдерін оқыды.
Жалпы, кім қандай қызмет атқарса да Абай мұрасын өміріне азық етеді. Аталмыш шарада әскери қызметкерлер Абайдың «Қара сөздерін» оқығанына қарап, оған қайта көз жеткіздік. «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған». Бұл – хакімнің өз өлең жолдары. Осы сөзді ақынның өзіне арнап айтуға болады…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button