Басты ақпаратТаным

АБЫЛАЙДЫҢ АСЫ. Ұлы ханын халқымыз ұмытпайды

Асыл текті Абылай ханның 300 жылдығына арналған мерекелік шаралар көрікті Көкшетау жерін дүбірлі думанға бөледі. Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері мен алыстан ат арытып келген шетелдік қонақтар тарихтың тар кезеңінде таққа отырып, тарыдай шашыраған ұлтын ұйыстыра білген ұлы тұлғаның ескерткішіне тағзым етті. Қазақтың небір жақсы-жайсаңдары қатысқан бұл Абылай бабамыздың асы бүгінде төрткүл дүниеге тегіс танылған тәуелсіз мемлекетіміздің мерейін тасытып, айбынын асыруға септігін тигізеріне сеніміміз мол.

Ұлы Абылайдың ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімінен кейін «Көкшетау» мәдениет сарайында «Абылай хан және оның тарихи дәуірі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Алқалы жиынды Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин ашып, жұрт­шы­­лыққа Елбасы Нұрсұлтан Назар­­баев­тың құттықтау хатын оқып берді. «Абылай ханның 300 жыл­­дығы – елдігіміздің бедер­лі бір белесі. Осыған орай халық­ара­лық кон­фе­ренцияның ұйымдастыры­луы да, оның айбынды ханымыз орда тіккен киелі Көкше жерінде өткізілуі де орынды. Біз бұл жиында Абылай ханның ерекше еңбегін ашып көрсетумен шектеліп қалмауымыз керек. Бәрінен бұрын Абылай ханның қолы неге жетті, неге жетпеді, бабамыз нені армандады, бізге нені аманаттады, болашақ ұрпақтарынан нені күтті, келер күндерге нені ескертті, біз сол заман­ның тарихынан қандай тағылым аламыз деген сауалдарға жауап іздеп, табуға тырысу керек…» делінген құттықтау хатта.
Конференцияда негізгі баяндаманы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жасады. Ол Абылай ханның қайраткерлігі мен тұлғалық болмысын, ерлік істері мен жүріп өткен жолдарын кеңінен сөз етті. Ғалымның айтуынша, хан Абылай – Қазақстан тарихындағы тағдырлы бір кезеңнің күллі тау­қы­метін бойына жүктеген тұтас бітімді тұлға. Ұлы қолбасшы ел билеген кезеңінде жойқын өзгерістер жасап, Қазақ Ордасының іргесін одан әрі нығайтуды көздеді. Қазақ елінің айбынын асыру мен ордасын орнықтыруды басты міндеті санаған Абылай мемлекетшіл па­ра­сатымен, жаужүрек батыр­лы­ғы­мен, кемел қолбасшы, кө­реген қайраткерлігімен, сұңғыла бітім­­герлігімен хандық дәрежеге кө­теріліп, өз төңірегіндегі жақ­сы­лар мен жайсаңдардың, әртүрлі әлеу­меттік топтардың қолдауына ие болған.
Қазақтың тарихи жырларындағы Абылай ханның даңқты бейнесі туралы сөз қозғаған Ерлан Сыдықов жас сұлтанның ел тізгінін қолына алғаш алған кездегі күрделі кезеңдерін, ауыр міндеттерін, жоңғар шапқыншылығымен күрескен ерен ерлігін баяндамасына арқау етті. «Абылай ел ісімен енді шұғылдана бастаған шақта Қазақ хандығы сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген бытыраңқы хәлге жуық тұрған болатын. Тек XVIII ғасырдың 60-жылдарына қарай билеушінің төңірегіне саяси элита біршама тығыз топтасты. Аумағы азат, көлемі кең мәртебелі мемлекет шын қуатына мінді. Қалмақтан тазартылған Тарбағатай, Жетісу өлкелерін өркендетуге басым көңіл бөлінді.
Ұлттың тұрмыс-тіршілігінде қордаланған мәселелер де Абы­лайдың басты назарында болды. Ол бірде күшпен, келесі бірде келісіммен қазақ қоныстарында тәртіп пен тыныштық орната білді. Уақыт өте келе, ақсақалдар билігін әлсіретіп, басқарудың дәстүрлі институттарын қайта жандандыруға күш салды. Сот жүйесін нығайтты. Өзінің құзіретін хан болып сайланған кезде белгіленген шектерден асыра кеңейтті. Абылайдың салиқалы да сауатты саясатының нәтижесінде ішкі саяси ахуал тұрақтанып, Шыңғыс әулеті мен ақсүйектердің өзара тартысы ты-йылды, қазақтың барша этникалық территориясы азат етілді» деп атап өтті ғалым.
– Қазақ тағдыры қыл үстінде тұрғанда бытыраған үш жүзді бірлікке ұйытып, жағадан алған жауға тойтарыс берген ұлы ханды дәріптеу, ерлік істерін насихаттау, тарихтағы рөлін айқындау – ғалымдардың алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Алайда, Абылай ханның мемлекеттілікті жаңғырту, нығайту, ұлттың басын қосып, тұтас мемлекетке ұйыстыру жолындағы қайраткерлік еңбегін кешенді зерттеу тарихшылар назарынан тыс қалып келді, – дейді Ерлан Сыдықов. – Сондықтан отандық тарихнама өз әдіснамалық және тілдік құралын айтарлықтай өзгерту қажет. Ұлттық тарих ғы­лы­мының алдында жауапты да маңызды міндеттер тұр. Бұл – та­рих­шылардың да кәсіби жауап­кер­шілігін аңғартатын іс. Мәселенің оңтайлы шеші­луіне Елбасының идеясы арқасында дүниеге келген «Тарих толқы­нындағы халық» атты арнайы тарихи зерттеулер бағдарламасы ықпал етуге тиіс.
Бұдан кейін сөз Абылай ханның ұрпағы – Ресей Ғылым академиясы Тарих институтының ғылыми қызметкері Найля Бекмахановаға берілді. Ол біртуар тұлғаның дипло­ма­тиялық іскерлігіне, жер, су мә­селесін шешудегі еңбегіне тоқ­талды. «Патша үкiметi қазақтар иелiк ететiн жердің кеңеюін құп­таған жоқ. Ал, қазақтардың мал шаруа­шылығымен айналысуына Ертiс, Тобыл, Есiл өзендерiнiң аума­ғындағы жер таршылық еттi. Жер мә­селесiн шешуге мемлекеттiк қай­раткер Абылай хан тiкелей қатысып, Ресей патшалығымен хат жазысқан» дейдi баяндамасында Найля Бекмаханова. Ол Абылай ханның дип­ломатиялық шеберлігі арқасында бірқатар жер қазаққа қайтарылғанын айтты.
Жиында сөз сөйлеген белгілі ғалым Тұрсынбек Кәкішев отан­дық та­­рихшылар Қытайға барып, Абылай ханға байланысты тың дере­к­тер тауып әкелгенін атап өтті. Ұлттық намыс, елдік келбе­тіміз туралы ақсақалдық уәжін айтқан ғалым ұлттық намысымызды қайрайтын, дербес еліміздің ешкімнен кем еместігін көрсететін нақты істерге көшу қажеттігін, ел бас­қарған азаматтар алдымен ұлттық мақсаттарға қызмет етуге тиістігін қадап айтты. Елдігімізді күшейтіп, рухымызды көтеретін осындай шаралар мемлекеттік деңгейде тойлану қажет деген абыздық ақылын да жеткізді.
Абылай ханның 300 жылдық тойына оның ұрпақтары да арнайы келіпті. Конференция барысында олар Елбасына Абылай ханның бюстін сыйға тартты.
Кешкісін мерейтойға орай Абылай хан алаңында және «Көкше­тау» мәдениет сарайында концерт өтті.
Ал ертеңінде, яғни 6 қазан күні Көкшетау маңындағы Қызылжар ипподромында «Азат рухтың Абылай ханы» атты театрландырылған қойылым сахналанды. Мұнда Абы­лайдың тәуелсіздік жолындағы күресі, ұлы жорықтары, сыртқы сая­сат­тағы өлшеусіз еңбектері туралы көріністер берілді.
Абылай орда тіккен Көкше өңі­ріндегі тойда 100-ге жуық киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысында көшпенділердің өмірін сурет­тейтін тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, қолданбалы өнер туындылары қойылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ат спорты шараларына Астана мен Алматы қалаларынан және он екі облыстан шабандоздар келіпті. Түске қарай ипподромда 7 шақырымдық жорға мен құнан бәйгесі, 16 шақырымдық тоқ бәйге, 25 шақырымдық аламан бәйге жарысы өткізілді.

Талғат БАТЫРХАН,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

СҮБЕЛІ СӨЗ

Бүркітбай АЯҒАН,
Тарих ғылымдарының докторы, профессор:

Бабамызға – мың тағзым

Абылай хан мерейтойы – тәуелсіздік тарихындағы айтулы оқиға. Қазіргі уа­қыт тұрғысынан қара­сақ, Абылайдың қазақ хан­дығы­ның беделін көтеру­ге, қазақ мемлекеті­нің тәуелсіздігі мен біртұтастығын қорғау ісіне сіңірген еңбегі орасан зор. Жаңа заман тарихында Ресей үшін Бірінші Петр, Германия үшін Отто Бисмарк қандай қызмет етсе, Абылайдың да қазақ халқын ел етудегі қызметі сондай. Мұхтар Әуезовше тарқатсақ, «Қазақтың дербес ел болуына, әрі-беріден соң сол қазақтың қазақ болуына, басы қосылып бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға еңбек сіңірген Абылайдан артық адам болмас».
2012 жылдың шілдесінде Көкшетаудағы Абылай хан ескерткішінің жанында зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде Елбасымыз: «Абылай хан қала сала алмадым деп еді, қала салдым. Халқымның басын қоса алмадым деп арманда кетсе, халқымның басын құрап, егемен ел еттім» деген болатын. Қазақ елін бүгінде әлем таниды. Абылайдың ар­тында жасампаз халқы, асқа­ралы Астанасы бар, орын­далған асыл мұраты бар, бейбітсүйгіш елі бар. Қасиетті қара шаңырақтың астына біз тек қазақтың ғана басын қосып қоймай, түрлі этнос өкілдерін бі­рік­­тіре алдық. «Елге ел қо­сыл­са – құт» дейді қазақ да­на­лығы. Әрқилы мәде­ниет өркениеттері қазақ жерінде тоғысып отыр. Кон­фессияаралық қаты­настар орнықты қанат жаюда. Күл­лі бұқараның көксегені – бей­бітшілік, татулық және ел ырыздығы.
Жаңа Астана тұрғызу – Абылай бабаның орындалған асыл арманы, ұлтының намысы, ұрпағының мақтанышы.
Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталды және сақтала бе­ре­ді. Егемендік жылдары баба­мыздың ұлт тәуелсіздігі жо­лындағы тынымсыз күре­сіне бүгінгі ұрпақтың тағы­лымы мен құрметі іспеттес Алматы мен Астана қалаларының қақ ортасынан Абылай хан даңғылы ашылды. Жетісу мен Көк­ше жерінде ескерткіші бой көтерді. Қазір бауырлас Түр­­кия елінде Абылай хан атын­дағы саябақ бар. Алма­­тыдағы Халықаралық қа­ты­­настар және әлем тіл­дері университеті Абылай есімімен аталады. Тәуел­сіз­дік алған соңғы 20 жылда Абылай аты асқақ­тап, отан­сүйгіштіктің, көреген­ділік пен кемеңгерліктің нышанындай кеңінен танылып, насихатталуда.
Бүгін біз тәуелсіз ел ретін­де, барша қазақтың ұра­ны­на айналған арыстандай ай­батты Абылай бабамызға құр­мет көрсетіп, аруағы ал­дында тағзым етеміз!

 

Сәбит ЖӘМБЕК,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті:

Орыстар Абылайдың бостандыққа шығуын қолдамаған

Ресейдің көптеген дерек­терінде «Абылайды Қалдан Сереннің қамағынан орыс әске­рінің майоры Миллер мырза азат етті» делінетін жан­сақ пікір қалыптасқан. Шынымен солай ма? Деректерге жүгініп көрелік. Егер орыс­тар шынымен Абылайды азат етуді ізгі мақсат тұтса, пат­шаға патша хат жазуы керек еді ғой. Бірақ К.Миллер Қал­дан Серенге пат­шаның емес, Орынбор губер­наторы И.Неп­люев­тің хатын апарды делінеді. Жоң­ға­рия­ға бара жатқан жолында К.Миллер қазақтармен кездескенде Ұлы жүздің батыры – Нау­рыз оның «Абылайды азат етуге бара жатыр­мын» деген сөзіне сенбей, хатты көрсетуін талап еткен. Бірақ Миллер ол хатты қазақтарға көрсетпеген. Миллер мырзаның хатының сыры әлі күнге дейін ашылған жоқ. Жоң­ғарлар Миллердің өзін екі ай қамақта ұстаған. Бұл жоң­­ғарларды шығы­сынан Чин дер­жавасы мен Халха моң­ғол­дардың бірлескен күші қысып ­келе жатқан кез болатын. Жоң­ғарлар өз келешегін ойламауы мүмкін емес. Екіншіден, моң­ғол билеу­ші­лерінде Шың­ғыс хан нәсіл­дерін қастерлей­тін салт бар. Абылай хан ұрпа­ғы. Үшін­шіден, Төле би бастап барған қазақ өкіл­де­рі­­нің салмағы күшті болды. Қалдан Серен Абылай сұл­тан­ды азат етіп қана қой­май «қазақ-жоңғар арасында тату көр­шілік бітіміне» қол қойып, Жоңғар ханы қазақ елшілерінің әр­қайсысына ал­тын­мен аптаған қылыш, күміс­пен күптеген белбеу сыйға тартқан. Кейінірек Абылай хан Даваач, Әмір­саналарды Чин державасына қай­тарып бермеуіне атал­ған бітім, онда алған мін­дет­темелер әсерін тигізген. Орыстар Абылайдың бос­тандыққа шығуын қол­да­ма­ғаны былай тұрсын  В.Мои­сеевтің айтуынша, Абылай­дың босап шығуы Ресей би­лігін қатты алаңдатқан. В.Мои­сеев осыған байланысты И.Неп­люевтің Сыртқы істер коллегиясына жіберген хатынан үзінді келтірген. Онда И.Неплюев «Абылайдың еркіндік алуы өте қауіпті» деп жазған.

 

Рашид ОРАЗОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және
этнология институтының ғылыми қызметкері:

 Ұлы ханның ұрпақтары

Тарихта Абылай­дың 30 ұлы, 40 қызы болғандығы белгілі. Ке­не­сары ханның Әбу­бәкір деген баласынан тарайтын бел­гілі күйші Файзолла Үрмізов ақсақал 30 ұл­ды былайша таратады.
1. Сайман ханымнан: Уәли, Шыңғыс, Әділ, Есім атты төрт ұл.
2. Бабақ ханымнан: Шеген, Үрістем, Оспан, Сыздық, Әбі­тай, Әбдолла атты ал­ты ұл.
3. Бопыш ханым­нан: Тоқ, Қосым, Арық атты үш ұл.
4. Хоша ханымнан: Қасым, Қамбар атты екі ұл.
5. Тоқта ханымнан: Сығай, Сүйік, Тағай атты үш ұл.
6. Өріс ханымнан: Шама, Байыр атты екі ұл.
7. Түлек ханымнан: Шағатай, Дәуім, Бәшен атты үш ұл.
8. Топыш ханымнан: Қара, Есен атты екі ұл.
9. Сайын ханымнан: Жанатай атты бір ұл.
10. Шаған ханымнан: Мақан, Маймақ атты екі ұл.
11. Мақтұм ханымнан: Самырат, Мұсахан атты
екі ұл тараған.

Шот-Аман УӘЛИХАН,
Абылай ханның ұрпағы:

Есімі мәңгі ел есінде

Ең күрделі сабақ – та­рих­тың сабағы. Оны оқы­­май, білмей, терең бой­­ла­май, әрі беріден соң пысықтамай ілгері ба­­су­ға болмайды. Талай тай­­па­лар­дың гүлденуі де, күй­­реуі де осында жатыр. Адам енді қай­тып баспаймын деген жерін басады, енді көр­­мей­мін деген жерін қай­та кө­реді, тарихи жа­ды жоғал­­ған ел отқа екі-үш рет күйе­ді. Тарих тәлімін алу про­цесінде қазақ хал­қы бақытты бол­ды деу­ге бол­майды. Алты-же­ті ғасыр бойғы тари­хын есіне сақтап, жатқа айта­тын дәстүрі бар халық бөтен тәрбиеге көш­ті, атадан балаға жет­кен сөзді ұмытты, үлгі-өне­ге­леріне мұрын шүйі­ріп, мәңгүрттік қалыпқа ене бастады.
Біз қалай өстік, қандай тәлім-тәрбие алдық? Өзі­нің дамуындағы табиғи бағытын өзгерткен, қорек табатын тарихи тамырына балта шабылған біз уызға, ана сүтіне жарымадық. Мектепте қазақ тарихын оқымағанымыз былай тұрсын, ара-кідік шыға­тын кітаптарда ынжық, топас, өзімізді, кейде ха­лық мүд­десін сатқан сат­қын­дарды мақ­тап, ма­дақ­тап, елі, жұрты үшін шүбе­рекке жанын түйгендерді жау деп санадық. Біз қазақ хандарының тарихынан гөрі, Екатерина екінші патшаның неше байы болғанын жақ­сы­рақ білдік. Франция, Ұлыбри­тания корольдарының са­райын­да не өсек-аяң бол­ғанын көзбен көргендей соқтық.
Қазақ тарихы өмірдің тәлкегіне түсіп, тұтқын адамға ұқсады, қасқыр тартқан қойдай қан-қан бо­лып бізге жыртық-жыр­тық, көп беттері сарғай­ған, өшкен қалпында жетті. Ал, адамдардың тарт­қан азабы қаншама десеңізші?! Абылайханов, Уәлиханов, Қасымханов, Кенесарин болғандығы үшін жазықсыз қудалан­ған, түрмеге отырған, атыл­ған ата, әке, ағалары­мыз­­дың ақ жарқын, бей­кү­нә кел­беті көз ал­ды­­мыз­дан кетпейді. Айта берсе, Абылайдың өзі көп жылғы саяси тұт­қыннан бүгін ғана оралып отыр. Бұл оның сонымен өмірінде үш рет тұтқында болуы, жетті енді! Мен бұл жерде, сіз­дердің алдарыңызда біл­гір­сімей-ақ қояйын, бә­рі­міздің басымыздан кеш­кен, жүрекке тікенек боп жабысқан жағдай ғой.
Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатқан кезде еркіндіктің самалы бә­рімізге жетіп, баянды болса екен. Шығыс тарихын зерттеуші ғұлама, атақты академик Бартольд айтқандай, Абылай хан «XVIII ғасырдағы хандардың ішіндегі ең құдіреттісі болды» .

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button