Басты ақпарат

Аджария туризмді қалай дамытты?

Соңғы жылдары қазақстандық туристер Грузияда демалуды құп көріп жүр. Ғажайыптарға толы Грузияға деген туристердің ағыны күн санап артып келеді. Тіпті ол әлемдік деңгейдегі әйгілі шипажайларға мықты бәсекелеске айналды. Грузиндер мұндай жетістіктерге қалай қол жеткізді? Грузия билігі демалыс пен туризм саласын дамыту үшін қандай қадамдар жасады және біз олардан не үйрене аламыз? Осындай сауалдар төңірегінде Аджария Автономиялық Республикасы Туризм департаментінің қоғаммен байланыс және PR бөлімінің бас маманы Ираклий Барамидземен әңгімелескен едік.

Грузияға қош келдіңіздер!

– Ираклий, Сіздерге жылдың қай мезгілінде келген дұрыс?
– Қонақтардың көпшілігі бізге жазда келеді. Бірақ жылдың төрт мезгілінде де туристерді қабылдауға дайынбыз. Осы мақсатта қазір тау шаңғысы шипажайын салып жатырмыз. Біздің елдің тамаша күзі, жылы қысы, шуақты көктемі және жаймашуақ жазы бар.
– Туристер қай елдерден келеді?
– Қазіргі таңда туризм саласында әлемдегі 16 елмен жұмыс істейміз. Туристердің көпшілігі жақын орналасқан мемлекеттер – Түркия, Әзербайжан, Ресейден келеді. Украинадан келіп демалатындар да өте көп. Қазақстаннан 2015 жылы – 4217 адам, 2016 жылы – 10738, 2017 жылы 10229 адам келді. 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында 999 адамды қабылдадық, бұл көрсеткіш өткен жылдардың осыған сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға көп. Біз тек Астана мен Алматы ғана емес, өзге де өңірлерден көптеп туристер тартқымыз келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Бұл жерде екі тарапқа да тиімді болуы керек. Қазақстандық турис­тер бізге келсе, грузиялық туристер Сіздерге барғанын қалаймыз.
– Аджария қазақстандық турис­тер үшін несімен тартымды?
– Біріншіден, біз ғасырлар бойы дос­тық қарым-қатынастамыз. Грузиндер мен қазақтардың арасында ежелден бері берік достық қалыптас­қан. Екі халықтың мәңгілік достық сезіміне ешқашан сызат түспейді. Екіншіден, қонақжайлылық. Бұл – негізгі факторлардың бірі. Үшіншіден, посткеңестік ментальдылық. Біз бір-бірімізді тез түсінеміз.
– Грузияның туристерді магнитше тартуына грузин асхана мәзірінің негізгі рөл атқаратыны белгілі. Енді әңгімемізді осы тақырыпқа қарай бұрсақ.
– Әрине, өзім нағыз грузин бола тұрып, грузин асханасы туралы айтпай отыра алмаймын. Өйткені өз ұлтымның ас-тағамынан дәм татып, оған қайта оралуға асықпаған бірде-бір адамды кездестірген жоқпын. Мысалы, хачапури, хинкали, біздің әйгілі шараптарымыз. Грузин дастарқанына жайғасқан адамның жанына супра, яғни асаба бірге отырады. Бұл элемент мате­риалдық емес мәдени мұрамыз ретінде ЮНЕСКО арқылы қорғауға алынған. Асаба Сізге сөз береді, көңіліңізді көтеріп, елімнің ерекшеліктерін танып-білуге көмектеседі. Жалпы алғанда, туризм дегеніміз, ең алдымен, адамдық ізгі қарым-қатынастар.
– Жазда Аджарияда теңіздің жағалауында демалуға болады, ал қыста қайда баруға кеңес бересіз?
– Аджария – шағын ғана мемлекет. Таулар мен теңіздің арасына бар-жоғы 2,5 сағат уақыт жұмсайсың. Теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктікте шипажай салынған. Әртүрлі кедергілері бар бірнеше тау жолдары алдыңнан шығады. 2019 жылы біз әлемдік деңгейдегі талаптарға сай келетін 5-6 қонақүйді салып бітіреміз. Қонақүйлердің құрылысы аталған шипажайдың салыну кезеңін аяқтайды. Өзіңіз ойлаңызшы, бір ғана жаз маусымында туризмді өркендету мүмкін емес. Оны жылдың барлық мезгілінде дамыту керек. Мысалы, Қазақстанда солтүстік өңірлерде қыс өте суық екенін білемін. Қыстың суығына тоңбайды екенсіздер, онда бізге келіңіздер!

Түркиямен және Болгариямен бәсекелесеміз

– Айтыңызшы, сонда Сіздердің артықшылықтарыңыз неде, қандай кеңістікті игердіңіздер? Себебі дәл жандарыңызда Түркия тұрған жоқ па? Туристер неге Сіздерге келуі керек?
– Біз ешқашан бірдеңені біреуден көшіріп алмаймыз. Түркиядан да, Болгариядан да, Украина мен Ресейден де ештеңе көшірген жоқпыз. Қара теңіздің жағалауындағы мемлекеттердің әрқайсысының өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Біздің басты артықшылығымыз – қонақжайлылығымыз. Бұл – біздің қанымызға сіңген қасиет.
– Көптеген туристер Түркияны «барлығы бір жерде» деген бағдарламасы үшін таңдайды. Аджарияда бұл бағытта қандай жұмыстар істелуде?
– Мұндай тренд қазір маңызды емес. «Барлығы бір жерде» деген бағдарламаны таңдасаңыз, қонақүйден ешқайда шықпайсыз. Өзіңіз қыдырып барған елдің ерекшелігін тани алмайсыз. Өйткені қоршаудан ешқайда шықпайсыз ғой, тек бассейнде жүзіп, жайлы төсекте ұйықтайсыз. Басқа не істейсіз?
– Туризмнің өңірлік ішкі өнімді дамытудағы үлесі қандай?
– ІЖӨ-дегі туризмнің үлесі шамамен 80 пайызды құрайды, өйткені бізде бәрі туризммен байланысты. Зауыттар мен фабрикалар жоқ. Біз тек қана туристік қызметтерді көрсетеміз. Аджария халқының дені осындай жұмыспен айналысады.
– Туристік салаға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі?
– Жеке бизнесті барынша қолдау­ға тырысамыз. Тек қана ұсыныс айтумен шектелмейміз. Ең алдымен, өзіміз туризмді жақын және алыс шетелдерге жарнамалаймыз. Әлемде шамамен 900 миллион туристер бар. Біз Қытай мен Жапониядан қонақтар шақырғымыз келеді.
– Туризмді қолдаудың нақты бір механизмдері, құралдары бар ма?
– Қазіргі заңнамамызға сәйкес, бұл салаға қаржылай көмек бере алмаймыз. Бірақ өзіміздің гидтерімізді, даяшыларымызды, мейрамхана менеджерлерін дайындауға көп қаражат жұмсаймыз. Өйткені біздің басымдығымыз – осы. Мәселен, біз жергілікті тұрғындарға ағылшын тілін оқыту сияқты жобаларға жәрдемақша бөлдік.
– Туризм саласында қанша субъек­ті қызмет етеді?
– Қазіргі кезде Аджарияда шамамен 150 туристік компания тіркелген. Бұл фирмалардың қожа­йындарының арасында украиндар, қазақтар, еврейлер бар. Бізде бизнеске деген жылы шырайлы көзқарас қалыптасқан. Кәсіпкер жарты сағаттың ішінде 50 лариға өз компаниясын аша алады. Салықтардың 20 пайызын төлейсің де, тыныш ұйықтай бересің. Мұндай ахуал бизнестің жедел дамуына ықпал етеді. Аджарияның табысының 70-80 пайызы туристік саладан түседі.


Қонақжайлылық – ақшадан маңызды

– Аджариядағы бағалар қолжетімді деп санайсыз ба?
– Бізде минералды суды тиынға сатып алуға болады. Мысалы, 1 литрін 1 лариға аласыз. Орташа статистикалық турист бір бокал шараппен қоса есептегенде 20 лариге (7-8 доллар) түскі асын тойып ішеді. Кәуап 10 лари тұрады. Содан кейін қожайын өтіп бара жатып, қонақтардың қай елден келгенін сұрайды. Егер олар шарап ішетін болса, екі литрін әкеліп береді. Мейрамхана қожайыны қонағынан гөрі көбірек ақшасын шығаруы мүмкін. Міне, бұл – біздің бет-бейнеміз.
– Сонда бұл қожайындарға шы­ғын әкелмей ме?
– Біздің дәстүріміз бойынша қонағымыз табалдырығымыздан аттаған соң, оның көңілінен шығу – әр қожайынның міндеті. Мен шығындалсам да, өз қонағымның жайлы, әсерлі, көңілді демалуына барымды саламын. Аджарияда 300 мың адам тұрады. Бізге келген әр турист құтты қонағымыз деп есептейміз.
– Қауіпсіздік – туризмді дамытудың басты факторларының бірі. Аджарияға келген турист өзін қауіпсіз сезіне ала ма?
– Біз әлем бойынша қауіпсіздік жөнінен 5-орындамыз. Полиция өте жақсы жұмыс істейді. Ұрлау-тонау деген атымен жоқ. Ең қызықтысы, Аджария барлық конфессияларға құрметпен қарайды. Аджарияда кез келген ұлттың киімін киіп жүре бересің. Егер саған ұнайтын киім болса, оның несі ерсі? Қазіргі таңда Аджария үкіметі туризмнің даму қарқынын арттыру мақсатында қыруар іс-шараларды жүзеге асыруда. Әрине, бұл еліміздің дамуына айтарлықтай үлес қосатыны анық.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Дана САНЖАР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button