Басты ақпарат

Айдың арғы беті

Кейде осы әріптестеріме қайран қаламын. Жыл сайын күзде өңір басшылары кезекпен елордаға келіп, жылды қорытындылап, атқарған қызметі туралы көл-көсір есеп береді. Сол сала-құлаш есептің соңына қарай сауалдар қойылады. Солардың арасындағы ең «өткірі» – әкімнің жалақысы туралы сұрақ. Бір емес, екі емес, барша басшыға қойылатын дәстүрлі сауалға айналған соң ба, бұл өзі ел ішінде келекеге айнала бастағандай. Ойпырмай, жүрегі дауалап қалай қойды екен дейтіндей, жеті құлып салып жасыратындай құпия дерек емес.

[smartslider3 slider=1405]

Мемлекеттік қызметкерлер мен ірілі-ұсақты лауазым иеленген тұлғалардың барлығы жалақы, сыйақы алады. Олардың да бала-шағасы бар. Белгіленген тәртіппен, еңбек өтіліне қарай қойылады жалақы. Оны өздері белгілемейді, жоғарыдан арнайы құжатпен бекітілген. Облыс әкімдері де мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліне сәйкес 1,5-2 миллион теңге шамасында жалақы алады екен. Не деген көлемді жалақы деп кейиді әріптестер. Ұлттық компания басшылығы әкімдерден екі-үш есе көп жалақы алады әрі жыл соңында берілетін қыруар бонус тағы бар. Бір өңірдің тағдырына, дамуына, өркендеуіне тікелей жауапты болып, күндіз-түні ат үстінде жүрсе, сол жұмысынан оң нәтиже шығарса неге алмасын ондай жалақы? Ештеңеге алаңдамай, жемісті жұмыс істеу үшін жақсы жалақы алғаны жөн. Бірақ сол жұмысының қайтарымы қандай? Жақсы жалақыға, үлкен сенімге сай жұмыс жүргізіп отыр ма, нәтиже бар ма деген мәселе мақаланың өзегіне айналса қанеки… Әлде менің әріптестерім өздері 100-200 мың теңге жалақымен нәпақасын айырып, бір айлықты келесіге жалғау үшін қарызданып-қауғаланып күнелтіп жатқан соң іштегі қыжылмен «жалақы жырын» үдетіп жүр ме деген ой ұшқындаған соң бұл тақырыпты қозғамай-ақ жылы жауып қоя салып едік.

Айтып-айтпай не керек, лауазымды тұлғалардың барлығы бірдей жалғыз жалақымен ғана күн көріп, тіршілігін жалғап жүрсе, елдегі жемқорлық дерті де асқынбас еді-ау дегенбіз іштей. Күні кеше осы тақырыпты елдің бас идеологы – Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев та қозғапты. «Журналистің министр немесе әкімнен жалақысы туралы «маңызды журналистік зерттеу» жүргізгендей сұрақ қоюы күлкілі көрінеді. Ал Үкіметтегі және әкімдіктегі әріптестеріме қызармай, іркілмей, шынайы түрде жалақысы туралы айтуға кеңес берер едім» депті Абаев «Ашық диалог» бағдарламасында. Иә, журналис­тер ежіктеп сұраса, әкімдер мен министрлер айлығы, қызметтік көлігі, қалта телефоны, сағаты қанша тұрады деген сауалдарға жауап табады. Бұлар көзге көрініп тұр, жасырудың қажеті де жоқ. Ал айдың арғы бетінде не бар, бұған үңілуге журналистердің қауқары, біліктілігі, тәуекелі, батылдығы, мүмкіндігі жете ме? Бұл – үлкен мәселе. Бұл – тек журналистер қауымын ғана емес, барша қоғамды толғандырып отырған көкейтесті мәселе. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылғы 18 қараша күні Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңына қол қойды. Осы заңға сәйкес, ұлттық жария лауазымды тұлғалар деген ұғым пайда болып, олардың арнайы тізімі бекітіліп, тексеру шаралары белгіленетін болды. Бұл – қоғамды сауықтыруға, жемқорлықпен күресті жандандыруға жасалған батыл қадам. Лауазымды тұлғаларға заңсыз тапқан қаржысы мен дүние-мүлкін, байлығын жылыстатуға, жасыруға, бүркеуге мүмкіндік бермеу үшін енді олардың барлық туыстық және өзге де байланыстары түбегейлі тексерілетін болады. Осы жаңа заң қауқарына мінер болса, енді олардың құдасы, енесі болуға талпынатындар қатары күрт кемитін шығар…

Біз «Астана ақшамы» газетінің 2021 жылғы 13 қараша күнгі нөмірінде жарияланған «Құмдағы із» деген мақаламызда елімізде 9 айдың ішінде жемқорлық әрекеті бойынша 2140 тұлға құрықталса, соның 34-і – республикалық, 72-сі – облыстық, ал 89-ы қала мен аудандық деңгейдегі лауазым иелері екенін айтқанбыз. Еліміз сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша 180 елдің ішінде 94-орынға жайғасқанына қынжылғанбыз. «Қоғамды ізгілендіреміз, сауықтырамыз, ашықтықты арттырамыз, қолында билігі барлар «пара» деп айтпайды, «парасат» деп сөйлейді деген ізгі мақсат жолындағы жорығымыз да малтығып, нәтиже бермей, құмға түскен іздей тез жоғалып жатыр» деп налығанбыз. Сонан соң көп ұзамай, араға апта салмай Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қоюын жақсы нышанға жорыдық. Бұл – мемлекет пен оның басшысының қоғамды сауықтыру жолындағы нақты қадамы, ал лауазымды тұлғалар үшін – үлкен міндет, алапат жауапкершілік. Жаңа, бетбұрысты кезең қарсаңында тұрмыз…

Кешелі бері әлеуметтік желі 4,5 миллион теңге пара алмақ болды деп күдікке ілінген Атырау облысы әкімі орынбасары – бұрынғы белсенді депутат туралы пікірге толып қалды. Осының алдында ғана әкімнің бірінші орынбасары 182 миллион теңге пара алды деп ұсталған екен, ал ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы 80 миллион теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Бұл өзі бір облыста айналасы жарты жыл ішінде ғана орын алған оқиғалар. Ал сіз әкімнен жалақың қанша деп сұрап отырсыз…

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button