Сұхбат

Айгүл Қосанова: ӨЗГЕЛЕРДІ ТАҢҒАЛДЫРУ – МҰРАТ ЕМЕС

Айгүл Қосанова, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

22222222222221

– Атақты өнерпаздарымыздың біразы бүгінде Астанаға  ат басын бұруда. Сізді де бас шаһарға қоныс тебеді дегенді ұзынқұлақтан естігеніміз бар еді…

– Рас, әріптестерімнің арасында шығармашылығын Астанада жалғастыруға асыққандары көп. Әрине, бұл – мақұлдайтын-ақ үрдіс. Ал, мен дәл осы жылы қоныс аудармақ ойым жоқ. Бірақ, алдағы уақытта түбегейлі табан тіреуім әбден мүмкін.

– Шамамен 2012 жылы болу керек, белгілі әнші Сәуле Жанпейісова екеуіңіздің араңызда тәжік әніне байланысты дау-дамайдың орын алғаны өнерсүйер жұрттың да, журналистердің де есінде. Мұндағы сұрайын дегенім, сахнадағы әріптестеріңізбен, оның ішінде дәстүрлі әншілермен шығармашылық байланысыңыз, қарымқатынасыңыз қалай?

– Сәулеге қатысты айтарым, бұл жерде кинорежиссер Талғат Теменовтің бір фильміне саундтрек ретінде айтылған тәжік әнінің қазақша нұсқасына байланысты араздасып едік. Қайдағы тәжік әніне бола оның соттасып, оттасатындай басына не күн туғанын білмеймін. Бірақ, басқа әріптестеріммен достығымыз да, бірлігіміз де жақсы, қоянқолтық байланыста жұмыс істеймін.

–  Жалпы, дәстүрлі әншілердің арасында бақталастық басым ба, тілектестік басым ба?

Қай өнерде де, салада да бәсеке болуға тиісті. Әйтпесе, өнер өспек емес. Мұнда айта кетерлігі, бәсекенің де ақ пейілдісі бар, қара пейілдісі бар. Егер өзіңіздің үзеңгілес досыңызға, сахналас құрбыңызға достық ниетпен жанашыр бола алсаңыз, бұл үлкен адами қасиет деп ойлаймын. Сондықтан, әсіресе, өнерде бәсекелес те бола білу керек және адами қалпымызды да сақтай алуымыз қажет.

– Біраз жылдардан бері ұстаздық қызметте екеніңізді білеміз. Бұл сіздің шығармашылығыңызға кедергі жасамай ма?

– Кедергі жасап жатқан да шығар, бірақ өзім өнердің қара шаңырағы – Ұлттық конcерваторияны тәмамдағаннан кейін, дәстүрлі ән өнерінің іргетасын қалап, өмірінің ұзақ болуына еңбек сіңірген Ғарифолла Құрманғалиев пен Жүсіпбек Елебеков аталарымыздың өз қолдарымен қалыптасырған мектепті әрі қарай жалғастыру – үлкен абырой. Онда 1996 жылдан бері тәлім беріп келемін. Бұл – аз да, көп те уақыт емес. Алайда, осы уақыт ішінде көптеген шәкірт дайындадым, олардың дені әр өңірде өнердің ілгерілеуіне үлес қосып жүр.

Тағы айтарым, Ғарекеңнің білім ордасында ұстаздық ету – маған жүктелген үлкен жауапкершілік және айрықша аманат деп білемін. Сондықтан, ұстаздық қызметті атаққа да, ақшаға да айырбастап кетуге арым жібермейді. Олай етуге дауыс мүмкіндігім де, ән айту қабілетім де жететініне сенімім зор. Бірақ, өзімнен кейінгі буынға білгенімді сіңіру – өмірдегі бірден-бір мақсатым.

– Бір-екі жыл бұрынғы бір сұхбатыңызда: «Дәстүрлі әншілерді продюсер тұрмақ, үкімет те елемейді. Тек Наурыз мерекесінде немесе шетелдіктерге көрсету кезінде ғана шақырады. Нағыз өнер кештерінде, көпшілік мерекелерде естерінен шығарып алады» депсіз. Осы ренішіңіз, өкпеңіз сол күйінде ме, әлде?..

– Бұл уақыттың осындай бір кезеңі шығар, бір ескерерлігі, айтылған өкпе – жалғыз менің көкейімдегі сөз емес. Қай дәстүрлі әншінің де шекесі қызып тұрғаны шамалы. Өкінішті, әрине.

Өзіңіздің замандасыңыз, әріптесеңіз Ерлан Рысқалидың «Бес жүз ән білемін, жалақым отыз-ақ мың» дегені бар. Бұл ахуал – барлық дәстүрлі әншілердің басындағы жағдай. Ал осы жайт Мұхиттың, Ғарифолланың ізін жалғаушыларды жоғалтып жібереді деп алаңдамайсыз ба?

– Біз көп шүкіршілік ететін, тәубаға тез келетін халықпыз ғой. Әйтеуір, қуанарлығы, Ұлттық консерваторияның халық әні кафедрасына «Ұлт мұрасын жаңғыртамын, насихаттаймын» деп келіп жатқан жастардың қатары артпаса, кеміген емес. Бес саусақтың өзі де әртүрлі, оқу ордасын тәмәмдаған түлектердің ішінде эстрада жанрын таңдап кетіп жатқандары да бар. Десе де, дәстүрлі ән жанрын жалғастырушылар да жоқ деп айта алмаймын.

Жер бетінде қазақ деген ұлт барда дәстүрлі өнер жойылмайтынына сенемін. Алайда, ән мұрамыздың ілгерілеуіне айтушы да, тыңдаушы да атсалысу керек. Әр отбасында дүниеге келген сәби ананың әлдиімен жетіліп, ұлттың дүниесімен сусындаса ғана осы міндеттің үдесінен шыға аламыз. Шырылдаған он-жиырма әншінің қосар үлесі аз бұған. Ең бастысы, дәстүрлі өнердің кенжелеуін қоғамның дерті деп қабылдасақ, оның өрлеуі байқалады.

– Сіз көрермен мен көпшілікке дәстүрлі әнші ретінде таныссыз. Қара домбыраңызды арқалап бармаған жеріңіз бен баспаған тауыңыз да қалмады. Сондай сапарларыңызда өз домбырамызбен өзгені таңдай қақтырған кезіңіз бар ма?

Әлі күнге дейін шетелдік көрермендердің дені біздің ұлттық аспабымызбен орындалған әнді сондай ыстық ықыласпен қабылдайды. Оның үстіне, бұрынғыдай емес, Қазақ мемлекетін көптеген елдер танып қалды. Бірақ, өз сахнамыздан көрмеген құрметті өзге сахнадан сезінгеніңе ішіміз удай ашиды.

Қазіргі замандастарымыздың арасында, жаһанданудың әсерінен болса керек, туған ұлтымызды, менталитетімізді ұмытып кетіп жатқандар бар сияқты. Меніңше, шетелдіктерді таңғалдыру – мұрат емес, өнердің жанашыры өз елімізден табылуы тиіс.

Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Алайда, төл өнеріміздің баяу дамып жатқанына не себеп?

– Көпшіліктің санасын жеңіл-желпі, философиялық тұрғыдан ойландырмайтын әндер жаулап алған сияқты. Бірақ, халық сүзгі секілді ғой, қажеттісін алады, қажетсізін ысырып тастайды. Өз өнеріміздің асқақтайтын дәуірі туар. «Үмітсіз шайтан» деген…

– «Домбыраның киесі барына сенемін» дегеніңіз бар. Кие деген не?

– Тек қазаққа тән жалғыз аспап – домбыра болса, ол қалай киесіз болу керек? Орыс, өзбек, тәжіктің ешқайсысы домбырадан қазақ ойнағандай дыбыс шығара алмайды. Домбыраны қазақтай жақсы көре алмайды.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбатты жүргізген: Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button