Қала тіршілігі

Әкімнің қызметтік көлігі қандай?

Астана әкімінің қазіргі қызметтік көлігі қандай? Бұл туралы әкімдікте өткен баспасөз мәслихаты барысында журналистердің сауалына жауап берген қала басшысы баспасөз қызметінің жетекшісі Эльвира Жүргенбаева айтты.

Қазіргі уақытта Әсет Исекешевтің жеке жеңіл көлігі жоқ. Қала басшысы күнделікті шаһардағы құрылыс нысандары мен жол жөндеу, мектептер­дің жаңа маусымға да­йындығын бақылау сияқты және басқа да қызметтік жұмыстармен Hiace маркалы микроавтобуспен жүреді екен. Бірақ бұдан былай қала басшысы Skoda Superb көлігіне отыратынын айтады мамандар.
Айта кету керек, алда­ғы қыркүйектен бас­тап әкімдікке қарасты 18 басқарма мен аудан әкімдіктерінің мамандарын тасымалдау қызметі олардың сұранысы бойынша жекеменшік таксопарктің құзырына көшеді.
Қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы Ғали Искалиевтің айтуынша, тасымалдау жұмысында қала әкіміне ерекше жағдай қарастырылмайды екен. Мысалы, оның көлік жүргізушісі де таксопарктің қарапа­йым маманы болады.
– Жергілікті билік тарапынан жүргізуші белгілі бір аттестациядан немесе тестілеуден өтуі тиіс деген талап қо­йылмайды. Мамандарды жұмысқа қабылдауда барлық қауіпсіздік және медициналық тексеріс шараларын таксопарк өзі жүргізеді, – деді Ғали Искалиев.
Өз кезегінде Астана тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов қала басшысын тасымалдауға таксопарк Skoda Superb маркалы көлігімен қамтамасыз етуге дайын екенін атап өтті. Оның айтуынша, таксопарктегі көліктердің басым көпшілігі, соның ішінде Skoda Superb те Қазақстанда құрастырылған.
– Қазір таксопарк иелігіндегі көлік саны 400-ден асады. Оның көбісі – Lada Largus, Renault Logan, Hyundai Accent сияқты эконом-класс санатындағы көліктер. Мүмкіндігінше көліктер жаңартылып отырады. Былтыр «Азия авто»-да құрастырылған 100 Lada Largus көлігі сатып алынған болатын. Сол сияқты таксопаркте бизнес-класс санатындағы Toyota Camry, Skoda Superb модельдері де бар. Олардың ұзындығы 4,5 метр болса, ені 1,8 метрді құрайды, – деді Медет Құрманов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button