Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Ала қойды бөле қырықпа

немесе шеттен келген деп шетке теппейік

Жақында жаңаөзендік мұ­найшылар елордаға келіп, министрлік алдына түнеп, өз талабын қойып қайтқаны жұртқа мәлім. Қазір құзырлы органдар мен наразылық білдірушілер арасында ­диалог жүріп жатыр. Әрине, ел болған соң халықтың билікке өз талабын қойып, жұмыс талап еткені қате емес шығар. Бірақ бүгінгі айтпағымыз ол емес. Әңгіме қазір осы наразылықтың соңы тағы да шетелден көшіп келген отандастарымызды кінәлауға қарай ауысып бара жатқаны жайында.

Жалпы Қазақстанда шетелден келген ағайынды қаралау, орынсыз жерден кінә тағу ұдайы белең алып келеді. Мәселен, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін әлдекімдер Президентке «көтеріліс жасағандардың көбі оралмандар екен» деген өтірік ақпарат беріп, көшті тоқтатуға ұрынған еді, сол бір ауыз сөздің кесірінен шетелден келген қандастарға 5 жылдан кейін азаматтық беру сынды Қазақстанның Тәуелсіздік туралы декларация­сына, ҚР Конституциясына және халықаралық заңдарға қайшы заң да шыққан болатын.

Қаңтар оқиғасынан кейін «Алматыда көтеріліске шыққандардың арасында шетелден келген ағайын­дар көп екен» деген қаңқу сөз тағы шықты. Оны анау-мынау емес, елімізге белгілі заңгердің аузымен айтқызса, бұл жолы атағы да, сыйлығы да көп жазушы алыстан келген ағайынға ауыз салыпты.

«Сырттан келгендерде «мемлекет міндетті» деген көзқарас байқалып қалып жатады. Яғни атажұртына оралғандарға «мемлекет материалдық көмек көрсетуі керек, жұмыс тауып беруі қажет» дейтіндер де табылады. Әйтсе де нарықтың қатаң заңы «алма піс, аузыма түсті» қолдамайтынын ұмытпағанымыз жөн. Арнаулы орта, жоғары білімі болмаса да, жоғары жалақы төлеуді талап ететінін де жиі естіп қаламыз. Олардың негізсіз талабы кейде жергілікті халықтың ойын өзгертіп, билік пен бұқараның арасына жік салатындай» деп жазыпты жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров.

Басқаныкі басқа, дәл елдің сөзін сөйлейді деген Әлібек ағадан мұндай сөз күтпеп едік, «шетелден келгендердің жоғары білімі жоқ» деп кекете сөйлегені аздай, «олар халық пен биліктің арасына от жағады» деген сөзімен «ала қойды бөле қырқатын» аласа ойын аңғартып қалды. Еңбек сіңірген қайраткердің бұл пәстігіне біз ұялдық…

Осындай жат пиғылдардың ке­сірінен біз қазір қазақ көшін тоқтатуға айналдық. Шын мәнінде, елімізде қазақтың саны көбеймей, қазақтың үлес салмағы артпай, біздің мына мемлекетті ұстап тұруымыз қиынға соғады. Өйткені қазақтың жеріне көз алартып отырғандар аз емес. Сондықтан Қазақстанның тәуелсіздігін баянды етеміз десек, мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазақтың санын көбейту басты назарда тұруы керек. Қазақтардың болашағы Қазақстанда болса, Қазақстанның болашағы қазақтың саны мен санасына қатысты. «Шетелден келгендер масыл болды» дейтін жетесіз пікірдің жетегінде кеткендердің сөзіне сеніп, көпке топырақ шашпаған жөн. Атамыз қазақ «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деп текке айтпаған!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button