Тағзым

Алаш әскерінің тарихы

Ұлттық академиялық кітапханада халықаралық Түркі академиясы ұйымы «Түркі әлеміндегі тұлғалар тағылымы» сериясымен «Алаш әскері: тарихтан тағылым» атты семинар өткізді. Жиын аясында тарихшы-ғалым Берік Әбдіғалиұлының «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 ж ж.) деген кітабының таныстырылымы болды.


Жиынды академия басшысы Дархан Қыдырәлі ашып, Түркі академиясының былтырғы атқарған жұмысының негізгі бағытының бірі – Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналғандығын, сол шара шеңберіндегі ғылыми жоба негізінде тарихшы Берік Әбдіғалиұлының зерттеу еңбегі жарық көргендігін жеткізді.
Оқырманға жол тартқан жинақтың жазылуы жайында автордың өзі баяндады. Оның айтуынша, кітапта Алаш­орда үкіметінің ұлттық әскерінің қалыптасу кезеңі жан-жақты сипатталады. Сондай-ақ, Алашорда үкіметінің сол замандағы Уақытша Сібір үкіметі, казактардың әскери топтары секілді маңызды тарихи факторлармен ара қатынасы зерттелген. Зерттеу барысында Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы және Томск қалаларының мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған құнды деректер пайдаланылған.
– Біз әлі Алашорда феноменін толық ашқан жоқпыз. Былтыр Алашорда үкіметінің 100 жылдығын атап өтсек те көптеген архивтерде алашқа қатысты құнды деректер жеткілікті. Бұл еңбекте Алаш әскерінің Жетісу майданындағы жорық жолдары, ақ гвардияшылар баспасөзіндегі Алаш әскері жайлы жазылған 90-нан астам деректі құжаттар жинақталды. Сондай-ақ, тұңғыш рет алаш сарбаздарының тізімі болжамды түрде анықталып, Ақсу, Аягөз, Үржар, Мақаншы өңірлерінде құрылған Алаш сарбаздарының барлығы 2 мың адамның тізімі жасалып, 700 сарбаздың аты-жөнін анықтадық. Алдағы таңда тізімде есімі айтылған алаш сарбаздарының ұрпақтарын іздестіріп, сол кездегі тарихи жағдайлар туралы естелік жинастыруды қолға аламыз. Осы бағытта экспедиция ұйымдастыруды ойластырып отырмыз. Алаш әскерінің құрамына кірген батыс өңірдегі 3 полк, Торғай – Қостанай жеріндегі 2 полк, еліміздің шығыс бөлігінде жасақталған 5 полк және кадрлық резерв дайындауға арналған 1 полк, барлығы 10 полктың тарихы мен жорық істерін терең талдау да қажет, – деді Берік Әбдіғалиұлы.
Жиын барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов жаңа жинақтың құндылығы туралы айтып, авторға ризашылығын білдірді.

Мерей ДІЛДӘБАЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button