Руханият

АЛАШ МҰРАСЫМЕН КЕМЕЛДЕНГЕН ТАРИХШЫ

Жақында отандық тарихшылар қауымының төрінен мәртебелі орын алатын санаулы кәсіби тарихшыларымыздың бірі және бірегейі – Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев 70 жасқа толды. Ол Алаш жұртына тарихшы-ғалым, алаштанушы ретінде жақсы таныс. Білім мен ғылымның тізгінін қатар ұстаған зиялы ғалымның азаматтық келбеті қазіргі өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге. 

Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан тарихы кафедрасын басқарады. Сонымен қатар осы кафедраның жанынан құрылған «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығына жетекшілік етеді. Тәуелсіздік жылдарындағы отандық тарих ғылымында қалыптасқан Алаштану, «Айтылған тарих» және тағы басқа да ғылыми бағыттарындағы іргелі және қолданбалы зерттеу жобалары өз нәтижесін беріп келеді. Ал кәсіби тарихшы ретіндегі оның көзқарастары мен ғылыми ой-пайымдары жүрекке жақын, қоғамға пайдалы.

foto_prof-m

1990-жылдардың ортасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих, археология және этнология факультетінде «Отан тарихы» мамандығы бойынша аспирантурада оқығандар үшін сол кездегі «Қазақстанның жаңа және қазіргі заман тарихы» кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиевтің есімі ерекше аталатын. Оның Алаш қозғалысы тақырыбымен таныла бастаған кезі. Міржақыпша айтсақ, «ғылымның тұлпарына мінген» шағы еді. «Алаш тақырыбы оның басына бақ болып қонды», дәл осы сөзді кафедраның кезекті бір мәжілісінде профессор Серік Жа­қып­бековтің айтқаны есімізде қалыпты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кафедра меңгерушілігі қызметін ғылыми зерттеулермен ұштастыра білген Мәмбет Қойгелдиев оқу процесін ғылы­ми зерттеу жұмыстарымен сабақ­тастырған еді. Сөйтіп, айнала­сына бір топ талапты да, талант­ты шәкірттерін топтастырды. Оның кеңесшілігімен және ғылы­ми жетекшілігімен Алаш қозғалысының күрделі кезеңдерін қамтитын, 1917-1918 жылдардағы Қазақстан тарихынан «Уақытша үкіметтің Қазақстандағы билік органдарының қызметі», «Қазақ комитеттері: құрылуы мен қыз­метінің тарихы», «Оңтүстік Қазақ­стан 1917 жылғы қос революция тұсында», «ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғам­дық-саяси өміріндегі мұсылмандық қозғалыс», «Қазақ съездері: қа­ралған мәселелері, шешімдері және олардың орындалуы (1917-1918 жж.). Тарихи талдау», «Қазақ­стан бүкілресейлік құрылтай жиналысына даярлық және оның идеяларын қорғау кезеңінде», «Жетісу облысындағы қазақ және қырғыз халықтарының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі» сияқты ұлт тарихының өзекті мәселелері арнайы зерттеу нысанына айналды. Осылайша, кеңестік тарихнамада бұрмаланған, мазмұны мүлдем басқаша сипат алған өткен тарихымыздың күрделі мәселелері бойынша жас тарихшылардың зерттеу жұмыстары қолға алына бастады. Міне, осындай игі істердің бел ортасында жүрген профессор Мәмбет Құлжабайұлының алаштану мектебін қалыптастыру кезеңі де 1995 жылғы «Қазақ­стан Республикасында тарихи сананы қалыптастыру тұжырым­дамасынан» кейінгі 1997 жылғы жалпы ұлттық татулық пен жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылымен, 1998 жылғы ұлт­тық тарих жылдарымен ұштасады.

Профессор Нәбижан Мұқамет­ханұлы нақты атап көрсеткендей, «оның білім мен ғылым сала­сындағы белсенді қызметі тәуел­сіздік кезеңіне сәйкес келді. Мұны ғалымның қоғамдық, ғылыми қызметінің екінші кезеңі деп қарастыруға болады». Осы кезеңде Мәмбет Құлжабайұлы тынымсыз ғылыми ізденіс жұмыс­тарының нәтижесінде 1994 жылы «Қазақ демократиялық интел­лигенциясының қоғамдық-саяси қызметі (ХІХ-ХХ ғғ. басы)» тақы­рыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғайды. Сол жылы алғаш рет Әлихан Бөкейхановтың шығармалар жинағын, 1995 жылы «Алаш қозғалысы» кітабын жа­рыққа шығарады. Осы тұста айта кетейік, Мәмбет Құлжабайұлы Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов десе, «ішкен асын жерге қоятын». Бірде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясында өткен бір ғылыми жиынға қатыстық. Сонда мінберге көтерілген алаштанушы, академик, тарихшы-ғалым Кеңес Нұрпейіс: «Осы біздің Мәмбет, Әлихан Бөкейханов жайлы сөз айтылса, қылышын суырып алып қорғауға дайын тұрады» деген еді. Бұл ұстазымыз туралы дәл айтылған сөз-тін, оған біздер куә болып келеміз. Өйткені, Алаш қозғалысы тақырыбын, Әлихантану мәселелерін ол кісідей жетік білетін ғалым жоқ десек, артық айтқандық емес. Ол кісі бұл мәселені жан-жақты, әрі тереңнен түсінеді және оны басқаларға түсіндіре алады.

Аспирантурада оқып жүрген кезімізде кандидаттық диссертациямызды жазу және қорғау барысында біз профессор Мәмбет Құлжабайұлын әр қырынан тани бастадық. Оның «үлкенге құрметін, кішіге ізетін» көрдік, онысына сүйсіне қарайтынбыз, керек жерінде мінезін де көрсетіп қоятын, әрдайым әділдікті ту ететін, еңбекқорлығымен қоса талапшыл, жастарға жанашырлық таныта білетін, қолынан келсе қамқорлығын аямайтын адам. Профессор-оқытушылар құрамы­нан кафедраның ізденушілері мен аспиранттарына өз сабақтарын бергізіп қойып, олардың еңбегін қанаудан аулақ болуды талап ететін. Кафедраның «аспиранттары мен ізденушілеріне ғылыммен айналысуға ешбір кедергі жасамау керек» дейтін. Осындай қасиеттерімен оның беделі аспиранттар арасында да арта түсетін. Ғылыми жетекші ретінде профессор Мәмбет Құлжабайұлының қоятын бірінші талабы – бұрын қорғалған диссертациялардағы мәселелерді қайталамау, қазір­гі тілмен айтқанда, «плагиаттан» аулақ болу. Әсіресе, Алаш қозғалысы тарихынан тың мә­ліметтер беретін мұрағат құжат­тарын және түпнұсқалық дерек көздері болып табылатын «Қазақ», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Алаш» сияқты ұлттық мерзімді басылымдардың материалдарын сапалы пайдалануға ша­қыратын.

Білім беру мен ғылымға бау­лу дәстүрі сақталған ҚазҰУ-дың мектебі мықты ғой, негізі. Біздер үшін осы университетті бітіріп, оның аспирантурасында оқу зор мәртебе болатын, әрине. 1990-жылдардың ортасында жоғары оқу орнында қызмет ету үшін кандидаттық диссертация қорғау міндетті болды. Ал оның жолы біреу ғана – дұрыс ғылыми жетекшің болу керек және өзекті ғылыми тақырыпты таңдау, оны бекіту, мүмкіндік болса аспирантураға түсу, одан арғысы таза еңбекпен келеді, өрге сүйрейтін жетекшің мен талаптанған өзіңе байланысты болатын. Аспирантураға түскеннен кейін ғылыми ортада көп айтылатын «егер тақырыпты дұрыс таңдасаң, ол сенің жартылай жеңісің» деген сөздің мән-мағынасын ұғына бастадық. Ғылыми жетекшіңді анықтап, оның келісімін алу да оңай шаруа емес еді, «сөзімді қалай бастаймын», «қалай қабылдайды екен», «сенімінен шыға аламын ба?» деген сияқты сан түрлі са­уалдармен басың қататын. Араға адам салмай, ғылыми жетекшіге тікелей өзің шығып сөйлесу үшін де біраз сатылардан өтуге тура келеді, «ақырын жүріп, анық баспасаң» ғылым жолындағы «қыл» көпірден құлап кетуің де мүмкін еді.

Университет бітіргеннен кейін араға бес жыл салып, ҚазҰУ-дың тарих факультетінің есігін қайта аштым. Осында бізге, кезінде тарих пәнінен дәріс оқыған ұстазым – Мәмбет Құлжабайұлымен кез­десіп, тақырып жөнінде ашық әңгімелесудің сәті түсті. Аман-саулықтан кейін, мүмкін мені ұмытып қалған шығар деп, өзімді қайта таныстыра бастағанымда «білемін ғой, білемін» деді, оған іштей қуанып та қалдым. Содан соң, алдымен аймақтағы ЖОО-ның жағдайын баяндап, ғылымға біржола бет бұрғым келетінін айтқанымда, ол зерттейтін тақы­рыптардың көп екенін, бірақ алдымен қай бағыттағы тақырыпты таңдағым келетіне көңіл бөлді, біршама пікір алысудан кейін ғылыми жетекшім «Қазақ съез­дері» тақырыбын зерттеу қа­жет екеніне тоқталды. Сосын біраз ойланыңқырып отырып, төте жазуды білетін-білмейтінімді сұрады, мұның әлі ешкімнің тісі бата қоймаған өте күрделі тың тақырып екенін, оны кез келген адамға ұсына бермейтінін айтып қалды. Ал мен болсам, шамама қарай сенімінен шығуға тырысатынымды жеткіздім.
Сөйтіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік универ­ситетінің жолдамасымен ҚазҰУ-да профессор Мәмбет Құл­жа­байұлының ғылыми жетекшілігмен бір жылдық тағы­лым­дамадан (стажировкадан) өтіп, келесі жылы аспирантураға түстім. Аспирантура кезінде үлкен мектептен өттік, ғылымдағы таза­лық дегеннің не екенін білдік. Мұның бәрін ұстазымыз Мәмбет Құлжабайұлынан үйрендік, адам­гершілік қағидаттарының көптеген мәселелерін де сол кісіден түсіндік.

Аспирантураның соңғы жылында кафедраның алдын ала қорғауынан өтіп, 1999 жылдың маусымында кандидаттық диссер­тациялық жұмысымды сәтті қор­ғадым. Кафедрадағы алдын ала қорғау кезінде профессор Серік Құрманғалиұлы болашақта «Қазақ съездерінің қаулы-қарарлары мен шешімдерін» хрестоматия түрінде шығарып, жоғары оқу орындарында оқу процесіне енгізу керектігін ұсынған еді. Бұл идея 2007 жылы тағы да ұстазым, профессор Мәмбет Құлжабайұлының тікелей ықпалымен жүзеге асты. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан «Қазақ ұлт – азаттық қозғалысы» атты көптомдығының 4-ші томы «Қазақ съездері» деп аталды. Диссертациялық жұмысты жазу мен қорғау кезінде ғылыми же­тек­шімнің айтқан мынадай сөз­дері есімнен кетпейді: «бұл та­қырыпты жазып шығу үшін, алдымен оны жақсы көруің керек», «жұмысты уақытында жазып қор­ғау үшін, күніне жарты бет қағаз болса да жазуың керек», «бұл тақырыпты өзіңнен артық ешкім біле қоймайды», «қандай жағдай болса да, өз ұстанымыңда қалуың керек». Қазір ойлап отырсам, ғылыми жетекшімнің бұл айтқан сөз­дері тура тұлпарын бәйгеге қосатын бапкердің «қамшылау» сөздері екен, шәкіртін алдын ала баптау, оны өзін-өзі қорғауға, терең біліммен қарулануға дайындау екен.

ҚазҰУ-дың аспирантурасында үлкен мектептен, күрделі сы­нақ­­тардан өттік, қиындығы мен қызығы мол ғылыми ортаға бейімделдік, өзіндік таным-түсіні­гіміз қалыптасты. Оған ұстазымыз, тарихшы-ғалым Мәмбет Құлжа­байұлының ықпалы, айтқан ақыл-кеңесі зор болды дер едім. Ол үшін Ұстазыма алғыстан басқа айтарым жоқ! Мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық тілеймін! Ұстаздық пен ғалымдық жолында талантты шәкірттер көптеп кездесе берсін демекпін! Алла разы болсын!

Күлпаш ІЛИЯСОВА,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет
тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button