Мәселе

Алашқа адалдық

Ұлы Дала тарихына, яғни байырғы Қазақ елінің тарихи даму жолдарына тарихи зерделілікпен, ой көзімен барласақ, сақ, ғұн, түркі заманынан бері «Мәңгілік ел» мемлекеттік ұлттық идеясынан бастап, Алтын Орда мен Қазақ хандығы тұсындағы «Жерұйық», «Алты Алаш» және ХХ ғасыр басындағы тәуелсіздік идеясының беломыртқасы, ұлт рухының бастау көзі, елшілдік-мемлекетшілдіктің символы – «Алаш» идеясы еді.

                                      

Замана толғатқан, тарих тудырған, ұлттық үміт-арманынан жаралған мыңжылдықтың тұлғасы, қазақтың қабырғалы да қайсар қара нары Әлихан Бөкейханды ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлы:
Қырағы, қия жазбас
сұңқарым-ай!
Қажымас қашық
жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ Қыр басына,
іңкәрім-ай! – деп ұлы кемеңгердің шынайы болмысын кемел суреттеген, заманынан, қоғамынан, қауымынан озып туған көреген, мемлекет қайраткері, айтулы Алаш көсемі, «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы һәм Алаш Орда үкіметінің басты лауазымды басшысы, энциклопедист-оқымысты, экономист, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, абайтанушы, журналист, көсемсөзші, тәржімашы, әдебиет пен мәдениет білгірі, ормантанушы, шежіретанушы, қазақ өлкесіндегі төрт түлік мал мен егін шаруа­шылықтарын зерттеуші, қазақ жерінің жоқшысы, мысалшы, өнертанушы, тұлғатанушы Әлихан Бөкейханды тану ХХ ғасырдың 90-ыншы жылдарында басталды десек, мұның басы-қасында бас-көз болған жігерлі, жалынды жас Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп (ғылыми-публицистік лақап есімі Сұлтан Хан Аққұлы) Әлихан Бөкейханның әдеби-публицистік мұрасы тақырыбында кандидаттық диссертация жазды, ұшан-теңіз материалдарды жинақтап, бір жүйеге түсіріп, толымды зерттеу туындатты.
Жанкешті Сұлтан Хан Аққұлының құрастыруымен 1995 жылы «Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы – Избранное» атты сүйекті академиялық жинағы «Қазақ энциклопедиясынан» жарыққа шықты. Бұған Ә. Бөкейханның 1889-1927 жылдар ішінде жазған кесек-кесек монография­лары, ғылыми-зерттеу шығармалары және эпистолярлық мұрасы және библиографиялық көрсеткіші енгізілді. Және ғылыми түсініктемелері берілді.
Әлихантанушы Сұлтан Хан Жүсіп өте-мөте сирек тарихи-әдеби, деректемелік, шежірелік мәліметтерді молынан жинаған мұрағаттанушы, деректанушы. Оның көрсетуінше, Ә.Бөкейхан Ресейдің атақты экономистері, географтары қатысқан «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» атты көптомдықтың қазақ даласына арналған 18-томындағы «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты очерктің үш авторының бірі (1903). 1911-1914 жылдары Ф.А. Брокгауз бен И.А. Ефронның «Новый энциклопедический словарь» басылымының 4-20-томдарын жазуға атсалысқан. Осы сөздіктің 8-томында Ә.Бөкейханның 1906-1907 жылдары «Иртыш», «Омич» және «Голос степи» газеттеріне редактор болғаны айтылады. 1928 жылы академик Сергей Швецов Әлихан Бөкейханға жазып берген мінездемесінде оның қазақтың жылқы тұқымдары мен жылқы шаруашылығы жөнінде тамаша еңбегі болғанын атапты.
Сұлтан Хан Аққұлының 2016 жылы жарық көрген «Алихан Букейхан. Творец истории» (І том) және «Алихан Букейхан. Завещание» (ІІ том) атты, 2017 жылы «Алихан Букейхан. Собиратель казахских земель» деген атаумен қайта басылып шыққан 2-томдық қабырғалы толымды зерттеулерінде ұлы саясаткердің, ұлт көшбасшысының толық шығармашылық өмірбаяны мен қоғамдық-ұйымдастырушылық қызметі жан-жақты көрсетілген. Мұнда тарихи деректер, мәліметтер, ұлт көшбасшысының ұлы идеялары өлшеусіз мол.
Әлихан Бөкейхан мұрасы – Ұлы Дала тарихы мен тағдырының, тәуелсіздік жолындағы қазақ халқының қаһармандық-ерлік күресінің, тілі мен дәстүрінің, ұлттық рухы мен санасының шарайнасы. Сондықтан да филология ғылымдарының кандидаты, алаштанушы Сұлтан Хан Аққұлы қазақ қоғамының реформаторы, стратег, тарих тамыршысы, қазақ жерінің жоқтаушысы, «Ел ағасы, қыр баласы» (Мағжан ақын айтқандай), Әлихан Бөкейханның 2016-2017 жылдары 15-томдығын бастырды. Құрастырды, түсініктерін жазды, библиографиялық көрсеткішін жасады. Мәскеу, С.-Петербор, Орынбор, Омбы, Самар, Томск, Минск, Киев, Семей шаһарларындағы архивтерді, ҚазКСР мен КСРО МҚК-терінің және РФ Федералдық қауіпсіздік қызметінің Орталық архивтерін ақтарды. Сөйтіп «Особые прибавления к «Акмолинским областным ведомостям» (Омбы), «Туркестанские ведомости», «Дала уалаятының газеті» (Ташкент), «Степной край», «Иртыш», «Омич», «Голос степи» (Омбы), «Сын отечества» (Мәскеу), «Речь», «Мусульманская газета», «В мире мусулманства» газеттері мен «Сибирские вопросы» журналы (СПб), «Қазақ» (Орынбор), «Сарыарқа» (Алаш) сынды қазақ баспасөзі мен «Известия Западно-Сибирского отдела ИРГО» (Омбы), «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела ИРГО» атты ғылыми басылымдарын зерделеген.
Сонымен қатар «Абай», «Темірқазық», «Жас қайрат», «Жас қазақ», «Жаңа мектеп», «Әйел теңдігі», «Шолпан» журналдары мен «Ақ жол» (Ташкент), «Еңбекші қазақ», «Теңдік», «Кедей теңдігі» сынды ұлт басылымдарын бірін қалдырмай ақтарған. Соның нәтижесінде сан-алуан материал жинаған. Ұлы Дала кемеңгерінің қазақ, орыс тілдерінде ойшылдықпен, білімдарлықпен жазған ғылыми зерттеулері, экспедиция материалдары, мұрағат құжаттары, ғылыми, көркем аудармалары, сатиралық әңгімелері, жаратылыстану, фольклортану жайындағы жазбалары, фельетондары, оқулықтары, оқу-әдістемелік құралдары, әдеби-сын мақалалары, пікірлері (рецензиялары), съезд хаттамалары, қарарлары, хаттар, жеделхаттар, үндеулер, Алаш Орда мен уақытша үкіметтердің заңнамалық қаулылары, бұйрықтар, нұсқаулар, тергеу хаттамалары, сот үкімдері және т.б. дүниелері топтастырылған.
Жинақтап айтқанда, Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіптің «Алаш мұрасы: жинау, жүйелеу, зерттеу» бағытындағы Ә.Бөкейханның өмірі мен әдеби-публицистикалық, ғылыми шығармашылық мұрасын түбегейлі зерттеуі мен оның 15-томдық еңбегін жариялауы – әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа толықтай лайық кешенді зерттеу.

Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері,
филология ғылымдарының
докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button