Мәдениет

Әлемдік балет – Астанада

Ертең «Астана Опера» театрының Үлкен залында Морис Жаррдың «Париж Құдай Анасының соборы» шымылдығын ашады. Әлем сахналарында қойылып, талайдың жүрегін жаулаған балетті енді астаналықтар да көре алады.

балет 6

Француздың ұлттық классикалық балеті әйгілі хореограф Ролан Петидің нұсқасы бойынша қойылмақ. Қойылымның хореографиясы мен сценографиясы «Астана Опера» сахнасына сол күйі ұсынылады.
Көрермен бұл жолы сахна төрінен көркем безендірілген декорацияны көре алады. Кең подиумдар, қоңырау, собордың сұлбасы, артқы фондағы Париждің суреті мен дар ағашы сынды декорациялар көптің көкейінде ұзақ уақыт сақталатын болады. Көркемдік-өндірістік кешеннің жетекшісі Виктор Караренің айтуынша, Рене Алльоның сценографиясына бір ғана өзгешелік енгізілген, ол – «Астана Опера» сахнасы Париж Операсының сахнасынан үлкен болғандықтан, сахна көлемінің кеңейтілгендігі. Оларды дайындамас бұрын сахналық жобалар мен қойылым жұмыстарын жүзеге асыру барысында бір айға жуық сызбалар жасалған.
Ал, хореографияға келер болсақ, Эсмеральданың рөлінде – Мәдина Баспаева және Әйгерім Бекетаева, Клод Фролло рөлін – Серік Нақыспеков пен Ғазиз Рысқұлов, Феб рөлін – Жандос Әубәкіров пен Арман Оразов сомдайды.
– «Париж Құдай Анасының соборы» – кез келген театрдың қоюға мүмкіндігі жете бермейтін балет. Нақтылық пен дәлдікті талап ететін хореография – әртістерге сынақ. Бұл олар үшін ауыр әрі өте пайдалы. Труппада Эсмеральда да, Квазимодо да бар. Кез келген әртістің репертуарында қызықты да драмалық рөлдің болуы үлкен сәттілік деп есептеймін, бәріне бірдей мұндай бақыт бұйыра бермейді, – дейді «Астана Опера» балетінің көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button