Таным

Англия күнделігі

«Астана ақшамынан» уақытша алыстап, ағылшын елінде жүргеніме бір жылдан асты. «Болашақ» бағдарламасы арқылы бүгінде Ұлыбританияның Шеффилд қаласында диджитал медиа саласы бойынша білімімді шыңдап жатырмын. Осыған дейін жат жерде көзбен көрген, көңілге түйген дүниелер біршама. Солардың ішіндегі бізге таңсық әрі үйренуге тұрарлық тұстарын оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдім.

 Деталь бәрін шешеді

Ағылшындардың детальға бөлек мән беретіні ұнайды. Бір күні Шеффилд қаласында медицина қызметкерлеріне арналған салтанатты кеш өтті. Ұйымдастырушылар дәліздегі диванға адамның қаңқасын отырғызып, залдағы әр үстелдің ортасына бассүйек пішініндегі ваза әкеліп қойыпты. Ал банкетке қатысушы қонақтардың куверттік карточкасына өздері жұмыс істейтін бөлімге қатысты сурет жапсырған. Мысалы, кардиологтардың есімі жазылған тұста – жүрек, невропатологтардікінде – ми, акушер-гинекологтардың алдындағы қағазда құрсақтағы егіз сәби бейнеленген. Былай қарасаң, уақ-түйек нәрсе сияқты. Бірақ көрер көзге кәдімгідей ерекше әсер етеді екен. «Details make all the difference», яғни, «Деталь бәрін шешеді» дейді ағылшындар өздерінің бұл қасиеті туралы.

Мақтау – ең күшті мотивация

Менімен бірге тұратын қазақ келіншектің қызы бірінші сыныпта оқиды. Бұған дейін қазақша балабақшаға барған, үйіндегілермен де тек қазақ тілінде сөйлесетін бүлдіршін айналасы төрт-бес айдың ішінде ағылшыншаға кәдімгідей төселіп қалды. Мүдірмей оқып-жазады, әндерді қатесіз айтады, тұрмыстық тілде еркін сөйлейді. Мектебінде шетелдік балалар әжептәуір көп. Бастапқыда бәрінің бірдей ағылшыншасы әйбат болмасы анық. Соған қарамастан, мұғалімдерінің айтуынша, бір жылдың ішінде әр бала ағылшынды өз ана тілі сияқты меңгеріп шығады екен. Осы тұста британиялық білім жүйесінің ерекше қырларын айта кету керек. Әр тапсырманы орындап болған соң, мұғалім міндетті түрде дәптердің астына «Жарайсың! Сен өте ақылдысың! Тамаша жұмыс!» деген тәрізді баланы шабыттандыратын пікір қалдырады. Сабақ үстінде оқушылар белгілі бір тақырыпты өзара талқылап болғаннан кейін бір-біріне «Сен керемет сөйледің! Маған сенің айтқандарың қатты ұнады!» деп мадақтау сөз айтуы тиіс. Өзіне сенімді, еркін, мәдениетті адамдар осындай тәрбиеден шығатын шығар.

«Миссис Изабельдің бөпесі болады»

Ағылшын мектептерінің тағы бір қызық тұсы, бала сабақта жүргенде абайсызда болмашы жарақат алып қалса да, ата-анасына «Сіздің ұлыңыз/қызыңыз осындай жағдайға тап болып қалды. Уайымдамаңыз, қазір жағдайы жақсы, сыныбына кірді» деген мазмұндағы sms-хабарлама келеді. Мектепте болатын жиналыс, ертеңгілік секілді шараларға шақыру кәдімгі хат түрінде пошта арқылы жолданады. Одан бөлек, мектеп әкімшілігі басқа да маңызды уақиғалар жайлы құлақтандырғысы келсе, сол ақпаратты арнайы құжат түрінде дайындап, әр оқушыға жекелей ұстатады. Бір күні жаңағы көрші қыз «Мама, миссис Изабельдің бөпесі болады» деп анасына бір жапырақ қағазды әкеліп көрсетті. Ондағы мәтіннің қысқаша мағынасы мынадай: Изабель есімді мұғалімнің аяғы ауыр, бұл оның тұңғыш сәбиі, мектеп ұжымы бұл сүйінші жаңалыққа қатты қуанышты, ол алты айдан соң, яғни, шілдеде декреттік демалысқа кетеді. Дәл біз үшін мұндай нәрсені оқушыларға дабырайтып жаңалық ретінде айту әбестік болып көрінетіні рас қой. Бірақ ағылшындар осылайша ана атанудың, тіпті, соған дайындықтың маңыздылығын балаға кішкентайынан түсіндіргісі келетін секілді. Сонымен қатар, жаңағыдай әдіспен оқушы мен мұғалім арасында ресми емес, адами құндылықтарға негізделген қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.

Әжелер де футбол көреді

Футбол – ағылшындар үшін киелі ойынның бірі. Қай қалада болса да, тұрғындар өздерінің жергілікті ойыншыларына қолдау көрсетуден еш шаршамайды. Манчестерде тұрғанымда «Олд Траффорд» пен «Этихад» стадиондарында ұйымдастырылатын матчтарға жиі баратынбыз. Ол күндері автобустар «Манчестер Юнайтед» немесе «Ситидің» шарфын ілген жанкүйерлерге лық толады. Жалпы, нағыз жанкүйерліктің қандай болатынын ағылшындардан үйрену керек сияқты: стадионда ешқандай орын бос тұрмайды, ойын барысында бір сәтке де дамылдамастан командалардың құрметіне бәрі хормен ән шырқайды, тамақтары қарлыққанша айғайлап, футболшыларға дем береді. Айтпақшы, жетпіс-сексендегі әжелердің футбол тамашалағанын да сол жерде бірінші рет көрдім. Мұншама мықты қолдаудан кейін ойыншылардың да қарқыны күшті болатыны түсінікті.

Операторлары адал

Англияда ұялы телефон тарифтерінің бағасы біздегіден біраз қымбат. Алғаш барған уақытымда айына 25 фунттық (11 мың теңгедей) тариф қостырдым. Қымбатсынсам да, әуелі байқап көрейін, реті келсе басқасына ауысармын деп ойлағанмын. Сөйтсем келесі айда мобильді оператордан  мынадай хат келді: «Біз сіздің бір айда қолданған трафигіңізге анализ жасадық. Ендігі уақытта сізге қазіргі тарифіңізден 5 фунтқа арзан басқа тариф түріне ауысуға кеңес береміз». Жақсы. Ауыстым. Екі-үш айдан соң тағы бір хабарлама келді: «Біз сіздің бір айда қолданған трафигіңізге анализ жасадық. Ендігі уақытта сізге қазіргі тарифіңізден 3 фунтқа арзан басқа тариф түріне ауысуға кеңес береміз». Клиенттерінің ақшасын үнемдегісі келіп тұратын мұншама адал мобильді операторлар тек Англияда ғана ма екен?!

 

Қайырымды қала тұрғындары

Ұлыбританияда қалыптасқан тағы бір жақсы үрдіс, мұнда қайырымдылық жасаймын деген кісілерге оңай әрі қолжетімді жолдар көп. Яғни, кез келген адам бұл іспен айналыса алады. Мысалы, көшеде биіктігі адам бойымен бірдей темір будкалар қойылған. Ортасында үлкендеу пакет сыятындай сырғымалы есігі бар. Тұрғындар өздерінің, балаларының ескірген немесе кішірейген киім-кешегін сонда салып кетеді. Әр будканың есігінде ол киімдердің қайда жіберілетіні туралы ақпарат көрсетілген. Мұнымен қоса, қайырымдылық дүкендері де кеңінен танымал. Онда аяқ киімнен бастап, ыдыс-аяқ, балалардың ойыншығы, тіпті, кітап-дискілерге дейін қабылдап алады да, жуып-тазалап, өте арзан бағамен сатылымға шығарады. Ал түскен табыстың бәрін қайырымдылыққа аударады. Супермаркеттерде де бір бұрышта үлкен қорап тұрады. Мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмектескіңіз келсе, мархабат!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ,
Шеффилд  қаласы, Ұлыбритания

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button