Қала тіршілігі

Үшінші жылу-электр орталығы

Астанада 3-жылу-электр орталығының құрылысы тым созылып кетті. Қалалық мәслихаттың Құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комис­сиясының отырысында депутат Еркеғали Есенжолов бұл нысанды дереу іске қосу қажеттігін айтты.

«Қалада құрылыс қарқыны қатты. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеруде. Келесі жылыту маусымында энергия­лық қуат жетпей қалуы ықтимал. Астанада биыл кемінде тұрғын үйдің 2 млн шаршы метрін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оған қосымша 200 гигокалория жылу энергиясы қажет» деді депутат.
Астана қаласының Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ербол Төлеуовтың айтуынша, 3-ЖЭО-ны 2019-2020 жылдың жылыту маусымында пайдалануға беру көзделуде. Биыл нысанның бірінші іске қосу кешені құрылысын аяқтауға 6 млрд теңге бөлінді. Оған суды жы­лытатын төрт қондырғы кі­реді. Бұл 440 гигокалорияны құрайды. Құрылысты аяқтау кестесі әзірленді. 3-ЖЭО-дан басталатын жаңа коллектордың құрылысына қажет жобалық-сметалық құжаттама да дайын.
Депутаттар 3-ЖЭО-ны пайдалануға беруге қатысты тағы бірнеше сұрақты қойды. Бұл мәселенің нақты шешімін табу үшін аталмыш басқарма басшылығының қатысуымен бөлек отырыс өткізуді ұйғарды.
Мәслихат депутаты Ирина Манжанова 85-көшенің тұр­ғындары өздері тұратын ау­данда жолдың салынуын бір­­­неше жыл сұрап жүргенін жеткізді. Сондай-ақ, Абай даң­ғылынан бастап, А.Пушкин көшесіне дейінгі аралықта А.Жұбанов көшесін қайта салуға назар аударды. Х.Досмұхамедұлы көшесіндегі «Социум» тұрғын үй кешені маңында аяқжол да, көлік жолы да жоқ­тығын, ең жақын аялдама 1100 метр қашықтықта жатқанын айтты. Автомобиль жолдары
басқармасының басшысы Асхат Қарағойшин аталған тұрғын үй кешенінің жағда­йымен барып танысатынын жеткізді.
Баяндамашының бірі – Табиғи ресурстар және таби­ғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Исаевтың сөзінше, биыл қалада 14 шағын бақ салынады. Олар ескі және апатты жағдайдағы сүрілген үйлердің орындарында орналасады. Оның бірі Астананың 20 жылдығына орай Маңғыс­тау облысының бас қалаға тартуы ретінде Жеңіс және Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында салынады. Бұған қоса, бұл жерде аталған облыстың тағы бір сыйы – Мәншүк Мәметованың ескерткіші бой көтереді.
Қалада биыл 34 шақырымды құрайтын велосипед жолдары да салынады. Оған 5 облыстың әкімдігі инвестиция құймақ. Баяндамашы депутаттарды Астананың жасыл белдеуін дамыту жоспарымен таныстырды. Депутаттардың тарапынан оған сұрақтар болмады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button