Жаңалықтар

АҚЫНДАРҒА ШАБЫТ БЕРДІҢ, АСТАНА!

ERM_2816

«Конгресс-холл» сарайында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың туған күніне арналған  «Бағаналы ордам – басты ордам» атты республикалық айтыс дүркіреп өтті.  Аламан сайыстың алдында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев  жиналған қауымды елордамыздың төл мерекесімен құттықтап, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі.

Бабадан қалған бағзы өнердің дамуына үлес қосып, айтыстың «атасы» атанған көрнекті ақын Жүрсін Ерман айтулы айтыс тақырыбын айшықтап, арайлы Астана туралы жүрекжарды лебізін білдіріп, ақындарға ақ батасын берді.

Елорда мерекесі аясында жыл сайын дәстүрге айналған шараға биыл шашасына шаң тимес жүйріктігімен танылған  он екі ақын қатысты. Олар Есілдің жағасына қоныс тепкен елорданың  келбеті мен жетістігін өлеңмен өрнектеп, көркем сөздің кестесін түзді. Тәуелсіздіктің де туын желбіретіп, жырға қосты.

ERM_2846

 Бүгінде айтыстағы орта буын өкілі атанып қалған талантты ақын Айбек Қалиевтің де шабысы бабында екен. Ал  Мейірбек Сұлтанхан,  Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназаров секілді жас перілердің қиыннан қиыстырып айтқан өрнекті сөздері жұртшылықтың делебесін қоздырды.  Сара Тоқтамысова да Сара апасының ізін жалғап, тамаша айтыстың өрнегін көрсетті.

Ақындардың өнерін бағалап, саралап отырған қазылар алқасы да кілең мықтылардан құралған.  Дарынды ақын Аманжол Әлтаев бастаған қазылар құрамында Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл, әйгілі жырау Алмас Алматов, айтыс туралы ғылыми еңбек жазып, докторлық диссертация қорғаған ғалым Қойлыбай Асанов, белгілі ақындар Дәулеткерей Кәпұлы мен Серікзат Дүйсенғазин секілді сөздің дәмі мен бәсін білетін азаматтар жиналған.

Сонымен бас қаланы жауһар жырға бөлеген айтыс кеш аяқталғандықтан, біз газетіміздің  алдағы санында оған тереңірек тоқталып, оның жүлдегерлері туралы кеңірек сөз қозғамақпыз.

                                                                                АЗАМАТ ЕСЕНЖОЛ   

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button