Қала мен Сала

Ардагерлер орталығы – жақсы орта

Мен көптен бері Астана қаласы Есіл аудандық ардагерлер үйіне барып, жақсы демалып, өзімді жақсы сезініп жүрген зейнеткерлердің бірімін. Достық, 13 мекенжайындағы Ардагерлер үйіне келіп кеткен сайын да бір жасап қаламын. Мұндағы қызметкерлердің барлығы есіктен кіргеннен жылы қарсы алып, қызмет көрсетіп жатады.

Мені қарсы алған қыз­дар әуелі дәрігердің кабинетіне тексеруге жібереді. Мұндағы Серік Орал деген өзіммен шамалас дәрігер қабылдап, жақсы демалуға тілек білдіреді. Йогаға қатысамын, тренажер залында жаттығамын. Тіпті, ешқашан ойнамаған тоғызқұмалақ ойынын да үйреніп жүрмін.

Бұл орталықта үнемі концерттік бағдарламалар, би кештері ұйымдастырылып тұрады. «Сағыныш сазы», «Бәйтерек», «Есіл толқындары» деп аталатын музыкалық ансамбльдердің концертін тамашалау мен сияқты зейнеткерлердің әрқайсының көңілінен шыққанына куә болдым. Қарттар күні мен Жаңа жыл мерекесіне орай ұйымдастырған іс-шаралары есімде ұзақ сақталатыны сөзсіз.

Жақында «Бақытты отбасы» кітабының авторы Қанат Естекпен кездесу өтті. Бұған Ләззат Дүйсебаева ханым хабарлап шақырған болатын. Осы кітаптың негізінде түсірілген «Бозторғай» фильмін түгел қарап шығып, кездесуге баруға асықтым. Күтсем, күткендей-ақ екен. Ләззат ханымға еріп, бір тамаша, жылы жүзді жігіт келіп залға кіргенде, жақсылықтың нышаны сезілгендей болды.

Авторға жиналғандар сұрақ қойып жатты. Барлығына байыппен жауап беріп отырды. Бұл жігіттің «отбасымда жеті балам бар» дегені тіпті одан сайын «Айналайын-ай, қандай азамат едің! Жеті баланы өмірге әкеліп, оған тәрбие беріп отырған қазақтың азаматтары болса, сендей-ақ болсыншы!» деп іштей қайталаумен болдым. Кітабын сатып алып, екі күн бас алмай оқып шықтым.

Нағыз қазақи тәрбие екен. Үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу осы кітаптағы әрбір кейіпкердің бойынан табылып жатты. Қазіргі жастар оқып, көңіліне тоқыса деген ойға қалып отырмын. Өзгенің баласына қамқор болмақ түгілі, өз балаларын жетімсіретіп жүргендер қаншама?

Сол кездесуде авторға алғыс хат табыс етілді. «Сағыныш сазы» ансамблінің жетекшісі «Адай» күйін орындап, көптің алғысына бөленді. Осы кездесуді ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет!

Күләш ШҮРЕНОВА,

ардагер ұстаз, ҚР білім беру ісінің үздігі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button