Жаңалықтар

Арман мен жеңіс биі

«Триумф балы» басталғанда тебіреніп кеттік. Ертегіге әлде романтикалық киноға еніп кеткендейміз. Ақ көйлек пен смокинг киіп, оқушылар алдымызда тұр. Өздері тым көп. Конгресс орталығын вальс тербеді…

Ән әуенімен билеп жүргендер – әлемді, Қазақстанды, ұстаздарын мойындатқандар. Ата-анасынан асып туғандар. Өздері тым қарапайым. Ал жүрістері сенімді. Олар ҚР Білім және ғылыми министрлігінің дипломдарын алды. Білім басқармасынан алғыс хат ұстады. Ұстаздары да марапатталды.
«Бүгін 6-шы рет «Триумф балын» өткізіп, ең дарынды, талантты 30 ас­таналық оқушыны марапаттадық. Әр жыл сайын осы балда өрендердің көбейіп келетіні қуантады. Оларға табыс тілеймін! Сіздер, біздің Астанамыздың бет-бейнесісіздер! Осындай жас буын бізді, елордамызды таныстырып жүргені мені қуанышқа бөлейді» деді Астана қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин.
Түлектердің көбі – Астанадағы «Нұр Орда», «Зерде» зияткерлік мектептерінің шәкірті. Араларында қарапайым мектеп-лицей оқушылары да бар. Жаратылыстану және гуманитарлық пәндер бойынша жалпы білім беретін мектеп оқушылары рес­публикалық жарыстарының 12 жүлдегері, халықаралық олимпиаданың 5 жеңімпазы, республикалық және
халықаралық ғылыми жобалар конкурсының 13 жеңімпазы марапатталды. Бразилия, Корея елдерінде ғылыми жаңалық ашқандар да жүр ішінде.
Ең қуантарлығы, «Астана дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Майра Құрманбаеваның сөзінше, 50-ден астам оқушы шетелдік бірнеше университеттен шақырту алған. Сөйте тұра, олардың көпшілігі Назарбаев университетін таңдаған.
Тағы да «Қазақ вальсі» шырқалып, 250 бала, 70 жұп дөңгелене вальс бастады. Вальс жалғаса берсе дедік. Өйткені қазақ жастарының арман мен жеңіс биі еді бұл!

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button