Таным

АРҚАНЫҢ АҚИЫҚ АЗАМАТЫ

фото Садыков Тлеген Садыкулы

«Ерім деп еміренетін ел болмаса, елім деп езілетін ер қайдан болсын»– деген халқымыздың бұл даналығының астарында қанша мағына жатқаныны баршамызға түсінікті. Бұл, ер-азаматтардың ерен еңбегін лайықты бағалай білу қажеттігі қоғам дамуының қай кезеңінде болмасын маңызды екенін көрсетеді. Өмірлік ұстанымдарын өскелең ұрпақты Отанының лайықты азаматы етіп тәрбиелеуге арнаған ардақты әке, ұлағатты ұстаз, білікті ғалым, абыройлы басшы, адал жар және басқа да ізгі қасиеттерді бүгінгі асқаралы жасқа келіп отырған Тілеген Садықұлы өзінің өн бойында тоғыстыра білген жаны жайсаң азамат. Ол ғалымға тән қарапайымдығымен, ізденімпаздығымен, басшыға тән әділеттілігімен, адамгершілігімен, ұстазға тән ізеттілігімен, білімпаздығымен өзінің тұлғалық келбетін қалыптастыра білді. Бүгінгі күні Отан тарихының ілгері дамуына аянбай қызмет етіп ортамызда жүрген сыйлы ағамыз.

Осы уақытқа дейінгі ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге, елі үшін адал қызмет ететін мамандар даярлауға, тарих ғылымын дамытуға, еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етуге арнаған Тілеген Садықұлының өмірдерегіне көз жүгіртсек, киелі Сарыарқаның төсіндегі Жезқазған өңірінде туып-өскен. Ол1977 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін тарихшы – қоғамтанушы мамандығы бойынша үздік дипломмен тәмамдап, алғашқы қызмет баспалдағын Жам­был гидромелиораторлық – құ­ры­лыс институты Қызылорда фи­лиалының қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысынан бастап, кейін Жезқазған педагогикалық институтының қоғамдық пәндер кафедрасының аға оқытушылығымен жалғастырды. Алдына үлкен мақсат қоя білген жас маман әр кездері Жезқазған педагогикалық институты филология факультетінің деканы, ғылыми істері жөніндегі проректоры, О. Байқоңыров атындағы Жез­қазған университетінің гумани­тар­лық мамандықтар бойынша ғылым және оқу істері жөніндегі проректоры қызметтерін абыроймен атқарды.

Ғылыми еңбектеріне келсек, ол 1980-1983 жылдары М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттің университетінің аспирантурасын ойдағыдай аяқтағаннан кейін, 1984 жылы аталмыш университетте диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты атанды. 1999 жылы академик М.Қ. Қозы­баевтың басшылығымен ҚР ҰҒА Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында тарих ғы­лымдары докторы атағын сәтті қорғады. Бүгінгі таңда Тілеген Са­дықұлы  ғылым докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Ғалымдық және ұйымдастыру­шылық қабілетінің арқасында Т.Садықов еліміздің жоғары білім ошағының ұлттық жүйесінің дамуына, ұлттық тарих ғылымының жандануына, оның жан-жақты шынайы зерделенуіне қомақты үлес қосып жүрген жанашырлардың бірі. Отандық білім беру жүйесінің мазмұны мен сапасын кешенді түр­де жетілдіруге, әлемдік бәсекеге қабілетті жоғары мектептің дамуына аянбай еңбек етіп келе жатқан бірегей тұлға.

ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы КСРО-ның саяси қуғын-сүргін саясаты және оның Қазақстандағы салдары тарихын зерттеу нысанына алып, ұлт тарихының ақтаңдақ тұстарын зерделеп жүрген белгілі ғалым салиқалы еңбектерді дүниеге келтірді.  «Сарыарқаның мыс алыбы», «Қазыналы өлке», «Халық тарих толқынында» ғылыми жинағы, «Зарубежная архивная Казахстаника», «20 лет Независимости Казахстана: в свете развития гражданского общества» атты еңбектерін ерекше атап өтуге болады.Ғалым 150-ге жуық ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер, іргелі мәселелерге арналған монографиялар, оқулықтар, оқу-құралдарын көпшілік назарына ұсынды. Оларды республикадағы тарих, қоғамдық-гуманитарлық ғылымдары саласына қосылған елеулі үлес деп бағалауға болады.

Тарих ғылымының докторы, профессор Т.Садықұлы ғылыми кадрлар даярлау жүйесін қалыптастыруға да мол еңбек сіңіріп келеді. Әсіресе, республика жоғары оқу орындары жанындағы ғылымды өркендетуге, олардағы диссертациялық кеңестер жүйесін дамытуға айрықша назар аударды. Тарих ғылымы саласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Мемлекет тарихы институтының біріккен диссер¬тациялық кеңесін құру ісіне белсене араласып, төраға орынбасары ретінде нәтижелі жұмыстар атқарды. Кейін өзі қызмет етіп жүрген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан құрылған қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар бағыты бойынша PhD докторанттарды қорғату мақсатындағы диссертациялық кеңестің төрағасы ретінде қомақты істер жасады.Ғалымның ғылыми жетекшілігімен кандидаттық және бүгінгі талаптарға сай PhD докторанттар мен магистранттар тарих ғылымының түрлі тақырыптарында диссертация қорғап, белсенді де жемісті еңбек етуде.

Тілеген Садықұлы Отан тари­хы­ның ғылыми негіздерін терең зерделеуді мақсат еткен іргелі зерт­теу бағдарламаларына қаты­сып, жаңа ұлттық көзқарас пен өркениеттік әдіснамалық негіздегі жаңалықтардың дүниеге келуіне мұрындық болды. Аталмыш бағ­дарламалар аясында ұлт тарихына қатысты жаңа зерттеулердің тұ­жырымдамалық және тұғырнамалық негіздері жасалды.

Халқымыздың тамыры тереңде жатқан тарихи қазынасын зерттеу мен жинау бағытындағы мем­лекеттік “Мәдени мұра”, «Ғы­лы­ми қазына», «Халық тарих тол­қынында», «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы бағдарламалары бойынша атқарылып жатқан жан-жақты ізденіс жұмыстары мен ғылыми зерттеулер Тілеген Садықұлының назарынан тыс қалмады. Мәселен, «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында жарық көріп жатқан сериялық ғылыми жинақтың құрастырылуы бойынша жауапкершілікті өз мойнына алып, оқырмандарға ұсынылуын қадағалап отырды. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігі аясында «Ұлттық идея Қазақстан Республикасының дамуының негізі» атты бағдарламаны дайындауға, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жанынан «Қазақстанның білім беру жүйесінің тарихы» музейін құру ісіне белсене араласты.

Тілеген ағамыздың Астана қа­ла­сына келгеніне де бірталай бол­ғандығын бүгінгі тындырылған істері арқылы бағалауға бола­ды. Ғалымның елордадағы білім саласындағы, ғы­лыми-шығарма­шылық, қызметтік әлеуеті Л.Н. Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетімен етене байланысты. Өйткені тарихшы ғалым осы жердегі қызметін аталмыш жоғарғы оқу орнының дамуы мен өркендеуіне арнады. 1999 жыддан бері қарай Тілеген Садықұлы университет қабырғасында проректор, декан, кафедра меңгерушісі сияқты белді қызметтерді атқарды. Қызметтің қай түріне болмасын үлкен жауапкершілікпен қарап, абыроймен атқаруды негізгі ұстанымы еткен ағамыздың еңбегі әкімшілік тарапынан да, ұжымы және шәкірттері тарапынан да оң бағаланып келеді.

Тілеген Садықұлының атқарған сүбелі істерінің бірі тарих факуль­тетінің ашылуына қосқан үлесі. Бұл оқиға университетіміздің тарихшылар қауымын бір серпілтіп тастады. Оған арқау болған «Ха­лық тарих толқынында» бағдар­ла­масының қабылдануы еді. Бағ­дарламаны әзірлеудің, сондай-ақ ұлттық тарихты тұтастай зерделеу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұ­мыстарын ұйымдастырудың базалық ұстанымдары 2013 жылғы 5 маусымда Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен Ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында талқыланған болатын. Содан бері ұлттық тарихты заманауи уақыт талаптарына сай зерделеу бағытында талай істер тындырылды. Ол тарихшылардың ұлттық Конгресі қарсаңында «Халық тарих толқынында» атты сериялық ғылыми мақалалар жинағының шығуына да мұрындық болып, жауапты редакторлықты өз мойнына алды. Нәтижесінде бүгінгі таңда аталмыш жинақтың бес томы әзірленді.

Тілеген Садықұлы университет қабырғасындағы қызметімен қатар басқа да қоғамдық жұмыстарды атқаруға да белсене араласты. Мә­се­лен, Диссертациялық Кеңес төр­ағасының орынбасары, ҚР БжҒМ Білім саласын бақылау және аттестациялау комитетінің тарих ғылымы бойынша сараптау комиссиясы төрағасының орынбасары, ҚР «Археография және деректану» ұлттық орталығының ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік ғылымдар және Тарих факультеттерінің ғы­лыми кеңесінің мүшесі ретінде бірқатар жұмыстарға етене араласты.

Тілеген Садықұлының мұндай тындырымды істері елеусіз қалған жоқ. Әр жылдары «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР ғылымын дамы­туға сіңірген еңбегі үшін»,«ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері» Белгілерімен,«Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалі­мен«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің төс белгісімен» марапатталды. Сонымен қатар, Мемлекеттік ғылыми стипендияның және «ЖОО үздік оқытушысы» грантының иегері атанды.

Алпыстың асқарына шыққан ғалымның тындырымды еңбегі қыз­меттес әріптестері мен шәкірттеріне әрдайым үлгі.

Ақмарал Ибраева,

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Мемлекеттік универсиеті тарих және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button