Басты ақпарат

Әшімбаевтың парасат әлемі

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері, әдеби сыншы, тележурналист Сағат Әшімбаевтың туғанына 75 жыл толуына арналған «Парасат әлемі: тұлға және мәдениет» тақырыбымен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Офлайн және онлайн форматында ұйымдас­тырылған алқалы жиынға Парламент депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғалымдар, ақындар мен жазушылар, мәдениет саласының мамандары қатысты.

[smartslider3 slider=2993]

ЖАСТАРДЫҢ РУХАНИ ЖЕТЕКШІСІ

Конференцияны аталмыш университеттің басқарма төрағасы-ректоры, академик Ерлан Сыдықов ашып, жүргізіп отырды. Ақын, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрлан Оразалин Сағат Әшімбаевтың қаламгерлік, азаматтық қасиеттеріне тоқталды.

– Сағат Әшімбаев ғаламдық ой деңгейінде жазды. Чехов та, Достоевский де, басқа да әлемдік үлкен тұлғалар жайлы жазып, солардың бәрін қазаққа шендестірді. Тілді де терең білетін. Ісі де ірі болғанын Желтоқсан оқиғасы кезінде көрдік. Ойды қанат қылған, сөзді ақбоз қылып мінген және ісімен үлкен қоғамдық, мемлекеттік, тұлғалық, қайраткерлік биікке көтерілді. Осы үш қасиетімен қазақтың жүрегіне Сағат Әшімбаев дейтін тұлға мәңгілікке орын тепті, – деді Нұрлан Оразалин.

Парламент Сенатының депутаты, академик Бақытжан Жұмағұлов Сағат Әшімбаев жастардың рухани жетекшісі болғанын айта келе, өткен ғасырдың ақыл-ой, рухани дүниесінде үлкен із қалдырғанын атап өтті.

– Журналистикада жүріп, қазақ әдеби сынының қалыптасуына ерекше үлес қосты. Сәкеңді заман, қоғам, уақыт ерте есейтті. Ол өзі өмір сүрген кезеңнің күнгейін де, көлеңкесін де көре білді. Ұлт философиясы мен Еуропа философиясын ұштастыра қарастырды. Сөйтіп ұстазы Зейнолла Қабдолов «Әдебиет – ардың ісі» деген ұғымды өзіне жансерік етіп алды. Өзіне де, әдеби сынға да жоғары талап қойды. Ең ауыр, ең жауапты, әрі достан гөрі қарсыластары көп болатын әдеби сын жанрын таңдап алды. Қазақтың іргелі әдебиет сыншылары, академиктер Мұхамеджан Қаратаев пен Серік Қирабаевтың ізін басып, солардың санатына ерте қосылды. Жарқ етіп көрінген жас әдебиет сыншысын академиктер жақсы қабылдады, – деген Бақытжан ­Жұмағұлов Сағат ­Әшімбаев 1974 жылы, бар болғаны 27 жаста «Сын мұраты» кітабы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алғанын атап өтті.

Желтоқсан көтерілісі Сағат Әшімбаевтың жандүниесін шарпып өтіп, жүрегіне жазылмас дерт болып тигенін айтқан академик «Парыз бен қарыз» бағдарламасы арқылы сол кездегі қазақ жастарының рухын көтергенін, оның өмір жолы жастарға үлгі екенін айтты.

ТӘУЕЛСІЗДІК ТЕЛЕВИЗИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ

«Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Танысбай Сағат Әшімбаев телевизияның қалыптасуына үлкен үлес қосқанын, сондықтан күні кеше ғана Сағат Әшімбаев және Камал Смайыловтің мерейтойларына орай жас журналистер және студенттер арасында «Жалын» атты телевизиялық байқау ұйымдастырғандарын жеткізді.

– Біз қазақтың тәуелсіздік телевизиясының негізін қалаушылардың бірі Сағат ағамыз деп білеміз. Оның есімі қазақ телевизиясымен тікелей астасып жатыр. Сағат Әшімбаевтың еңбегі, көтерген тақырыптары тұтас бір кезеңдерге арқау болып келе жатқандығымен өте құнды. Ағамыздың тікелей жетекшілігімен ашылған, өн бойына ұлттың болмыс-бітімін, халықтың бары мен жоғын сыйғызған «Асыл мұра», «Көкпар», «Қымызхана», «Алтыбақан», «Айтыс», «Терме», «Тамаша», өзі жүргізген «Парыз бен қарыз», «Қауышу», «Жүректен қозғайық» хабарларын көрермен әлі күнге дейін сағынышпен еске алады. Желтоқсан оқиғасын таспаға басып, тасада сақтаған ерлігі де тарихта қалды. Тәуелсіз Қазақстан телевизиясының негізінің осы жобалардан бастау алып, ұлттық телеэфир қазіргі деңгейге жетті, – деген Ләззат Танысбай Сағат Әшімбаев 1986 жылы Телевизия және радиохабар тарату жөніндегі мемлекеттік комитетке орынбасар, кейіннен төраға болып тағайындалғанда жаңа ұлттық леп әкелгенін атап өтті. Ірі жобалардың басында жүрген Сағат Әшімбаевтың саналы ғұмырын, телевизиядағы қайталанбас қолтаңбасын, ұлтқа деген шынайы жанашырлығын, эфирдің көпшілікті тәрбиелеу міндетін жете пайдалану қайраткерлігін үлгі тұтатындарын жеткізді. Оның тұлғасы туралы 1997 жылы «Азаматтық формуласы» деректі фильмі түсірілгенін айтты. Сағат Әшімбаев телевизия, әдебиет, мәдениет, руханият сынды төрт тағанды тең ұстағанын атап өтті. «Қазақстан» РТРК» АҚ-тың «Алтын қор» медиапорталынан Сағат Әшімбаевтың хабарларын да көруге болатынын хабарлады.

Конференцияда мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор ­Қуаныш ­Сұлтанов және жазушы-публицист, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл Сағат Әшімбаевтың тұлғасына тоқталды. Телевидение қорында сақталған Сағат Әшімбаев бағдарламаларынан үзінділер, әдебиет сыншысы жайында Әбіш Кекілбайұлының пікірі көрсетілді.

ТҰРПАТЫ БӨЛЕК, ТАЛҒАМЫ БИІК СЫНШЫ

Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Омаров «Сағат Әшімбаевтың шығармашылық шеберлік туралы ой-тұжырымдары» тақырыбында сөз қозғады.

– Бүгін бәріміз рухын аялап отырған қарымды қаламгер, тұрпаты бөлек, талғамы биік сыншы Сағат Әшімбаев жазу өнеріне аса жоғары талап қойғаны баршаға мәлім. Сол себепті ол өнердің өріне шыққан шығармашылық тұлғаларды барынша қадірледі. Бәрінен бұрын ұлы Абайды ардақ тұтты, не нәрсеге де Абайдың өрелі өлшемі арқылы зер салып, өзі де қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт деген қағиданы берік ұстанды, – деді Бауыржан Омаров.

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инс­титутының директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов «Қаламгер Сағат Әшімбаев және тәуелсіздік қарсаңындағы әдеби үдеріс» тақырыбында баяндама жасады. Қырғызстаннан конференцияға қатысқан Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик Абдылдажан Ахматалиев Сағат Әшімбаевпен 1979 жылы танысқанын айта келе, ол қырғыз және қазақтың рухани байланысына дәнекер тұлға болғанын атап өтті.

ЖАҢАРТУШЫ, РЕНЕсСАНСТЫҚ ТҰЛҒА

Ұлттық ғылым академиясының академигі, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанұлы «Сағат Әшімбаевтың өмір сүру концепциясы» тақырыбында толғанды.

– Сағат Әшімбаевтың рухани әлемін тану үшін оның әдеби сындарын оқу аздық етеді. Күнделіктеріне үңілсең, бұрынғыдан да тани түсесің. Ой биіктігі мен білім тереңдігі бірден баурап алады. Қырық екі дәптер күнделік рухты ойлардың мәйегіндей көрінеді. Күнделіктерін оқығанда дерек пен дәйек табасың, әдебиеттің парызы мен қарызы туралы пікірің қалыптасады. Сағат Әшімбаев қазағымен, қазақ әдебиетімен, қазақ тілімен, қазақ тарихымен бірге жасайтын жаңартушы, ренессанстық тұлға, – деп сөз бастаған ол сыншының дәптерлеріндегі ойларына тоқталды.

Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбек «Әдеби сынның ақтаңгері» тақырыбында әңгіме өрбітті.

– 1991 жылы біз Сағат ағамыздан қапияда айырылып қалдық. Сол жылы жылап жүріп, Сағат аға үкілеп қатарға қосқан «Парыз бен қарыздың» соңғы санын ағаның өзіне арнап жасау маған бұйыр­ды. Сонда Сағат аға тар кабинеттен үлкен аренаға, үлкен телеаудиторияға алып шығып, халыққа ойларын айтқызған небір сараман халқымыздың айтулы перзенттері толымды ойларын айтып, биік бағасын беріп еді. Сондағы бәріміздің келген ортақ түйініміз – «Парыз бен қарыз» қазақ теле­өнеріндегі жаңалық, Сағат Әшімбаевтан қалған үлкен мұра. Бүгін де мен сол пікірдемін, – деді ғалым.

ЖАЙТАРТҚЫШ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРҒАН

Парламент Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Абдрахманов Сағат Әшімбаевпен 1970 жылдың жазында өзінің университетке түсетін жылы танысқанын айта келе, Әшімбаев өмірінде сәулелі із қалдырғанын жеткізді. Жас Сауытбек кезекті мақаласын «Лениншіл жас» газетіне апарғанда ол оған қолдау көрсетіп, қамқорлық танытты. Екеуінің аралас-құраластығы сол кезден басталған. ­Сауытбек Абдрахмановты кинорецензия жазуға Сағат Әшімбаев бағыттап жіберген екен.

– Сағат Әшімбаев – біздің халқымыз үшін өзіндік бір жайтартқыш қызметін атқарған ерекше тұлға. Сексен алтыншы жылғы жағдай, сол жерде басын бәйгеге тігіп, арнаулы тапсырма беруін, таспаға түсіртуін, алаңды кесіп өтіп, Орталық комитетке барып, «мынау не сұмдық?! Тоқтатсаңыздаршы!» деп айтуын, сөйтіп жүріп, әңгімеге ілігуін шағын естелікте жазғанбыз. 1991 жылы тамыз бүлігі болып, мемлекеттік төңкеріс жасала жаздап, қайта құрудың идеялары табанға тапталып, демократия адамдары кері шегініп жатқан күндерінде тағы да санаға салмақ түсті, тағы да жанға жара түсті, тағы да азаматтық позициялар сынға түсті. Сондай кезде Мемлекеттік телерадиокомитеттің төрағасы Сағат Әшімбаев­тың жанын жаралаған, жүрегін қаралаған жандар табылды. Нәзік жаны шыдамай, дәл сол күндері өмірден өтті. Бұл – айтылуға тиісті жағдай. Біз бұдан асылдарды ардақтау, таланттарды қадірлеу жөніндегі сабақ алуға тиіспіз, – деді Сауытбек Абдрахманов.

ӘДЕБИ СЫН МЕКТЕБІНІҢ СОҢҒЫ ӨКІЛІ

Түркиядан аудармашы, профессор Ашур Өздемир бейнеқұттықтау жолдады. Онда Сағат Әшімбаевтың отызға жуық сын аудармасын түрік тіліне аударғанын айтқан ол бұл аудармалар 2019 жылы кітап болып Анкарада жарық көргенін жеткізді.

– Сағат Әшімбаев кәсіби әдеби сын мектебі соңғы өкілдерінің бірі ретінде белгілі. Тіпті, оны жеке сын мектебін қалыптастырған тұлға ретінде қарастыруға болады. Бұған негіз бар, бұл жайдан жай айтылған әңгіме емес. Біріншіден, Сағат Әшімбаев қазақ тілін, қазақтың дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, мәдениетін өте жақсы және терең білген. Екіншіден, туысқан өзбек, қарақалпақ, қырғыз, татар, башқұрт, түрікмен халықтарының әдебиетін, мәдениетін жақсы білетін. Әрине, кеңес дәуірінің адамы болғаннан соң кеңес халықтарының әдебиеті мен мәдениетін де жақсы білген. Үшіншіден, әдебиет ғылымын жақсы меңгерген. Әдебиет теориясын да, тарихын да, жалпы әдебиетті жақсы білген. Бұл жерде қазақ әдебиетін ғана емес, әлем әдебиетін де айтып отырмын. Төртіншіден, Еуропа, Латын Америка, Шығыс, Батыс әдебиетінің бәрінен хабардар болды. Бесіншіден, әдебиеттану ғылымынан басқа тіл білімін, дінтану ғылымын, психология, қоғамтану, антропология, этнология, этнография ғылымдардан да хабары болды. Алтыншыдан, дүние жүзіндегі әдеби ағымдарды жақсы білді. Жетіншіден, әлем философиясын жақсы меңгерген. Мұны аудару үстінде байқадым. Сондықтан Сағат Әшімбаевтың шығармалары басқа тілдерге де аударылуы керек деп есептеймін, – деді Ашур Өздемир.

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ БӘРІНЕН БИІК ҚОЙДЫ

Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев естеліктер мен пікірлерді айтқан, баяндама жасаған барша адамдарға әулет атынан рақметін айтты.

– Әкеміз Сағат Әшімбаев шын мәнінде бүкіл ғұмырын ұлтқа қызмет етуге арнады. Өзі не жазса да, не айтса да қазақтың әдебиетін, мәдениетін, руханиятын дамытуды көздеді. Ұлттық сананы қалыптастыру үшін ұлттық руханиятымызды дамыту үшін бар күш-жігерін жұмсады. Кеңестік кезеңнің өзінде егемендіктің рухани тұғырын қалыптастыру үшін жұмыс істеді. Ұлтымыз өз тілінен, тарихынан, болмысынан ажырап қалмауына баса мән берді. Әкеміз ұлттық құндылықтарды дәріптеу үшін қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланды. Қандай қызметте болса да, ұлттық мүддені бәрінен биік қойды. Қазақ телевизиясын дамыту үшін де біраз еңбек жасады. Сексен алтыншы жылдың желтоқсанында шырылдап жүріп, алаңға шыққан жастарды қорғау­ға тырысты. Сол үшін коммунистік биліктен біраз қудаланғанын да білесіздер. Орталық комитеттің бюросына шығарып, ісін қараған. Бұл дүниеде небәрі 44 жыл өмір сүрсе де, ғұмыры толыққанды, мазмұнды, өнегелі болды. Азамат ретінде, қаламгер ретінде, қайраткер ретінде өмірлік миссиясын толықтай орындап кетті, – деген Мәулен Әшімбаев Сенатта ұлттық бағытта қолға алынған шараларға, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеу­дің маңызы­на тоқталды.

Конференция барысында Сағат Әшімбаевтың мұрасына арналған көрме, «Сыншы мұраты» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл кітапты журналист-баспагер Дүйсен Мағлұмов пен белгілі публицист Жанболат Аупбаев құрастырды. Дүйсен Мүсірәліұлы осы еңбекті құрастыру тарихына, оған енген материалдарға тоқталды.

Кешке дейін жалғасқан жиын бірнеше секцияға бөлінді. Онда «Қазақстан мәдениетіндегі қайраткерлік және Сағат Әшімбаев тұлғасы», «Отандық тележурналистикадағы Сағат Әшімбаев жолы және қазіргі ізденістер», «Сыншы Сағат Әшімбаев мұрасы және әдеби сынның жаңа тұжырымдары» тақырыптарында әңгіме өрбіді. Конференция соңында қарар қабылданды. Оның мәтінін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма мүшесі-проректоры, Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабекұлы оқып берді.

Сағат ­Әшімбаевтың рухани әлемін тану үшін оның әдеби сындарын оқу аздық етеді. Күнделіктеріне үңілсең, бұрынғыдан да тани түсесің. Ой биіктігі мен білім тереңдігі бірден баурап алады. Қырық екі дәптер күнделік рухты ойлардың мәйе­гіндей көрінеді. ­Күнделіктерін оқығанда дерек пен дәйек табасың, әдебиеттің парызы мен қарызы туралы пікірің қалыптасады

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button