SportБасты ақпарат

«Астана» – Еуролигада

Өткен жексенбі күні еліміздің биылғы футбол маусымы мәресіне жетті. Соңғы ойынды «Астана Арена» стадионында тамашаладық. Дәстүр бойынша Қазақстан кубогының жеңімпазы анықталды. Жасыл алаңда «Астана» мен «Ертіс» күш сынасты.

Бұл ойын, шыны керек, «Астана» үшін өте маңызды болатыны ал­дын ала белгілітін. Өйт­кені, ұлттық бі­рін­шілікте жүл­десіз қалған ел­­ор­далық команда алдағы жы­лы УЕФА-ның Еуропа ли­гасы  тур­ни­ріне қа­тысуы  тек Қа­зақ­стан ку­бо­гын же­ңіп алған жағ­дай­да ғана мүм­­кін бо­лар еді. Ал биыл­ғы чем­пионатта күміс жүл­де­гер атанған «Ер­тіс» үшін еуро­палық турнирдің мәсе­лесі шешіліп қойды дегенмен, павло­дар­лық ко­ман­даның ел кубогын ұстама­ғалы он жылдай болып қалған екен. Сондықтан да Талғат Байсу­фи­новтың шәкірттері үшін де кубок­ты же­ңіп алу күн тәртібінде тұр­ға­ны сөзсіз еді.

Осылайша, екі жақтың да жеңіске деген жігері қатар түс­кен тартысты ойын шынымен де қызықты өтті. Елордалық коман­да­ның әрі Қазақстан ұлттық құрама­сы­ның бас бапкері Мирослав Беранек өз футбол­шы­ларын дәл осы матчқа әбден әзірлегені бір­ден бай­қал­ды. Олай дейтініміз, ойын­ның бесінші минутында алаң иеле­рі есеп ашып үлгерді. Легионер Фокси Кетеова­мо­ның «Ертіс» қақпа­сына қарай бағыш­таған айыпдобын команда капитаны Қайрат Нұрдәу­летов бас­пен ұрып, Котляр қорғаған қақ­па­ға тулатып түсірді. Одан әрі де аста­на­лық­тар ойын қарқы­нын бә­сең­дет­кен жоқ. «Ертіс» те қарап қал­мады. Бірнеше рет Эрич қақ­па­сына қауіп төндіре білді. Алайда, аста­на­лық­тар­дың же­ңіске деген құш­тар­лы­ғында шек бол­­мағандай. Соның нә­ти­же­сінде ойын­ның 85-ші минутында Таңат Нөсербаев тағы бір тамаша гол соқты. Есеп 2:0! Бұл жолы да ка­ме­­рун­дық Кетео­ва­мо әдемі пас шы­ғарып бер­ге­нін ай­ту­ға тиіспіз. Ал пав­лодар­лықтар қанша тырыс­­қаны­мен есепті өзгертуге ша­­ма­­­лары жетпеді. Сөйтіп, «Астана» Қа­зақ­­стан кубо­гының иегері атанды.
Қазақстан кубогы елордалық ко­ман­да үшін жаңа тарихи кезең ашты. Алдағы жылы «Астана» Еуропа лигасында өнер көрсететін болады.

Астана­лық­тармен қатар 2013 жы­­лы Еуропа лигасы  турнирінде биыл премьер-лига чемпионатында кү­­міс жүлдегер атанған «Ертіс» пен қо­ла медаль иегері «Ақтөбе» сынға тү­сетін болады. Ал қатарынан екінші рет ел чемпионы атанған Қараған­ды­­­­ның «Шахтер» командасы тағы бір мәрте УЕФА-ның Чемпион­дар лигасында өнер көрсетеді. Мұндай мәртебелі жарысқа бірінші рет қаты­сатын астаналық командаға сәт­ті­лік тілейміз.

Биылғы чем­пио­­наттың қоры­тын­дысында премьер-лигадан «Оқ­жет­пес» жә­не «Сұң­­қар» шы­ғып қал­са, бі­­рін­­ші лига­да топ жар­ған Ал­ма­ты об­лы­­сының «Іле-Сәу­лет» және Өс­ке­­мен­нің «Восток» ко­ман­­да­лары күш­ті­­лер­дің қата­рына қосылады.

2014 жылы өтетін әлем чемпио­натының ірік­­теу тур­­ниріне қатысып жатқан Қазақ­стан құрамасының Германия құрамасымен өткізетін кезекті ойы­ны алдағы жылдың 22 наурыз күні бұрын хабарланғандай Алматы қаласында емес, елорда­мыздағы «Ас­та­на Арена» стадионында өте­тін болады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button