ҚоғамМәдениет

Астанада Kazakhstan Kids Fashion Show-2016 атты балалар сән көрсетілімі өтті

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында «Kazakhstan Kids Fashion Show-2016» атты балалар сән көрсетілімі отандық дизайнерлердің туындыларын паш етті. 

kazakhstan-kids-fashion-show2016

«Kazakhstan Kids Fashion Show-2016» жобасы осымен төртінші мәрте Махаббат Есен мен Жұлдыз Сейсенбекованың ұйымдастыруымен өтті. 4-16 жас аралығындағы қатысушылар балаларға арнаулы тігілген топтамалармен сән шеруіне шықты. Көрсетілім шымылдығын «Асыл-дизайн» сән үйінің жетекшісі Айдархан Қалиевтің коллекция­сы ашты. Сән әлемінде 25 жыл бойы еңбек етіп келе жатқан дизайнердің киімдері қазақылыққа тұнып тұр. Көрсетілімнің өзі де қазақы нақышта, халық және эстрада әндерінің сүйемелдеуімен өтті.

kazakhstan-kids-fashion-show-3

Екінші болып дизайнер Әнел Райым өзінің «KaroMeli» атты сән топтамасын таныстырды. Сахнаға жобаның ең кішкентай қаты­сушылары үлпілдеген көй­лектерімен шы­ғып, көрермен көзайымы атанды.

kazakhstan-kids-fashion-show

«Glasman» сән үйі ер балаларға арналған кос­тюмдермен көзге түсті. Ал «ILATI» қыздардың нәзіктігін айқындай түсетін шілтер матасын ұтымды пайдаланды. Одан бөлек, Майя Жұманбекова, Динара Чакарова сынды отандық дизайнерлер мен Samidel, Vesta, LOGOVO сән үйлері жобаға қатысып, сәнқойлардың көңілінен шықты. Осы ретте біз «I Am Different» топтамасымен төбе көрсеткен Зарина Ақшолақованы әңгі­меге тарттық.
– Балалар топтамасын ал­ғаш рет ұсынып отырмын. Маған жасөспірімдермен жұмыс істеу бұйырды. Киім­дер де өтпелі кезеңдегі жет­кін­шектерге лайықты етіп тігілді. Көбінесе ақ, қара және жалбыз түсті жасылға басымдылық берілді. Бір-біріне үй­леспейтін материал­дарды тоғыстырып, тұтас туынды жасап шығаруға тырыс­тым. Мақсат – өсіп келе жатқан ұрпақтың ерекше екенін көр­сетіп, даралығын таныту, – дейді Зарина.
Әйел адамы сәнге жақын келетіні белгілі, дегенмен көрсетілімде балаларына қолдау көрсетуге келген әкелерді де кездестірдік. Соның бірі – 11 жасар Елжанның әкесі Ерлан жоба туралы мынадай пікір білдірді. «Бастапқыда қарсы болдым, кейін балам өзі қатысуға ниетті екенін біліп, бетін қақпадым. Сахнада жүріп, бой түзеп, ашыла бастады. Баладан сән­қой жасау­ды көздемейміз, ұяң­дығынан арылып, сенімділігі артса деймін» деді ол.

kazakhstan-kids-fashion-show-2016
Бес баланың анасы Айжан Садықова да бұл ойды жалғастырды. «Балалардың тәрбиесі тікелей менің мойнымда. Былтыр сән көрсетіліміне төрт балам қатысса, биыл Аружан, Ханзада, Айбарыс есімді балаларым өздерін модель ретінде байқап көруде. Ең үлкені – 13, ал кішісі – 4 жаста. Үлкен қызым Аружанның жүріс-тұрысында, сөйлеу мәнерінде өзгеріс бай­қа­дым, талғамы тү­зеліп, қа­лыптасып қалды. Былтыр екінші қызыммен жоба атынан Миланға барып, балалар сән топтамасын таныстырдық. Осы жылы қазақтың ұлттық киім үлгілерін таныстыруға Сан-Мариноға жолдама алдық» деп сөзін аяқтады ол. Балалардың өнерін тамашалауға көп балалы ана жұбайымен бірге келген екен. Көрсетілім отбасы құндылықтарын насихаттайтыны осыдан-ақ белгілі.
Кеш соңында жобаның продюсері Махаббат Есенмен тілдесуге мүмкіндік алдық.
– Жүктелген жауап­кер­ші­лікті абыроймен алып шық­тық деуге болады, үмітіміз ақталды. Бүгін – біз үшін, балалар мен олардың әке-шешелері үшін үл­кен мереке. Ас­та­наның аязы шоу­ды тамашалауға келген көрерменге тос­қауыл болмады. Бір-бірімізге жақсы көңіл-күй сыйладық деп үміттенемін, – деді ол.
Айта кетерлігі, осы жылы «Kazakhstan Kids Fashion Show-2016» Орталық Азиядағы ең үздік балаларға арналған шоу мәр­тебесіне ие болды.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button