Мәдениет

АСТАНАДАҒЫ МУЗЕЙ ТҮНІ

11312901_830522936995918_6896227329651539551_o

Астанадағы Ұлттық мұражайда алғаш рет «Музейдегі түн» акциясы өтті. Кешкі жетіде басталып, алты сағатқа созылған мерекелік шараға 23 мың адам қатысты.

Аталмыш шараның ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, еліміздегі музей ісі ерекше қарқынға ие болып, бұл бағытта тыңға түрен салған ілкімді ізденістерге қадам жасалып жатыр. Сондай-ақ, ол ұйымдастырылып отырған музей түні Орталық Азиядағы аса ірі шара екенін атап өтті.
Ал, Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай: «Музейдегі түн» – әлеуметтік маңызы бар акция. Ол халықты өткенін саралауға, бүгінін бағалауға ғана шақырмайды, бірлігін бекемдеуге, құндылығын қастерлеуге, сол арқылы бір мақсат, бір мүдде, бір ел аясына топтасуға үндейді» дей келе, экспонаттарды бүтiн қалпында бүлдiрмей сақтауға және келушiлердiң жәдiгерлердi еркiн тамашалауына барлық жағдай жасалғанын айтты.
Ең алдымен алғашқы адам, сақ патшайымы, қазақ батырлары, сәукелелi қалыңдық сынды арнайы костюм киген кейiпкерлер қызыл кiлем үстiмен жүрiп өтті. Жиналған жұрт, сонымен бірге, Ұлттық музейдің аспанында алып қыран құстың қалықтағанына куә болып, Қазақстан картасы үлгісіндегі үлкен медиа-экраннан еліміздің жазиралы жазығы мен сайын даласына виртуалды саяхат жасады. Акция аясында музейге келушілер «Қазақ батырлары» атты арнайы театрландырылған экскурсияға, әртүрлі тақырыптық көрмелерге куә болып, тарих пен мәдениетке қатысты викториналық ойындарға қатысты. Сонымен қатар, сала мамандарының дәрістерін тыңдап, жауһар жәдігерлер мен тарихи артефактілер жайындағы бейнероликтер мен деректі фильмдерді тамашалады.
Акция аясында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына айрықша назар аударылып, биылғы жылдың атаулы даталары интерактивті жобалар арқылы насихатталды.
2014 жылғы 2 шілдеде Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде ашылған Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Музейдегі түн» халықаралық акциясы биыл тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button