Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Алматы облысы

Жетісу өңірінде бұрын жарамсыз болып келген 127 мың гектар алқап іске қосылды. Оның 72 мың гектары – Талдықорған, 55 мың гектары Алматының үлесіне тиеді.

Ақмола облысы

Облыстың елордамен іргелес жат­қан аудандарында жылыжай кешендері көптеп салынуда. Бір ғана Аршалы ауданында 10-ға жуық бақша шаруашылығы бар. Биыл осы ауданда тағы 2 жылыжай іске қосылады. Мұндай нысандар Астананың азық-түлік белдеуін қалыптастырып, бас қала тұрғындарын сапалы өнімдермен қамтамасыз етуде.

Маңғыстау облысы

Өңірде 5 мыңға жуық адам цифрлық сауаттылығын арттырыпты. 1 маусымнан бастап ашылған 65 мектепте информатика мұғалімдері мен IT-мамандар халыққа тегін кеңес беріп, сауатын ашуда. Бүгінге дейін облыс халқының 80 пайызы электронды медициналық картаны қолданады.

Жамбыл облысы

Жамбыл облысында тау бөктерінде тұтанған өрт бір тәуліктен кейін сөн­дірілді. «Тілсіз жаудың» аяқастынан күш алуына өңірде ауа райының 40 градусқа дейін көтерілуі нәтижесінде құрғақ шөптің жануы себеп болған. Бір ай бұрын дәл осы Рысқұлов ауданында өрт шығып, 100 гектардан астам жерді жалын шарпыды.

Түркістан облысы

Биыл Түркістан қаласында 3 жаңа қосалқы трансформаторлық станса салынады. Соның нәтижесінде халықты электр қуатымен сапалы қамтамасыз ету деңгейі артады. Алдағы уақытта облыстағы барлық электр желілері жаңғыртылады. Соңғы 2 жылда энергетикалық инвестициялар есебінен аймақта 1820 шақырым электр желілері жаңартылыпты.

Солтүстік Қазақстан облысы

Петропавл қаласының тұрғыны Александр Ремшов Ертіс өзенінің жағасынан мұз дәуірінде өмір сүрген жануардың сүйегін тапты. Тарихшы-ғалым Анатолий Плешаков «Бұл – мамонттың не жүнді мүйізтұмсықтың мойын омыртқасы» деп болжаған. Осыдан 40 мың жыл бұрын тіршілік еткен алып жануардың сүйегі палеонтологтарды қатты қызықтыруда. Қала тұрғыны тауып алған «олжасын» тарихи-өлкетану музейіне бермекші.

Шығыс Қазақстан облысы

Ақсуат ауданында қымызмұрындық мерекесі тойланды. Биыл екінші рет ұйымдастырылған шараға барлық ауылдар атсалысты. 50-ге жуық киіз үй тігіліп, 60 шаруашылық ақ дас­тарқанын жайды. Ұлттық мерекеде 500 литр қымыз бен 100 литр шұбат жиылған халыққа тегін таратылды. Сондай-ақ, әр салада табысқа жеткен ақсуаттықтарға алғыс хаттар табыс етілді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button