Қала мен Сала

Астанадан ауылға дейін…

Астана
Елордалық салық қызметкерлері тиісті мақсатта пайда­ланылмай жатқан 100-ден ас­там жер телімін анықтады. Енді тиісті міндеттемелерін орын­дамаған азаматтар он есе көп мөлшерде салық төлеуге міндеттелді. Оның жалпы сомасы 197 млн теңгені құрайды. Департамент өкілдері салық заңнамасын бұзған тұрғындардың әкімшілік жауапқа тартылатынын ескертуде.

Алматы
Алтыншы шілдеден бастап Алматы қаласынан Көлсай көл­дері, Шарын шатқалы және басқа да танымал бағыттарға баратын туристік автобустар Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайының жанынан жүретін болады. Бұл өзгерістер қала тұрғындары мен қонақтарының қалаған жеріне қауіпсіз және жайлы жетуін қамтамасыз ету үшін қабылданған.

Жамбыл облысы
Елорданың мерейтойына арналған «20 жылдыққа – 20 нысан» жобасы аясында Жамбыл облысының аудандарында 20 әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек. Аталмыш нысандардың қатарында күн электр стансасы, тарихи музей, амбулатория, сауықтыру кешені, спорт алаңқайы, «Qasyq» кооперативі, өндіріс ошағы, сүт зауыты және бірнеше балабақша бар.

Өскемен
Алакөлге енді шаршап-шалдықпай жетуге болады. Өткен аптадан бастап Өскемендегі Защита теміржол стансасынан «Өскемен-Жалаңашкөл» бағытындағы алғашқы жолаушылар пойызы жолға шықты.

Атырау
Атыраудағы аз қамтылған отбасынан шыққан 40 бала Италияда демалуда. Балалардың шетелге барып, демалулары үшін қажетті жолдаманы Атырау облыстық білім басқармасы ұйымдастырған. Италияның Чезенатико қаласында орналасқан балалардың жазғы демалысы
3 шілдеге дейін жалғасады.

Павлодар
Павлодарда атты полиция взводы құрылды. Астана қаласынан әкелінген 15 ат жол-патрульдік полицейлеріне берілді. Атты полицейлер взводы қаланың оңтүстік бөлігінде орналас­қан «Южный» саяжай шаруа­шылығы аумағында қоғамдық тәртіпті қадағалайтын болады.

Қостанай
Қостанай қаласының №2 сотында Қазақстан мен Ресей Федерациясынан бірдей зейнет­ақы алып келген Ресей азаматына қатысты іс қаралды. 2000 жылы Челябі облысының Зей­нетақы қорының тізіміне алын­ған зейнеткер 2003 жылдың наурыз айынан 2018 жылдың наурызына дейін Қазақстаннан 15 жыл бойы заңсыз ақша алып келген. Осы уақытқа дейін ел бюджетінен 3968718 теңге қаражат иемденген.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button