Қоғам

АСТАНАНЫҢ ҚҰРДАСЫ АҚНҰР

Күннен-күнге алып бәйтеректей бой түзеп, бәйшешек гүлдей құлпырып келе жатқан елорданың келбеті алыстан көз тартып тұрады.  Осындай  әсем қаламен бірге өсіп келе жатқан астананың құрдастары да жетерлік. Солардың бірі – бас шаһардағы Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатының түлегі, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде 116 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған Ақнұр Тұрдалиева.

ERM_5911

Ақнұр қазақтың бай тарихы жатқан Сыр бойында дүниеге келіпті. Ол үш жасқа толғанда ата-анасы жұмыс бабымен елордаға қоныс аударады. Содан бері бас қаланың тұрғыны саналады. Алғаш дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің табалдырғын аттайды. Онда ардақты ұстаз Бибігүл Әбілмәжінқызынан тәлім алады. Мұғалімі талапты жас жеткіншектің бойына білім нәрін сіңіреді. Даналық тәрбиесін үйретеді. Сөйтіп, сүйкімді қыз баланың білім жолындағы алғашқы қадамы құтты басталады. Бірінші сыныпты үздік тәмамдайды. «Мен үшін алғашқы ұстазымның орны бөлек. Ол кісіден көп дүние үйрендім. Содан бері барлық сабақты тек қана үздік бағамен оқыдым» дейді Ақнұр аяулы ұстазы туралы қуана сөз қозғап.
Оның ата-анасы да – елор­даның дамуына өз үлесіп қосып келе жатқан қаланың қарапайым тұрғындары. Әкесі – Нұрталап инженер-экономист болып еңбек етсе, анасы – Орынкүл «Ана мен бала» орталығында дәрігер. Талай баланың науқасына шипа болған ақ халатты абзал жан. Осындай берекелі, бақытты отбасында өскен Ақнұрдың болмысынан мәдениеттіліктің, зиялылықтың лебі еседі. Ұлттық тәрбиенің құнарында өскені байқалады. Қазақ қыздарына тән асыл қасиеттің барлығын бойына жинақтаған. Бала кезінен математиканы жақсы көріпті. Мектепте жүргенде осы пәннен талай білім байқауларына қатысып, үздіктер қатарынан көрінген.
Ол елордадағы Дарынды қыз балаларға арналған қазақ-түрік лицей интернатына 6-шы сыныпта оқып жүргенде қабылданады. Әрине, аталған оқу ордасына кез келген оқушы қабылдана бермейді. Сынақтан сүрінбей өткен балалар ғана іріктеледі. Солардың қатарында Ақнұрдың да жұлдызы жанады.
– Біздің лицейдің оқу үрдісі ерекше. Кейбір пәндер ағылшын тілінде өтеді. Балаларға түсінікті болу үшін қазақша-ағылшынша да жүргізіледі. Ондай кезде арнайы терминологиялық кітаптарды пайдаландық. Осы оқу ордасында жүріп ағылшын тілін жетік меңгердім. Сабақ барысында уақыт талабына сай жарақталған жаңа құрылғыларды қолдандық. Ұстаздар оқушы­ларға сапалы білім беру үшін бар мүмкіндіктерін аяған жоқ. Әсіресе, лицей директоры Ерлан Талғатбекұлына алғысымды білдіргім келеді. Осы кісі жеткіншектердің шынайы қамқоры болды. Сондай-ақ, тарих пәнінің мұғалімі Сәкен Талдыахметов ағайдың да орны бөлек. ҰБТ-ға дайындық кезінде көп қолдау көрсетті, – дейді ол.
Жалпы, Ақнұр бала күнінен журналист болсам деп армандапты. Бірақ, ата-анасы оның экономист болғанын қалаған. Ендігі мақсаты – еліміздегі ең беделді оқу орындарының бірегейі саналған Қазақстан-Британ техикалық университетінің Халықаралық экономикалық мектебінде оқып, жоғары білім алып, туған жерінің экономикасына өз үлесін қосқысы келеді. «Әрине, мен экономика мамандығын бекер таңдаған жоқпын. Бір жағынан, әке жолын жалғастырғым келді. Екіншіден, қазір әлемде түрлі экономикалық дағдарыстар белең алды. Оның салқыны біздің мемлекетімізге де тимеуі үшін өз ісімнің кәсіби маманы атанып, туған елімді көркейткім келеді» дейді бойжеткен нәзік жүрегінің лүпілімен.
Біз де кішкентай ғана жүрегі елім, жерім деп соққан Ақнұрдың болашағы тек жарқын болсын демекпіз!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button