Қоғам

Ренат Ағзамов – тәтті өнердің шебері

Елорда күні қарсаңында әлемдік деңгейдегі торт пісірудің шебері мәскеулік Ренат Ағзамов қала тұрғындары мен қонақтарына «тәтті тарту» жасады. Тәуелсіздік сарайында күні бойы торт пісірудің құпия технологиясымен бөлісіп, баршаның кондитерлік салаға деген қызығушылығын арттырды. 

renat-agzamov

Ренат Ағзамов. Көпшілік жұрт оны торт пісірудің элиталық шебері деп таниды.
Жеті жасында алғаш рет пирог пісірген сары бала, кейіннен Сочи қаласындағы кулинарлық училищені бітірген. Бүгінде кондитерлік өнерден әлем чемпионы атанды. Торт пісірудің күрделі технологиясын меңгерген аспаз тәтті пісірудің керемет технологиясын, мектебін қалыптастырды. Кулинарлық өнер туындысын жасайтын шебер әлем бойынша тапсырыс қабылдайды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі бай-бағландар мен атақты шоу-бизнес өкілдері – Ағзамовтың тұтынушылары. Өйткені, ол әр адамға арнап жаңа туынды жасап шығарады. Осы уақытқа дейін тапсырыспен үйлену тойына арнап пісірген 2700-ден астам торты бірін-бірі қайталамаған. Шығармашылық ойдың нағыз жетістігі деуге болады.

«Интеллектуалды кондитер»

Бар болғаны 34 жастағы жігіт – ірі кондитерлік компанияның иесі. Мамандығын жанындай сүйеді. Кездесуде ол астаналықтарға тәтті әлемнің құпиясын жайып салды. Өмірлік жолындағы тынымсыз еңбегін, жетістікке жетудің жолдарын, аспаздық өнердің қыр-сырын бар ынтасымен бөлісті.
– Алдымен, Астананың сұлулығын айтқым келеді. Жыл сайын құлпырып келе жатқан қала сәулетті ғимараттарымен, тазалығымен, тыныштығымен ерекшеле­неді. Осы әсем қаланың туған күні қарсаңында шеберлік дәріс өткізіп отыр­ғанымды мәртебе санаймын, – дейді ол.
Семинардың тақырыбы – «интеллектуалды кондитер». Атауын өзі ұсынған. Торт пісірудің өзі интеллектуалды білімді қажет етеді дейді шебер.
Жиынға қатысушылардың қатарында елордалық кафе, мейрамхана иелері, кондитерлік саланың мамандары және Ренат Ағзамовтың әлеуметтік желідегі тұрақты оқырмандары болды.
Шеберлік сыныпта танымал аспаз кондитерлік саланың ең басты өнімдері саналатын – жұмыртқа, қант және ұнның біз білмейтін қызықтарымен бөлісті. Мәселен, бір жұмыртқаның өзін пайдаланарда оның құрамындағы ақуыз бен сарыуыздың мөлшеріне назар аудару керек екен. Кейбір торттарға белгілі мөлшерде сарыуыз қолданылса, оны есептеудің өзіндік жолдары да бар. Қарапайым жұмыртқаны қандай температурада сақтау керек, қандай түрін, қалай пайдалану керектігіне дейін қызықты мәліметтер ұсынды. Торт пісірудің технологиясы тұнып тұрған қызықты математика дерсіз! Ал, оған декорация жасау үшін терең білім керектігі өз алдына.

Дәрістері трендке айналған…

Ағзамов өзінің күнделікті жұмыс жос­парымен де таныстырды. Таңғы сағат алтыдан бастап кешке дейін жұмыста болса, түнімен ноутбук қарап, жаңа дүниелер ойлап табуға тырысады. Жаңалыққа жаны құмар ол тәтті пісірудің технологиясына үңіліп, тың дүниелер ойлап тапқанды ұнатады.
Бүгінде оның «премиум-кластағы» дәрістері трендке айналған. Кондитерлік саланың мамандары Ағзамовтың жолын қуғысы келеді, тағылымдамасын алып, шәкірт болуды армандайтыны жасырын емес. Ал оның «Фили Бейкер» компаниясында дайындалған торттары – нағыз өнер туындысы. Мұнда тәтті торттың қарапайым түрінен бастап, күрделісіне дейін өндіреді. Ағзамовтың айтуынша, тәтті пісіруге 100-ден астам адам жұмылдырылады.
– Түрлі тапсырыстар келіп түседі. Арасында жасалуы қарапайым болып келетіні, күрделі технологияны қажет ететіні де бар. Біз әрбір бөлшегіне дейін тұнып тұрған креатив болғанын қалаймыз. Біз ешқашан тұтыншуыларға жалған сөйлемейміз. Яғни, салмағы ауыр, биіктігі бірнеше метр болатын торттың құрамында міндетті түрде қант, жұмыртқа, ұн өнімдерінің көлемі көбірек қолданылады. Калориясы аз тәтті болмайды. Сондықтан, өзгелер секілді кейбір өнімдерімізді диеталық деп айта алмаймыз. Бірақ ешқандай химия қолданылмайды, – дейді Ағзамов.
Айтуынша, оның компаниясында дайындалатын ғажайып торттар шоколадпен безендіріледі. Жұқа және қалың түрлі-түсті қабаттар торттың барынша ажарын ашады. Кейіпкерлерді жасауда көп іздену қажет. Тұлғасын айнытпай таныту үшін алдымен пішіндер жасалынады. Оның өзі бірнеше күн уақытты алады. Мәселен, Ағзамов атқылап жатқан нағыз фонтан дайындау үшін 1,5 жыл ізденген.
Сонымен, 300-ден астам адам қатысқан Ағзамовтың семинары жоғары деңгейде өтті. Оның айтқан аспаздық құпияларын астаналықтар ұйып тыңдады. Қызықты бағдарлама ұсына білген оған көптеген сауалдар да қойылды. Шара соңында тәттіден ауыз тиген жұрт, танымал шебермен естелікке фотоға түсуді ұмытпады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button