Мәдениет

Атақты режиссер ардақталды

Тәуелсіздік мерекесі кезінде елордадағы «Nomad City Hall» театрына Халық қаһарманы, елордамыздың Құрметті азаматы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі берілді. Шараға қала әкімі Алтай Көлгінов қатысып, жаңа есіммен ашылған театрдың лентасын қиды. Сондай-ақ «Жас Абай» драмасының алғашқы қойылымын тамашалады.

– Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында еліміздің, елордамыз­дың мәдениет саласында айтулы оқиғалар болып жатыр. Қазақ драма театры көптен күткен жаңа ғимаратта биылғы маусымын ашты. Бүгін, міне, «Nomad City Hall» театрына Халық қаһарманы, елордамыздың Құрметті азаматы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімі беріліп жатыр. Бұл – үлкен қуаныш. Әзірбайжан Мәмбетов – есімі елге таныс өнер қайраткері. Осы бір театр тарланының есімін мәңгі сақтау мақсатымен театрға оның есімін беріп отырмыз. Елордамызда ұлт мәдениетінің еңсесін тіктеуге зор үлес қосқан Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов – театр ғана емес, кино саласында да өзіндік қолтаңбасы қалған ірі тұлға. «Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзеді» демекші, Номад театры Мәмбетов мұрасына лайықты болып, көрерменін қуанта береді деп сенеміз, – деді Алтай Көлгінов.
– Бүгін біздің шаңырағымыз үшін мәңгі ұмытылмас күн болды. Қуаныштан аузыма сөз де түспей тұр. Әзекемнің аруағы да бүгін бір аунап түскен шығар. Әзірбайжаның еңбегін ел есінен шығармай, есімін ұлықтап, мынадай салтанатты театрға есімін беріп жатқандарыңызға алғысым шексіз, – деді Халық қаһарманының жары, ҚазКСР Халық әртісі Қорлан Ихсанқызы.
Шара соңында «Жас Абай» драмасының алғашқы қойылымы жұрт назарына ұсынылды. Абайдың балалық шағынан бір мөлтек сыр шертетін қойылымда Бөжей ауылына аманатқа берілген Кәмшаттың өлімі аса әсерлі бейнеленген.
Қазақстанның Халық қаһарманы, КСРО Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреа­ты, Қазақстанның және Қарақалпақстанның халық әртісі, әйгілі режиссер, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов 1932 жылы 2 қыркүйекте РФ Волгоград облысы, Паласовка ауылында дүниеге келген. 1952 жылы Алматы хореография училищесін, 1957 жылы Мәскеу қаласындағы А.В.Луначарский атындағы Мемлекеттік театр өнері институтының режиссерлік факультетін бітірді. М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академия­лық драма театрында режиссер, «Мосфильм» киностудиясында режиссер-стажер, «Қазақфильм киностудиясының директоры болып қызмет істеген ол өмірінің соңғы шағында Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының жетекшісі қызметін атқарды. Талантты режиссер Ш. Хұсайыновтың «Ертіс жағасында», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай», Лопе де Веганың «Қызғаныштан махаббат» секілді көптеген пьесаларын сахналап, «Ән қанатында», «Қан мен тер», «Жаушы» фильмдерін қойды. 2009 жылы 77 жасында өмірден озды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button