Мәдениет

АТТИЛА БЕЙНЕСІН ЖАҢҒЫРТАДЫ

13 қарашада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында «Жібек жолы» ІІІ халықаралық фестивалі аясында «Аттила» лирикалық драмасы қойылады.

photo_104637

Захариас Вернердің «Ғұн патшасы – Аттила» трагедиясы негізінде сахналанған операның либреттосын Темистокле Солера мен Франческо Пиаве жазды.
Прологы бар үш бөлімді драмаға театрдың опера солистері, хоры және оркестрі қатысады. Оркестр дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, режиссер – Наталья Кагадий.
Опера V ғасырда көшпенді Ғұн тайпаларының Рим империясын жаулап алу тарихынан сыр шертеді. Еуропаның көптеген елдерін бағындырған Аттила есімі Рим империясының халқын қорқыныш пен үрейге батырды. Алайда қолбасшы өмірде қатал болып көрінгенімен, оның жүрегіне де барша адамзат баласына тән махаббат сезімі ұялаған. Ұлы композитор Джузеппе Верди де кезінде трагедиядан үш мәрт кейіпкердің мінезін көргенін айтқан. Оның бірі Аттиланың өзі болса, қалғандары – Одабелла және Эцио.
Премьерасы алғаш 1846 жылдың 17 наурызында Ла Фениче (Венеция) театрында өткен опера бүгінгі күнге дейін әлемнің ең ірі деген театрларының репертуарынан түспей келеді. Музыка мамандарының пікірінше, ондағы көпшілік көріністер, финалдар (хор мен квинтеттер), айшықты ариялар, қуатты ырғақтар, есте қаларлық әуендер, психологиялық тереңдік пен нәзіктік шығарманың сипатын ашады.
Операда Аттила бейнесін Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян, Одабелланы Жұпар Ғабдуллина, Эционы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Мұсабаев, Форестоны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин, Леонені Ескендір Әбжанов, Ульдиноны Рамзат Балакишиев сомдайды. Итальян тілінде орындалатын опера қазақ және орыс тілдеріндегі синхронды аудармамен жүреді.
Басталуы: 18.00-де.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button