Руханият

Байтақ қаланың дәуірнамасы

Тәуелсіздік алғаннан кейін цензурадан құтылған ұлт баспасөзі тың қадаммен жаңа дәуірді бастаса, азаттығымыздың символы – жаңа астанамыздың баспасөзі мың қадамды қамтитын дәуірнамасын жаза бастады. Есілдің бойына елдік көшпен бірге құт келді.

Ақмоланың астана болуына тілеуқор басылым сол сәттен, сол сағаттан байтақ қала жауапкершілігін сезініп, азаттық бұйыртқан елдіктің, ерліктің, төгілген тер мен ерен еңбектің күнделікті тарихын мәшһүр етті. Ішкі, сыртқы жаңалықтарды, Отанымыздың өткенінен сабақ алатын оқиғаларды хаттаумен қатар, берекелі де баянды мұратты бағдар етіп келеді. Сонымен бірге бұл газет – кешегі Кенесары заманынан Тыңмен алысқанға дейінгі Ақмоланың, асқақ арманнан асқар биікке ұмтылған Астананың, «Мәңгілік ел» мүддесімен рухани жаңғырған Нұр-Сұлтан қаласының аңызға бергісіз тарихын, бүгінгі өмірлік дастанын түгендеп келе жатқан ХХІ ғасыр энциклопедиясының елеулі іргетасы. Ол отыз жылғы ақпараттық қызметінде «ұжымдық насихатшы, ұжымдық үгітші, сондай-ақ ұжымдық ұйымдастырушы» деген кәріқұлақ қағидамен шектеліп қалмай, жаңа тұрпатты астана тұрғындарының, сан түрлі кәсіп иелері мен зиялылардың мінберіне айналды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы тілімен айтсақ, «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде жіті әрі зейінді оқырман қалыптастырып, елордалық қоғамдық пікірді жаңа деңгейге көтерді.
Салыстырмалы түрде осынау қысқа мерзімде негізі қаланып, байтақ қаламызбен бірге өсіп, өрістеп келе жатқан басылымның бүгін­де салиқалы, ықпалды газеттер қатарында аталуы – отандық масс-медиа дамуының жарқын көрінісі.
Сөздің сүбелісі, ойдың асылы тасқа басылып, халыққа жеткенде пікір толығып, парасат жетіледі. Қоғам айнасы ел үнін байып­татып, адамдарды елдік мүдде мен іске жұмылдырады. Сондықтан да қалам ұстаудың, газеттің отымен кіріп, күлімен шығудың жауапкершілігі орасан.
Ал сөз бостандығын жалаулатып, желеу етіп, бос сөзбен желігетіндердің есіне Абайдың «ар ұялар іс қылмас ақылы зерек» деген өсиетін салу артық бола қоймас. Өйт­кені, журналистика да – ардың ісі. Пікір алуандығын құрметтеуден шынайылық пен әділеттік қалыптасады. «Астана ақшамы» – тарихи жылнамасы, кәсіби жолы мен жөні, айрықша қолтаңбасы мен дәстүрі бар басылым. Әрқашан шындықтың шырағын жағып, халықтың мүддесін жалау етіп жүрген газетке алдағы уақытта да қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-танымдық, мәдени-бұқаралық тұрғыдан жаңаша пайымдау бигінен төмендемеуді тілейміз. Қоғамдық пікірге қозғау салу, мемлекетшілдік пайымға оң ықпал ету ісіне «Астана ақшамы» әлі талай олжа салатынына кәміл сенеміз.

Дархан МЫҢБАЙ,
Мәжіліс депутаты,
«Nur Otan» партиясы
фракциясының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button