Руханият

Толыққанды беделді басылым

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Парламент
Мәжілісінің депутаты:

Қадірлі достар!

Егемендіктің елең-­алаңында, Тәуелсіздік­тің таңсәрі шағында жарық көрген бұл газет егемендікке ентелеп, тәуелсіздікке талпынған тұстағы бүкілхалықтық бұлқыныстың бір келісті көрінісі болған еді. Ақмолада қазақша газет ашылуға тиістілігін негіздеген облыстық партия комитетінің ұсынысын қолдау қажеттігі жөнінде республика басшылығының атына қызметтік жазбаны дайындаған адам, яғни сол кездегі Орталық Комитеттің Идеология бөлімінің баспасөз секторының қызмет­кері ретінде де газеттің отыз жылдық торқалы тойы­на қуанышты екенімді айтуды артық көрмеймін. Қалалық газеттің қанаты қатаюына, кәсіби тұрғыдан орныға түсуіне осы басылымның бас редакторлығының орынбасарлығына қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері, тәжірибелі қаламгер Жанболат Аупбаевты ұсынуыммен үлес қоса алдым деп те көңіл тоғайтамын. «Астана ақшамының» өтініші бойын­ша кезінде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан қалалық газетке арнайы сұхбат (1999 жыл, 18 тамыз) алу арқылы да жас басылымның абыройын арттыруға атсалыстым деп білемін.
Осы отыз жылдың ішінде газет елмен бірге есейді, елордамен бірге еңселенді, бүгінде ­Нұр-Сұлтанның тыныс-тіршілігін толыққанды танытатын беделді басылымға айналды. Оның болашағы жарқын деп сенемін.
Жазар жақсылық, жеткізер жаңалық көп болсын, қаламдастар!
Әрқайсыңыздың өміріңізге бақыт, табыс, сәттілік тілеймін.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button