Руханият

Елорданың шежірешісі

Отыз жылдығын тойлап отырған «Астана ақшамын» бұрыннан білемін дей алмаймын, 1997 жылы ұлы көшпен бірге елордаға қоныс аудардым, содан таныспын. Міне, одан бері біраз жылдар өтті. Осы аралықта астананың іргетасы қаланып, көз тартар, әсем шаһарға айналды.Қалада жыл сайын қаншама оқиғалар, ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды, соның бәрі басылым бетінде айшықты көрініс тапты. Шындығын айтқанда, «Астана ақшамы» – елорданың шежірешісі. Басылымнан қаланың ғана емес, үкімет пен парламенттің де жаңалықтарын үзбей оқимын. Алғашқы жылдары газеттің тиражы аз секілді еді, қазір әжептәуір көбейген. Оқырмандар саны астанамен ғана шектелмейді. Аймақтарда да жазылғандар бар екенін білемін, оны көзіммен көрдім. Газет бұдан әрі ширап жұмыс істесе, облыстардағы жазылушылар саны ұлғайып, бүкіл республикаға тарайтын мүмкіндігі жетеді. Басылымға басшылық жасаған редакторларды да танимын, бәрі – қаламы қарымды журналистер.
Газет жұмысы маған жақсы таныс, өзім де мерзімді баспасөзде біраз жыл қызмет еттім. Ол кездегі баспасөз бен журналистерге қойылар талап, міндет басқаша болды. Бүгінгі уақыт, талап мүлде бөлек. Қазір ұшқыр уақытқа иек артқан кезең, сондықтан ақпараттың айы оңынан туып тұр.

Алайда әр нөмірдің негізгі мақаласы, яғни қағылған шегесі болады. Газеттің әр санында бір проблемалық мақала, не болмаса, бұрын ел естімеген сенсациялық бағыттағы материал жарық көру керек. Қалайда бір жаңалықтың лебі байқалса, газет оқылымды дүниеге айналады. Әйтпесе, бұрынғы жолды шиырлап, жергілікті ақпаратты малданып отыра беруді – уақыт та, оқырман да көтермейді.
Өткен ғасыр басындағы алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп айтқан бір ауыз сөзі қазір де маңыздылығын жойған емес, қайта жылдар өткен сайын құндылығы артып барады. Өзім оқырман ретінде ертемен газетті бір шолып шықпай, көңілім көншімейді.
Сондықтан ел басылымдары ішінде өз жолы, бағыты, мәнері бар «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің отыз жылдық мерейтойымен барлық ұжымды құттықтап, амандық, шығармашылық табыс тілеймін!

Әнес САРАЙ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button