Басты ақпарат

Балабақшаларды лицензиялау басталды

Бас қалада мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялауды енгізу жұмысы басталды. Лицензия алған кезде мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік балабақшалар барлығына бірдей ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс. Бұл туралы жуырда өткен брифингте Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Раушан Козкеева мен Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Каирбаева мәлім етті.

[smartslider3 slider=3568]

Ереже бәріне бірдей

Бүгінгі таңда мектепке де­йінгі ұйымдарда лицензиялауды енгізу жұмысы басталды. 2011 жылға дейін мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланды, кейін балабақшаларды лицензиялау тоқтатылды. Ол балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыруға мүмкіндік берді.

Қазір мектепке дейінгі ұйым­дарды ашқанда бірыңғай талап жоқ. Балабақша ашқанда қандай жағдай жасалғанын, кімді жұмысқа алады, материалдық-техникалық жабдықталуы қандай екенін ешкім тексермейді. Кейбір жекеменшік балабақшалар тіпті ашылғаны туралы да хабарламайды.

Лицензия алу кезінде мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік және жеке тұлғаларға ортақ ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы керек.

Заңнамада белгіленген тәр­тіппен енгізілетін лицензиялаудың реттеушілік әсерінің талдауы (РӘТ) жүргізіледі, содан кейін ғана тиісті заң жобасы әзірленеді.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін ғана мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялау жоспарлануда:

– бірінші кезеңде – ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар (жылына шамамен 200 д/с);

– келесі кезеңде – жұмыс істеп тұрған, бірақ мемлекеттік аттестаттаудан қайта өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар (жылына 1-2%, 10-15 д/с);

– содан кейін барлық басқа қолданыстағы мектепке де­йінгі ұйымдар – тәуекелдерді бағалау дәрежесі бойынша (ҰБДҚ бойынша ең тәуекелді).

«Бала тәрбиесі – ортақ. Барлық балабақшаға қойылатын талап бірдей. Ал лицензия алған ұйымдарда жемқорлық азаяды. Ата-ананың балабақшаға деген сенімі артады» дейді министрлік өкілдері.

Шетелде қандай талап қойылады?

Көптеген елде мектепке де­йінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді. Мысалы, Германияда барлық балабақшалар лицензияланған. Австралияда лицензия ұлттық сапа кепілдігі негізінде беріледі. Канадада, АҚШ-та, Португалияда, Ресей Федерациясында да лицензиялау қолданылады. Қырғыз Республикасында лицензияны тек жекеменшік балабақшалар алады.

Негізгі талаптар топ түрі бойынша балалар санына, ба­лалар мен персоналдың ара­қа­тынасына, педагогтардың біліктілігіне, оқу және ойын кеңістігіне, жабдықтарға, балалардың жас ерекшелігіне сәйкес білім беру бағдарламаларына, төтенше жағдайларға дайындығына, денсаулығына, медициналық бақылауына, тамақтануына қарай қойылады.

Сонымен бірге Германияда, Австралияда, Канадада, егер балалардың әл-ауқатына қауіп төнсе немесе ұйым стандарттарға сәйкес келмейді деп танылса, лицензия қайтарып алынуы мүмкін. Жауапты адамдар мектепке дейінгі ұйымды басқаруға құзыретті болмаған немесе бала күтімі бойынша жұмыс балалардың денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе әл-ауқатына зиян келтірген жағдайларда да лицен­зиядан айырылуы мүмкін.

Мемлекеттік тапсырыс қалай беріледі?

Айта кету керек, лицензия беру жөніндегі мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылған және рұқсат беру алдындағы бақылауынан басқа (ұсынылған құжаттар бойынша) лицензиялардың лицензиатпен тікелей өзара іс-қимылы жоқ. Себебі рұқсат құжаттарын беру мемлекеттік қызметке жатады. Толық автоматтанды­рылған. Балабақшаның лицензия беретін органмен тікелей байланысы болмайды.

Қазіргі уақытта басты мәселе – мектепке дейінгі білім беру сапасы. Лицензиялау сапаны қамтамасыз етудің жалғыз жолы емес. Сапаны қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар кешені қабылдануда. Кадрларды даярлау, біліктілікті арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, аттестаттау, қаржыландыру және т. б. сияқты басқа да шараларды атауға болады.

Анықтама үшін: елордада контингенті алпыс мыңнан астам баланы құрайтын 432 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде: 99 мемлекеттік 330 жекеменшік, 3 ведомстволық ұйым жұмыс істейді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысы Қазақстан Рес­публикасы Білім және ғылым министрінің №122 бұйрығына сәйкес орналастырылады.

Қызмет көрсетудің мақсаты – балаларды қамту, мемлекет­тік білім беру тапсырысы шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиелеу және оқыту.

Мемлекеттік тапсырыс 27504 орындық 316 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға орналастырылған. 2021 жылмен салыстырғанда 1 балаға мемлекеттік тапсырыс сомасы 38023 теңгеден 41718 теңгеге дейін ұлғайды.

Анықтама үшін: 2020 жылы мемлекеттік тапсырыс 105 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға 5800 орынға, 2021 жылы 88 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға 4500 орынға орналастырылды. 2022 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 11 миллиардтан астам теңге салынды (11 млрд 850 млн 993 мың теңге). Қазіргі уақытта 5 миллиардтан астам қаржыландырылды (5 млрд 780 млн теңге). 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс аясында 9 млрд 219 млн теңге қаржыландырылды.

Ұйымдарды ваучерлік қаржыландыру

2021 жылдың қазан айында Нұр-Сұлтан қаласы ваучерлік қаржыландырудың қанатқақты жобасына енді. Ваучер – бұл баланың білім алуына мемлекет ақша бөлген кезде қаржыландыру әдісі.

Мемлекеттік тапсырыстан несімен ерекшеленеді? Егер бұрын баланың білім алуына ақшалай қаражат мектепке дейінгі ұйымға тікелей бөлінген болса, онда ваучермен бірге баланың білім алуына ақшалай қаражат тікелей ата-анасына түсетін болады. Ата-ананың өзі балабақша қызметін төлейді.

Қаржыландырудың ваучерлік жүйесіне көшу үшін 2021 жылғы 25 қазан мен 31 желтоқсан аралығында Білім басқармасы конкурс жариялады, білім беру қызметтерін алушылар бойынша дербес­тендірілген қаржыландыруды ескере отырып, мектепке де­йінгі тәрбие мен оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерді әлеует­ті жеткізушілердің тізбесіне енгізу үшін мектепке дейінгі ұйымдардан өтініш қабылдау жүзеге асырылды. Нәтижесінде 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымнан тізбе жасалды. Ата-ана мен мектепке дейінгі ұйымның электрондық шарт жасасуы және балалардың қатысуын табельдеу үшін мектепке дейінгі ұйымдарды «Индиго» жүйесіне қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Электрондық шарттарға екі тараптың ЭЦҚ кілтімен қол қойылады (ата-ана және мектепке дейінгі ұйымның уәкілетті өкілі). Осыған байланысты ата-анаға баланың келу табелін өз бетінше қарау және бекіту мүмкіндігі беріледі.

Осы жобаны іске асыру шеңберінде баланың келмеген күндері үшін қайта есептеу бойынша төлем шоттарын балалар мен олардың ата-анасының мүдделерін бұза отырып бухгалтерия жүзеге асыратын елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелі бұғатталды. Мектепке дейінгі ұйым бухгалтериясының рөлі төлем сомаларын есептеу­дің технологиялық процесіне араласу мүмкіндігінсіз, төлемдерді қабылдау және түскен төлемді белгілеуден тұрады. Сондай-ақ бұл модель жеке мектепке дейінгі ұйымдардағы «өлі жандар» мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Іс жүзінде ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап 200 тәрбиеленушіге қаржыландыру жүргізілуде. «Қазақстан халық банкі» АҚ арқылы ата-ананың ағымдағы шотына Білім басқармасы ақша аударады, банк ақшаны ата-ананың шотына аударады, ал ата-ананың өзі баланың балабақшаға барғаны үшін төлем жүргізеді.

Ваучер бойынша мемлекеттік тапсырыс аясында 62 млн 776 мың теңге қаржыландырылды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button