Руханият

Балаларды өнерге баулыған

«Астана Опера» театрының театралдық балалар студиясына 5 жыл толды. Осыған орай, студияның тәрбиеленушілері мерекелік концерт өткізді.

Концерттік бағдарламаға Ж.Бизенің «Кармен» операсынан марш, «Япырай» халық әні, Дж.Пуччинидің «Турандот» операсынан үзінді енгізілді. V театр маусымының репертуарынан да туындылар шырқалды.
«Концертке студиямыздың ашылған сәтінен бастап күні бүгінге дейін шығармашылықпен айналысатын балалар, соңғы екі-үш жылда келіп қосылған балалар да қатысты. Балаларда асқақ өнерге деген ұмтылыс бар. Көпшілігі алдағы уақытта қызметтерін театрмен байланыстырып, өздері үшін осылай шешім қабылдап қойған» дейді хор студиясының жетекшісі Алтынғаным Ахметова.
Бұл концертте кіші топтағы ұлдар итальян әншісі Робертино Лореттидің репертуарынан танымал Santa Lucia, O sole mio, Funiculi funikula және тағы басқа туындыларды орындады. Жасы үлкен топтағы қыздар күрделі бағдарлама даярлаған. Олар көп дауыспен шырқалатын шығармаларды ұсынды.
Балет студиясының жас әртіс­тері кең ауқымды бағдар­лама әзірлеп, «Шолпы» қа­зақ халық биі, Й.Байердің «Қуыр­шақтар перісі» балетінен вариация, Л.Минкустың «Баядерка» балетінен полька, Л.Минкустың «Дон Кихот» балетінен Китридің вариациясы және өзге де нөмір­лермен кештің көркін қыздыра түсті.
– Алғашқы мерейтойда жас әртістер үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда сту­дия тәрбиеленушілері Қазақ­­станның, алыс-жақын шетел­дердің жоғары оқу орындарын­да білім алып жатыр. Жас ән­шілер мен бишілер ересек әртіс­термен бірге концерттік бағдар­ламаларға, спектакльдерге қатысып, тіпті гастрольдік сапарларға да шығады. Студияда өнерге деген қызығушылығы мол, сахналық дарыны мен музыкалық қабілеті бар балалар білім алуда. Студияның ең жас қатысушылары бүгінде 7 жас­та. Балалардың тұлға ретінде қалыптасуына көмек беру бізге өте маңызды. Егер бала саналы өмірінде әртіс немесе музыкант мамандығын таңдайтын болса, ол үлкен табыстарға жетеді. Ал егер бұл жолға түспесе, онда олар басқа салаларда жетістіктерге ие болары сөзсіз. Себебі балалық шағында қалыптаса бастаған актерлік шеберліктің арқасында ол өзін ерікті әрі еркін сезіне алады. Осының бәрі оған есейген шағында биік шыңдарды бағындырып, талай асуларды алуына көмектеседі, – деді «Астана Опера» театрының режиссері, актерлік шеберлік сабақтарының оқытушысы Наталья Кагадий.
Көрермендер Дж.Пуччинидің «Богема», «Тоска», Ж.Бизенің «Кар­мен», сондай-ақ, Е.Бруси­лов­скийдің «Қыз Жібек», М.Төле­баевтың «Біржан–Сара» операларынан хор студиясының тәрбиеленушілерінің өнеріне қол соқты. Ал балет студиясының жеткіншектері «Дон Кихот» қойы­лымында аты аңызға айналған миландық Ла Скала театры әртіс­терімен, сонымен қатар Мария театрының гастролі аясында Рихард Вагнердің «Рейн алтыны» операсында майталмандармен бірге сахнада өнер көрсетті. Хор және балет студиясының тәрбиеленушілері симфониялық оркестрмен, сонымен бірге ересек әртістермен бірге тұңғыш рет «Пер Гюнттің саяхаты» атты бірегей жобасына қатысты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button