Басты ақпарат

Балаларға арналған төл туынды неге аз?

Елордадағы кітап дүкендерінен балаларға арналған төл туындыларымыздың көркемдік және мазмұндық ерекшелігі қызық кітаптар сирек. Керісінше кітап дүкендерінен аудармаларды жиі кездестіреміз.

[smartslider3 slider=2314]

Сенатор Нұртөре Жүсіп: «Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді» деп депутаттық сауал жолдаған еді. Осы мәселе ескеріліп, 2021 жыл «Балалар әдебиеті» жылы деп жарияланды. Бір жылдың ішінде баспалар ашылып, балаларға арналған шығармалар жарық көрді. Елімізде балалар жазушылары мен ақындары көп. Мемлекет тарапынан қолдау берілмегендіктен, олар дизайндық көркемдік жағынан әдемі етіп басып шығаруға құлқы бола бермейді. Ал баспалар мұндай кітаптардың өтілімі төмен болғандықтан, аударма кітаптарды сатуға мәжбүр.

Сағаткүл Сейдахметова,Нұр-Сұлтан қаласы «Орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі» КММ Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасының ­қызметкері:

КОМИКСТІ КӨП ОҚИДЫ

 – Қазір балалар кітаптарының сапасы әртүрлі басылып шығуда. Негізі шрифтері үлкен, суреттері ерекше қанық түсте болғаны дұрыс. Кітапханамызға келетін балалар кітаптары өте аз. Заманауи балаларға арналған кітап шығару үшін қомақты қаражат керек. Одан бөлек, балалар жазушылары олардың ой-өрісіне қарай заманауи деңгейде жазса деп ойлаймын. Қазіргі ата-аналар мен балалардың талғамы бір жерден шықпайды. Балалар фантастиканы, комиксті жақсы көреді. Ал ата-аналар ертегі, кезіндегі өздері оқыған классик жазушылардың шығармасын оқыса деп ойлайды. Бірақ бұрынғы жазушылардың кітап сериясы жаңадан басылып шығып жатқан жоқ. Мүмкін солар басқаша дизайнмен қайта басылса, балалардың талғамынан шығады деп ойлаймын.

[smartslider3 slider=2324]

Саят ҚАМШЫГЕР, «Алтын сақа» баспасының директоры:

ТАЛҒАМЫМЕН ЕСЕПТЕСУ КЕРЕК

«Балалар әдебиеті» жылында «Алтын сақа» баспасын ашып, былтыр 100-ден аса кітап шығардық. Олардың ішінде ғибратты әңгімелер, ертегілер, фэнтези жанрындағы кітаптар шықты. Сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова кітаптардың тұсауын кесті. Барлық кітаптар аудионұсқада және QR кодпен оқитындай болды. Әрі оқып отырып, тыңдауға болады. Бірақ балалар әдебиетіне үлкен көңіл бөлінді деп айта алмаймын. Жекелеген баспалардың, белгілі бір мекемелердің ғана үн қосуы теңіздің тамшысындай ғана болды. Руханиятты түсінетін барша азамат қолдау керек еді. Мұндай қолдауды сезінбедік. «Алтын сақа» баспасы бір жылмен шектелмейді. Қазақ балаларына қызмет етіп, өз жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Меніңше, барлық жыл балалар әдебиеті жылына айналу керек. Бір жылда мәселе шешілмейді.

Әр нәрсенің жақсы жағын алған дұрыс. Авторларымыз басқа елдің кітаптарын оқып, танысып, дизайн жағынан ізденсе екен. Қазақша кітаптардың іші жақсы болғанмен, мұқабасы адамды елітіп әкетпейді. Оқиғасы жақсы болса да, безендірілуі нашар болса, баланы қызықтырмайды. Іші қандай мазмұнды болса, сыртына да сондай көңіл бөлуіміз керек. Әлемдік елдерде мұқабалар қалай безендіріледі, соны қадағалаған дұрыс. Бәсекеге қабілетті кітаптар шығару керек. Орыстілді кітаптардың безендірілуі өте жақсы, сол үшін балалар сондай кітаптарды таңдайды деп ойлаймын.

Қазіргі балалар баяғы 30-50 беттік шығармаларды оқымайды. Қазіргі балалардың талғамымен есептесуіміз керек. Оларға 5-6 беттік әңгімелер керек. Сол сюжеттен өзін көрсе әрі ол осы заманғы кейіпкер болса керемет болар еді. Сондай-ақ болашақпен байланысатын фэнтези жанрында болғаны дұрыс. Сол кезде оқырманымыз да көбейеді, әрі тәлім-тәрбие де жақсарады. Бұрынғы өмірбаянын айтатын шығармалардан ел жалыққан. Жас оқырмандарды шытырман оқиғалар, аз көлемді кітаптар қызықтырады. Балалар әдебиеті дегенде комикс саласы кенжелеп жатыр. Соны салатын қазақ суретшілерді көбейту керек. Себебі мәтін қазақша болған кезде, орыс тілді суретші оны өз менталитетіне сай салады. Ал қазақтілді суретшінің салғанында ұлттық құндылық болатыны анық. Иллюстраторлардың жұмысына қатты мән беруіміз керек және қаламақысы да өте жоғары болу керек. Тамақ ішпеген адам әлсіз болады. Кітап оқымаған адам рухани жағынан әлсірейді. Сол үшін  кітап оқу үрдісін қалыптастыру керек. Кітап бренді алғашқы орында тұру қажет.

Қарлығаш Байғабылова, «Аруна» баспасының бас редакторы:

КІТАПҚА СҰРАНЫС БАСҚАША

– «Аруна» баспасы 2000 жылдан бері балаларға арналған кітаптарды шығарумен айналысып келеді. Баспаның ашылуына сол кездегі қазақ тіліндегі кітаптардың аздығы себеп болды. Баспадан 20 жылдан астам уақыт ішінде 2000-ға жуық кітап шықты. Кітап дүкендеріндегі сөрелерде, отбасылық кітапханаларда біздің баспаның кітаптарының болғаны қатты қуантады. Бұл – еңбегіміздің жемісі.

Кішкентай балаға кітапты негізі ата-ана таңдайды. Ал бала сол таңдауға қатысады. Қазіргі заманда ата-аналардың кітапқа деген көзқарасы өзгерген. Қазіргі таңда біз мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кітаптардың өзін балақайлардың жыл өткен сайын өзгеріп отырған жас ерекшелігіне сай шығарып жатырмыз. Ертеректе олар мектеп жасына дейінгі балаларға арналған кітаптар деп қана бөлінетін. Қазір мектеп жасына дейінгі кітаптың өзі әр жыл сайын өзгеріп отырады. Мәселен, 1 жасқа дейінгі, 1-2 жас аралығындағы, 2-3 жасар немесе 1-3 жастағы балаларға арналған деп кете береді. Әр жыл сайын кітаптың тақырыбында да, безендірілуі мен берілуінде де өзгерістер болып жатады. Ата-­аналардың өзі де, мысалы, «1 жасар балама қандай кітап алсам екен?» деген сұраныспен келеді. Ал осы әр жастағы балаларға арналған тақпақтарды, әңгімелерді, ертегілерді жазатын авторлар. Дегенмен біздің ақын-жазушыларымыз, балалар кітабының авторлары заманауи бағытқа толығымен бетбұрыс жасай қоймады. Бірақ өзгеріп келе жатыр. Себебі бұл – заман талабы.

Балаларға арналған кітаптар көркем суретті, әдемі, ашық түсті, бояуы қанық болуы керек. Бұл баланың эстетикалық қабілетін дамытады. Бала қолына алған ең алғашқы кітап оны қызықтыра білсе, болашақта кітапқа деген қызығушылығын арттыра түседі. Яғни, балаға арналған кітап шығару, кітап жазу – бұл өте жауапты іс.

Балаға арналған шығарма жазу өте қиын. Мысалы, психологиялық тұрғыдан қарасақ, балалар әр жаста әртүрлі болады: сөздік қоры, ойлау қабілеті, т.б. Жасына қарай баланың дамуы, психологиясы өзгеріп отырады. Бала өскен сайын білгені де, көргені де артады. Сондықтан қазіргі таңда авторларымыз әр жастағы баланың сөздік қорын, даму ерекшеліктерін зерттеп барып, балаша ойлана, балаша сөйлей білулері керек. Міне, сонда ғана ол сол жастағы бала түсінетін, қызығатын шығарманы дүниеге әкеледі.

Баланың тілін дамыту мақсатында әдеби-көркем тілдердің бәрін қолдана салуға болмайды. Бұл баланың қабылдауына кері әсерін тигізеді. Сөздік қорын байытуды саралап, жайлап енгізіп отыру керек. Әрі осындай сөздер мен сөз тіркестеріне түсініктеме беріп кеткен жөн.

Мен журналистердің жиі айтатын: «қазақ тілінде шыққан кітаптар аз» деген пікірлеріне келіспеймін. Біздің баспадан шыққан кітаптардың  90%-ы – қазақ тілінде шыққан кітаптар. Алайда орыс тілінде, ағылшын тілінде шығарған туындыларымыз да жоқ емес. Дегенмен орыстілді балаларға арналған Ресейден келіп жатқан кітаптар кітап дүкендерінде толып тұр, сондықтан біз негізі қазақ тілінде шығаруды жөн көрдік.

Баспа үнемі шығарған кітаптарымыздың өтілімін сараптап отырады. Сараптама көрсеткіші бойынша, қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымы өте жоғары.

Қорыта айтар болсам, баспамыздың алдында әлі көптеген міндеттер тұр: кітап нарығын, әсіресе балаларға арналған кітаптарды үнемі зерттеп отыру керек. Кітапқа деген жаңаша көзқарас үнемі жалғасын тапқан жөн. Ата-аналарымыздың сұранысын ескеріп отырған абзал. Ал авторларымыз шығарма жазудағы ерекшеліктерін заман талабына сай өзгертуге талпынса, баланың тілін, психологиясын, жан-жақты даму ерекшеліктерін ескерсе, әр жасты жеке-жеке қарауға бағыт бұрса, бұл қысқа өлең шумақтарын, әңгімелерді, ертегілерді баланың танымына сай жазуға көмегін тигізер еді. Осының бәрі балаларға арналған кітап санын көбейтіп, сапасын арттырады деген сенімдемін.

Балаларға арналған кітаптардың түрі өте көп. Көлемі де әртүрлі. Сондықтан әр кітаптың өз құны болады. Мысалы, әшекей тастармен безендірілген, беттерін ашқан сайын көлемді бейне шығатын сыйлыққа арналған мұқабасы қалың кітаптардың, сан алуан кітап-ойыншықтардың бағасы қымбатырақ болады. Соңғы сараптамалар бойынша осындай қымбат кітаптардың сатылымы төмендеп кетті. Менің ойымша, бұл – халқымыздың әлеуметтік жағдайының төмен екенінің көрсеткіші. Себебі керісінше құны арзан кітаптарымыздың өтілімі жақсы. Сол үшін де біз қазір, негізінен, бағасы қолжетімді кітаптарды шығаруды қолға алдық.

Жеңіс ҚАЗАНҒАПОВ,«Фолиант» баспасы директорының

редакциялық-баспа істері бойынша орынбасары:

БІЗДЕ МЫҚТЫ АВТОР ЖОҚ

– Біздің баспадан шығатын кітап дизайндарына көңілім толады. Бірақ мемлекеттік тапсырыспен шығатын балалар кітаптары бұрынғы Кеңес өкіметіндегідей көркемделеді. Сондықтан дизайн, суретшілермен жұмыс істеу керек. Бұл жерде тек олар емес, баспаның өзі де кінәлі деп ойлаймын. Жақсы ақша төлесе, сапалы иллюстрация жасауға болады. Балаларға кітапты ата-­аналары алып беретін болғандықтан, оқитын кітаптары да олардың талғамына байланысты. Әлемде тенденция өзгеріп жатыр. Классикалық иллюстрациялар қазір көп қолданылмайды. Қазір монохромды, эмоция беретін суреттер көп қолданылады. Әр оқырман талғамына сай кітапты алады деп ойлаймын.

Бізде балаларға арналған кітап жазатын дұрыс автор жоқ. Әдемі сюжет және мағынасы бар кітап жазған дұрыс. Себебі балалар кітаптарының мағынасыз болуы дұрыс емес. Бізде дұрыс автор жоқ болғандықтан, көбіне аудармаларды береміз. Дизайн жағынан бізде проблема жоқ. Себебі суретші жақсы жұмыс істесе, бізге түзету басқа да жұмыстар оңай болады. Қазақстандағы балалар кітабының мәселесі балалар үшін жазатын авторлардың жоқтығында деп ойлаймын. Қарапайым тісті қалай жуу керек, қалай жуыну керек деген сияқты күнделікті қажетті кітаптарды да шығаруға болады. Мұндайды тек біз шетелден көреміз. Жалпы заманауи ойлап, сол үрдіске ілесуіміз керек.

P.S: Қазіргі заман балаларын байырғы қарапайым дизайнмен қызықтыра алмайсыз. Шығарма оқыр­манға өтімді болу үшін жақсы иллюстрация қажет. Иллюстрациясы ерекше кітаптардың құны да жоғары. Мұны басып шығаруға авторлардың қалтасы көтермейді. Мемлекет тарапынан авторларға қолдау көрсетіп, балалар әдебиетіне көңіл бөлеміз деп жүргенде өзге құндылықты сіңірген ұрпақ өсіп кетпесе болғаны…

Айзада Жайыққызы

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button