Жаңалықтар

Балаларға қамқорлық қажет

Жеделсөз

Римма Иманғазинова, Астана қалалық Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма басшысы:
– Римма Асымқызы, депар­таменттің Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқарма болып қайта құрылуына не түрткі болды?
– Еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында, қала әкімдігінің 2013 жылғы 2 шілдедегі қаулысымен Астана қаласы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі басқармасы құрылды. Басқарма қызметі – баланың құқықтары мен бостандықтарын сақтау және қамтамасыз ету бойынша мем­ле­кеттік саясатты іске асыру.

– Астанада кәмелетке толмаған қанша бала бар? Олардың әлеу­меттік жағдайы қалай?
– 2013 жылғы 1 қаңтардағы мә­лімет бойынша 214 047 кәмелетке толмаған бала бар. Оның ішінде білім беру мекемелерінде 376 жетім бала, 1 060 аз қамтылған отбасы балалары, көп балалы отбасынан шық­қан 6 269 бала тіркелген. Бұл ба­ла­лардың барлығына қолдау қа­жет. Қала әкімдігі тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық танытып келеді. Мәселен, олар мектепте тегін тамақтанады. Киім-кешек, жолақы билеттерімен қамтамасыз етілген. Бұл санаттағы балалар жазғы демалыс ке­зінде сауықтыру лагерь­лерінде тегін демалады. Өмірде қиын жағдайға тап болған, шиеттей балалары бар от­ба­сыларға түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жәрдем көрсетіледі. Ал, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Ата-ананың қамқорлығынсыз қал­ған балаларды әлеуметтік-пси­хо­ло­гиялық қорғау мақсатында орталық жанынан «Отбасыларға қолдау көр­сету» қызметі құрылды. Бүгінде орта­лықта 563 бала тәрбиеленуде.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Өздеріңізге мәлім, «Мектепке жол» акциясы аясында 267 оқушыға 3 млн 390 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Акция кезінде көмекке мұқтаж балаларды анықтау мақсатында «Түнгі қаладағы бала­лар», «Саяжай», «Жасөспірім», «Ка­ни­кул», «Бала еңбегі» және басқа да шұғыл алдын алу рейдтері жүргізілді. Астана қа­ласы әкімдігінің қолдауымен 24-30 тамыз аралығында Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы арнайы жәрмеңке өткізетін болады. Онда балаларға арналған мектеп формасы мен оқу құралдары төмен бағамен сатылады. Сонымен қатар, «Ар­наулы әлеу­меттік қызмет көрсетудің үлгісін іске асыру үшін жасалатын бес қадам» жобасына сәйкес жұмысты одан әрі жалғастыру көзделуде. Жалпы, балалардың құқықтарын қорғау мәселесі бойынша 55-67-11, 55-67-05 байланыс телефондарына хабарласуға болады.

 Гүлмира Аймағанбет

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button