Басты ақпарат

Балаларымыз не оқып жүр?

Қазіргі ата-аналардың біразы баласының материалдық жағдайын жасаса да, рухани әлеміне еш мән берер емес. Киімі көк, көңілі тоқ көп баланың ой-санасы жұтаң. Тәрбие талбесіктен басталмай ма? Өрісі биік бала өседі, өресі тар бала өшеді. Мәселе баланы қалай тәрбиелеуде емес. Кітап оқымайтын буынның өсіп келе жатқанында.

Ата-бабаларымыз «оқыған бала» деп оқудың қадір-қасиетін санамызға мықтап сіңірген еді. Сол оқыған ұрпақ бүгін қатарынан кенже қалған жоқ. Ғылым мен білімнің, қарыштап дамыған технологияның тілін таба білді. Кітап пен смартфон тұрса, ойланбастан смартфонды таңдайтын, кітапты кітапхана сөресінен ғана көретін ұрпақтан қорқу керек. Себебі кітап оқымаудың соңы баланы рухани мүгедектік пен қатыгездікке алып келеді. Мамандардың айтуынша, балаға ата-анасы аптасына 3-5 рет кітап оқитын болса, ол қатарынан 6 айға озады екен. Ал баласы 5 жасқа толғанша анасы кітап оқып бермесе, онда құрдастарынан 2 жыл артта қалып қоятын көрінеді. Балабақшалар мен мектеп оқушыларына арналған әдеби шығармалар жоқтың қасы. Бүгінгі жас ұрпақтың мәселесі ертеңгі ұлттың қасіретіне айналмауына кім кепіл?
Кітап оқу адам бойында бала күнінен қалыптасқан дағды болуы тиіс. Өмірі кітап оқымаған жан бірден «Абай жолын» қолға алса, кітап оқуға деген ынтасы төмендеп кетері анық. Сондықтан кітапты да саты-сатымен, жеңілінен ауырына, балалар әдебиетінен ересектер классикасына ауыса отырып оқыған дұрыс. Сол кезде ғана адам санасы біртұтас әлемге айналады. Балалар әдебиеті мәселесі қоғам қайраткерлерін де бей-жай қалдырған жоқ. Жыл басында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп балалар әдебиетін дамыту жайлы Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. «Бауыржан ­Момышұлының «Ертегісіз өскен бала рухани мүгедек адам» деген қанатты сөзі бар. Гүлге су құймаса, солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы бөлінбесе, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-­анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын?! Сондықтан халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу қажет. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді. Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады» деді Нұртөре Жүсіп.
Соңғы үш жылда отандық баспалардан балаларға арналған небәрі 364 кітап шығыпты. Әр жылы 1000-1500 данамен басылатын кітап бір ауданның балаларынан аспайды. Кезінде балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі жылына 300 мың таралыммен ондаған жыл бойы жарық көрген. Тәуелсіздік алғалы балаларға арналған кітаптардың 70 пайызы мемлекеттік тілде басылып келе жатса да таралымы бір «Менің атым Қожа» повесіне жетпеген. Иә, «балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын». Түйткілдің мәні мемлекеттік деңгейде балалар әдебиетіне жағдай жасай алмауда жатқан жоқ па?

Қайдасың, жас жазушы?

Жолы кіші демесеңіз, балалар әдебиетіне қалам тербеу үшін үлкен жүрек пен қайтпас жігер керек. Себебі балалар – талғампаз әрі жаны нәзік. Содан болар, бізде балаларға арнап жазып жүрген қаламгерлер қатары сирек. Баспалар көбіне бұрынғы классиктердің шығармаларын бірнеше қайталап басып келеді. «Қазіргі қазақ әдебиеті де, жалпы баспа саласы советтік вакуумда қалып қойған. Вакуумнан шығу керек. Балалар әдебиеті деген өзіңнің балалық шағыңды жазып шығу емес. Қазіргі балаларға не керек екенін ескеру. Бүгінгі балалардың таным-түсінігі басқа. Қызығатын дүниелері мүлдем бөлек. Шығармаларда қазіргі дала, қазіргі қала болу қажет. Балалар шығармалардан дәл қазір қолданып жүрген заттарын, дос-құрбыларын, анығында өзін көргісі келеді. Байқасаңыз, бүгінгінің балалары Отанды құндылық деп есептемейді. Дүниенің қай бұрышы да ортақ мекен деп біледі. Себебі олар білім алып, өзін тұлға ретінде дамыту үшін шетел асудан қорықпайды. Сондықтан отаншылдық бағыттағы, патриотизмге баулитын шығармаларды көбірек жазу керек. Сондай-ақ құрғақ моральды, уағызды қабылдамайды. Сол себепті шығармалар өзегінде оларды селк еткізетін керемет идея болғаны жөн» дейді балалар ақыны Серікбол Хасан.Жас жазушыларымыз жазудан қашып жүрген жоқ. Олар дайын шығармасын басып шығаратын баспа таба алмай қиналады. Тапса да сұраған қаражаттарын қалтасы көтермей талай рет тауы шағылып беті қайтқан. Жас жазушы Мейіржан Жылқыбайдың айтуынша, көп баспагерлер ешкім танымайтын жазушылардың шығармаларын баспайды. Өйткені қоғамға белгісіз есімді таныстыру мен кітапты сату артық жұмыс. «Қаншама ай, мүмкін жылдар бойы еңбектенген туындыңды өз қалтаңнан басып шығаруға біздің елде көп қаржы керек. Ал баспадан шыққан кітабыңның сапасы ақысына сай келмей жатады. Бұдан ары оқырманға кітапты сатудың өзі қиын. Мен кітаптарымды сату үшін арнайы сайт аштым, кітап дүкендеріне беріп, әлеу­меттік желіде жарнамалап жатырмын. Бірақ кітап өз бағасын әлі де ақтаған жоқ» деді жас жазушы.
Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, балалар әдебиетін дамыту үшін балалар драматургиясы, балалар прозасы, балалар поэзиясы бағыттары бойынша түрлі бәйгелер ұйымдастырып, балалар жазушыларын ынталандыру керек. «Мемлекетте қаражат жоқ емес. Соның ең кем дегенде 50 пайызын балалар әдебиетін дамытуға бағыттау қажет. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босатса. Жергілікті әкімшіліктер тарапынан кітапханаларда «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтырса дейміз» деді Сенат депутаты.Аудармаға арқа сүйеме

Балалар әдебиетін елең еткізген биылғы жылдың бір жаңалығы әлемнің 80 тіліне аударылған Жоан Роулиңтің Хәрри Поттер жайлы кітабының қазақ тілінде жарық көруі болды. Steppe World & Publishing баспасы аударған «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы аз уақыт ішінде көптің көңілінен шыққан сапалы аударма болды. «Қазір қазақ аудиториясы шетел әдебиетімен негізінен Ресей арқылы танысады. Шығарма әуелі орыс тіліне, кейін қазақ тіліне аударылғанда бастап­қы ерекшелігі, мағынасы жоғалады. Ал біз кітаптарды тек түпнұсқадан аударамыз. Аудармашыға түпнұсқа тілді 100%, ал қазақ тілін 200% білуі керек деген талап қоямыз. Аудармадан қазақ тілінің иісі аңқып тұруы керек» деді баспагер Раиса Қадыр.Шыны керек, қазіргі кітап дүкендерінде тұрған балалар әдебиетінің басым бөлігі – аударма кітаптар. Алайда сол ақсап тұрған аударманың салдарынан балалардың сөздік қоры жұтаңдануда. Баспагердің айтуынша, қазақша кітаптарға сұраныстың болмауына сапасыз аударма кінәлі. Шығармалар дұрыс аударылмаған кезде оқырмандарда «қазақ тілді кітаптар түсініксіз» деген стереотип пайда болады. Сосын ел арасында қазақ тілі әлемдік деңгейдегі бестселлер тілі емес деген қисық көзқарас бар. Steppe World & Publishing баспасы осы қағидаларды бұзып, қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат еткен. «Алматыға келген бір сапарымда кітап дүкендерін аралап, қазақ тілінде сапалы әдебиет таба алмадым. «Тәуелсіз елде халық қалай өз тілінде кітап оқымайды?» деген сұрақ маза бермеді. Өйткені қай елге барсам да, сол халықтың тілінде шыққан кітаптарды көремін. Кейін сатып алған кітаптарым үйдегі балаларға қызық болмай, олар бір-екі рет бетін ашқаннан кейін ары қарай оқығысы келмейтін болды. Бірақ соңғы үш жылда балалар әдебиетінде жақсы өзгерістер бар. Қазір үлкенді-кішілі баспалардың бәрі қазақ тілінде кітап шығара бастады. Бұл қазақтілді кітап индустриясы мен нарығын қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Сан артқан соң, бәсеке туып, содан сапа түзеледі» деді Раиса Қадыр.
Балалар ақыны Серікбол Хасанның айтуынша, бізде Жоан Роулиңтің кейіп­керлерінен де қызықты мыңдаған мифологиялық кейіпкер бар. Кемшілігіміз – соларды тірілтіп, заманауи шығармаға айналдыра алмай жатқанымызда. «Аудармамен айналысатын баспаларда мынадай стереотип қалыптасқан. «Қазақ авторлары шетелдіктердей жаза алмайды» дейді. Ол – қате ұғым. Олар бар болғаны қазақ авторларымен жұмыс істегісі келмейді. Істеген күнде де батыстық ұғымдарды сыналап таңады. Шығыстың құндылықтарын құндылық санамайды. Әйт­песе бізде мүмкіндігі бар көптеген авторлар бар. Біздің қаламгерлердің кемшілігі – ізденбейді, қазіргі қоғамның сұранысын, балалардың талғамын зерттемейді. Әйт­песе ел арасында жақсы қаламгерлер жетерлік. Доктор Сьюз, Джоан Роулинг секілді авторларды біз де жасауымыз керек. Ол үшін команда болып жұмыс істеуіміз қажет. Бұл топта автордан бөлек, қоғамның тамыршысы – әдеби агент, балалардың қызығушылығын зерттеуші – психолог, кітаптың өтіліміне тікелей жауапты маркетинг, менеджмент мамандары болғаны жөн. Себебі бүгінде біз мақтап жүрген шетелдік авторлардың бәрі де осылай қалыптасты. Бізге де бұл бағытты қолға алатын уақыт жетті» дейді Серікбол Хасан.

Заманына сай кітабы

Нарықтағы кітаптардың өтімділігі оның санына емес, әдемілігі мен мазмұнына байланысты бағаланады. Ал бүгінгі кітаптардың көпшілігінің мазмұны да, дизайны да ескірген. Артық қыламын деп, тыртық қылатын кейбір суретшілеріміз батырларымыздан робот, жалмауыз кемпірден зомби жасаған. Қаражатты үнемдеп, басып қалуға тырысатын орта деңгейдегі баспаларда «суретші» деген атымен жоқ. «Қазір әлемде полиграфия жақсы дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Кітаптардың бағасы қымбат. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады. Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз, суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып, айырылмай қалады. Сондай-ақ Ресейде «Театр теней» деген де керемет қосымша бар. Сурет арқылы балаларды әдебиетке қызықтырады. Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет және гаджеттер ғасырында балалар кітап туралы ұмытпауы тиіс» дейді Нұртөре Жүсіп.
Елімізде балалар кітабын шығарумен тұрақты түрде айналысып келе жатқан «Аруна» баспасында 20 жылдың ішінде екі мыңға жуық балалар кітабы жарық көрген. «Мемлекет тарапынан балалар әдебиетіне қолдау жоқ емес, бар. Бірақ шығып жатқан кітаптардың таралымы аздық етіп отыр. «Аруна» – мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға қатысып жүрген баспалардың бірі. Алайда бұл бағдарламалар аясында шығып жатқан кітаптардың таралымы 2000-нан аспайды. Яғни еліміздің шалғай аймақтарындағы балаларға көптеген кітаптарымыз әлі де жетпей жатыр. Мемлекет тарапынан баспаларға, кітап дүкендеріне деген қолдау болса, салық мәселесі қайта қаралса деген үміттеміз. Балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптар аз деген ойға мен келіспеймін. Қазақстандық, сапасы жоғары төл кітаптарымыз бар. Олардың түрлері де өте көп. Баланың қызығушылығын арттыратын картон кітаптар, ойыншық кітаптар, бүктемелі, кең көлемді жазылмалы кітаптар, 3D форматтағы кітаптар шығарудамыз. Тіпті сөйлейтін, ертегі айтатын, әуен шығаратын түрлері де бар. Ең бастысы, біздің баспа кітаптың санына емес, сапасына көңіл бөледі. Балаларға арналған кітап болғандықтан түрлі-түсті, суреттері анық, бояуы қанық, әдемі, тілі жеңіл (балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып шығарылған), баланың кітапты оқуға деген қызығушылығын оята алатын болуы керек. Сондықтан кітаптарды безендіру мақсатында қазақстандық белгілі суретшілерді де таратамыз. Дизайны мен мұқабасына көп көңіл бөлеміз. Кітап мұқабасын безендіру – өте күрделі және жауапты жұмыс. Оның ішінде балалар басылымдарын безендіру соншалықты оңай емес. Сондықтан безендіру жұмысы баспамыздағы дизайн орталығына жүктелген, дегенмен әр кітаптың ұтымды болып шығуына тек орталықтың мүшелері ғана емес, редакциялық алқа, шығармашылық топ та атсалысады» деді «Аруна» баспасының бас редакторы Қарлығаш Байғабылова.

«Z ұрпақ» кітап оқыса

Әлеуметтік желіге кітап оқу туралы пайдалы пост жазатын Данияр Жігітбекті оқырмандар қауымы «еліміздегі ең көп кітап оқитын» адам ретінде жақсы біледі. Данияр мұғалімдердің ұйытқы болуымен 12-13 жасынан әдеби кітаптар оқи бастаған. «Өзімді кітапты көп оқитындар қатарына қоспаймын. Жылына орта есеппен 30 кітап оқимын. Бір байқағаным, кітапқа жақын адамдардың ойы ұшқыр, сөзі мәнді, ісі нәтижелі болады. Балаға кітап оқу мәдениетін кішкентай күнінен бастап қалыптастыр­ған дұрыс. Мысалы, менің балам қазір ертегі тыңдайтын жасқа жетіп қалды. Бірақ мен оған қандай ертегі оқып беретінімді, қандай кітап әперетінімді әлі таппадым. Балалар әдебиетіне сұраныс бар. Ұсыныс жоқ. Балалар кітабы қоғамда дұрыс насихатталмай жатыр. Олардың кітап оқымауының тағы бір себебі – қажеттіліктің туындамауы. Егер де бала өз мәселелерін шешудің жолын кітаптан іздеуді үйренсе, кітап оқуға деген қажеттілігі болады. Жасөспірімдер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру үшін қазіргі цифрлы жүйені қолдануымыз керек. Гаджетте электронды кітаптар 3D, 4D форматта жасалса. Шетелдерде арнайы bot-тар бар. Балаға кітаптың кішкентай бөлігін жібереді. Оны оп-оңай оқып шыққаннан кейін қызығып жатса «келесі» деп жазады. Сосын арнайы bot оған қалған бөлігін жіберіп отырады. Сөйтіп ол бүкіл кітапты қалай оқып шыққанын байқамай қалады» деді Данияр Жігітбек.
Технология дамып, барлық ғылым саласында адамзаттың мүмкіндігі артқан сайын өскелең ұрпақтың өмірге деген көзқарасы өзгеруде. Қазіргі мектеп жасындағы балаларды әлеуметтанушылар «Z ұрпақ» деп атайды. Бұл буынның өкілдері таң атқаннан кеш батқанға дейін виртуалды әлемде өмір сүре алады. Нәтижесінде жастардың ақпаратты қабылдау межесі өсіп, ал бір затқа өзінің назарын 8 секундтан артық бөле алмау проблемасы туындайды. «Балалар жазушылары жазған шығармалардың балалармен қауыша алмай жатуының бір себебі Z ұрпақты қандай әдебиет қызықтыратынын зерттемеуінен секілді. Бұлардың қызығатын заттары: табыс, саяхат, ғылым, робототехника, өнер, қайырымдылық (волонтер). Бүгінгі балалар көбіне осындай тақырыптардағы әдебиетті іздейді. Тағы бір жайт – бұл балалардың ақпаратты қабылдау межесі жоғары. Кітаптың алғашқы беті олар үшін маңызды. Егер шығарманың бірінші парағында сіз оларды қызықтырып, ертіп әкетпесеңіз, ары қарай оқымайды» деді Серікбол Хасан.
Балалар әдебиетін дамыту үшін мемлекеттік қолдау ауадай қажет. Осы мақсатта Ұлттық академиялық кітап­хана басшысы Үмітхан Мұңалбаева 2021 жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп атауды ұсынды. «Қазақ тілінде жазылған отандық балалар әдебиеті мен жас жазушыларға мемлекеттік деңгейде қолдау көрсету керек. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттер кітап арқылы біртіндеп сіңеді. Баланы кітап оқуға баулуды әрбір ата-ана, ұстаз өзінен бастауы тиіс. Қазіргі балалардың көбі компьютерлік ойындарға әуес. Соған қарамастан біз кітапхана ішінен арнайы балалар кітапханасын ашып, ата-аналармен бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Қазіргі таңда балалар кітапханасына 7908 оқырман тіркелген. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, балалардың ең көп оқитын кітаптары – бұрынғы классиктердің шығармалары» деді Үмітхан Мұңалбаева.
Кітап оқымаған бала нәр алмаған шыбықпен тең. Әр ата-ана өз баласының кітап оқуына ықпал етуі тиіс. Технология заманы деп ұл-қызын тек компьютер алдына таңбай, бір мезгіл кітап оқытса баланың қия­лы ұшталып, тұлғасы қалыптасады. «Гаджет атаулы қанша дамыса да, адамның мейіріміне, ата мен әженің ертегісіне жетпейді. Дәл қазіргі уақытта біздің қоғамдағы ең күрделі мәселелердің бірі – кітап оқу деңгейінің төмендеуі. Қоғамда «кітап культі» болуы керек. Мұнсыз алысқа бара алмаймыз. Бала тұрмақ, арнайы тіл мамандары немесе сол салаға жақын қоғам иелері болмаса, ересектердің өзі де кітап бетін ашпайтын халде екені – ащы шындық. Бұл мәселе тек бізде ғана емес, шет мемлекеттердің көбінде, тіпті кітап өркениеті дамыған Батыс Еуропа елдерінде де дабыл қағарлық деңгейге жетіп отыр. Мұндай қауіп адамгершілік және құқықтық өлшемдері жетілген, өмірлік құндылықтар жүйесі нақтыланған қоғам орнату үшін үлкен кедергі болатыны сөзсіз. Сол себепті де, әсіресе, біздің еліміз үшін, кезек күттірмей шешілуі тиіс түйткілдің бірі – қоғамның, оның ішінде жастар мен балалардың кітап оқу мәдениетінің қалыптасуы» деді Нұртөре Жүсіп.
Егер біз қазіргі балаларға қажетті шығарма жазып ұсына алмасақ, олар бұл бостықты басқа нәрсемен толтырады да, ертең опық жейміз. Себебі болашақта біздің елді осы балалар басқарады.

Көктем ҚАРҚЫН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button