Айтпайын-ақ деп едім!Басты ақпарат

Балақтан кіріп, басқа шықпасын

Соңғы кездері әлеуметтік желіде бір қытай әйелдің Қазақстанда қытайларға жер саудалап жүрген видеосы тарады. Әрине, Қазақстанда жер саудасы қазір қызып тұрғанымен, әлгі әйелдің астамси сөйлегені бізге біраз ой салды.

-Мына жерге 100 мың доллар жұмса да, біраз қазақты әкеп қой бақтырып қой. Тағы біраз ақша жұмсап жерді қоршап, 1000 қой бақтырсаң, малыңның басы бірер жылда 10 мыңға жетеді, – деп ақылгөйсіп тұр. Әсіресе, оның қазақты «қаса» (Қытайда қазақ ұлтын бұлай айту кемсіту саналып, олай айтуға тыйым салынған) деп кемсіте сөйлегені, оның сөзін қостаған әлдекімнің «қазақтан 8 қатын алып қой бақтырып қой» деп дарақылана күлгені шымбайымызға батты.

Қазақстанға келіп, әртүрлі жолмен азаматтық алып, жағдайы жақсарғаннан кейін өзінің кім екенін, қайдан келгенін ұмытып кететін кеудемсоқтар аз емес. «Атамның шоты аса-аса тиеді» дегендей, олар тіпті кейде қазақ ұлтын қаралауға, сайқымазаққа айналдыруға дейін барады. Өткен жылдың соңында өзбек азаматының күллі қазақты сыпыра боқтап, басшыларға дейін тіл тигізгені – соның айғағы. Оған заңмен тыйым салып, қатаң шара қолданбағаннан кейін, көбі аузына келгенін оттап алады да, соңынан кешірім сұрап құтылады. Қоғамда мұндай жағдайдың етек алуына, бастысы, мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазақ халқының мүддесі ескерілмеуі себеп болып отыр. Өйткені ұлттың рухын, мемлекеттің беделін сақтау жағы заңда қарастырылмаған.

Биліктің айтқанына сенсек, Қазақстанда шетелдіктерге жер сатылмайды. Бірақ Қазақстан азаматына үйленіп немесе тұрмысқа шығып, 5 жылдан кейін азаматтық алғандардың жер сатып алуына шектеу жоқ.  Демек, жоғарыдағы әйел де осындай жолмен азаматтық алып, одан соң жер алған болуы мүмкін. Оның қаншалық жер алғанын, оған қанша жерлестерін  шақырып орналастырып қойғанын тексеріп, бақылап анықтап, «Палестинадағы жер сатуға құныққан арабтардың аяғын құшпайық» деп сақтық жасап отырған мекеме бар ма? 10 шақты жыл бұрын ала дорба сүйретіп келген әйелдің бүгінгі таңда Алматының ортасындағы үлкен базардың қожайы­нына айналғанымен қоймай, бүгін шетелдікке жер саудалап жүргенін қалай түсінуге болады? Ол азаматтықты қалай алды? Қандастардың өзі әзер алатын азаматтық ақшалы шетелдіктерге сатылып, ол әлдекімдердің бизнесіне айналып кеткен жоқ па? Бізді осы сұраулар алаңдатады.

Әрине, БҰҰ мойындаған, шекарасы шегенделген біздің елге ешкім әскер шығарып, ашық басып алмас, бірақ бүгін жалбыз­дап кіріп, ертең жағаңа жармасатын жау жоқ деп ешкім айта алмайды. Бүгін біздің елдің азаматтығын алып, саудасын дөңгелетіп отырған адам ертең сайлауға қатысып билікке келуі де бек мүмкін. Елдің ішкі саясатына ықпал ету үшін оған сырттай сүйеу болатындар да табылады. Біздің билік осы ұзақ болашақтық мәселені ескеріп, етегін қымтай ұстағаны жөн деп санаймыз.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button