Басты ақпаратҚала мен Сала

Бас қала болашақта қалай дамиды?

Сарыарқа төсінде қанат жайған шырайлы шаһар, еліміздің жүрегі саналатын Астана қаласы жыл өткен сайын көркейіп, гүлденіп, ажарланып келеді. Елорданың ертеңі қала тұрғындарын ғана емес, әрбір қазақстандықты алаңдататыны ақиқат. Осыған орай, бүгінде бас қалада қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, Астананың 2035 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасы талқылануда.

Бұл ретте астаналықтар өз ұсынысын айта отырып, мегаполистің келешекте қалай дамитынын, сапалы инфрақұрылымды қамтамасыз ету үшін қалада қандай жұмыс атқарылып жатқанын, болашақта жаңа балабақшалар мен мектептер, медициналық орталықтар мен саябақтар, жолдар мен көпірлер пайда болатынын, яғни елорда тұрғындарына жайлы өмір сүру үшін қажет әлеуметтік инфрақұрылымды өз көзімен көре алады.

Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынас­тары басқармасы «Астана Бас жоспар» ҒЗЖИ-мен бірлесіп, қала тұрғындарын 2035 жылға дейінгі елорданың Бас жоспарының жобасымен таныстырды.

Көрмеге қала тұрғындары, журналистер мен блогерлер, сондай-ақ елорда сәулетшілері, олардың ішінде ҚР еңбек сіңірген сәулетшісі, ҚР Өнер академия­сының академигі, қаладағы Сәулетшілер одағының президенті Серік Рүстембеков және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі Төлеу­тай Жарылғанов қатысты. Алғашқы күннің өзінде оған 200-ден астам адам келді.

Қоғамдық тыңдауды Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмас Жаңбыршы алғысөзбен ашты.

– Біз елордалықтардың ұсынысы мен өтінішін, оларды толғандырған өзекті мәселелерді тыңдауға дайынбыз. Барлық ескертулер назарға алынады. Осы жобаны аяқтау 2023 жылдың екінші тоқсанында жоспарланып отырғанын еске салғым келеді. Жария тыңдауда көтерілген мәселелер бойынша қайта жиналып, қорытынды шығаратын боламыз, – деді басқарма басшысы.

«Астана Бас жоспар» ҒЗЖИ мамандандырылған шеберханасының жетекшісі Бақтияр Тоқтамысовтың айтуынша, елорданың Бас жоспарын әзірлеудің негізгі фактілері мен алғышарттары – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, инженерлік инфрақұрылым салу, жаңа рекреациялық аймақтар, жасыл желектер құру.

Жалпы қала трансформацияның екі кезеңінен өтетінін атап өтті. – Бірінші кезең 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр, онда
1 млн 480 мың адам тұрады деп күтілуде. Екінші кезең 2 млн 275 мың адамға дейін болжанады

– «Бас қала 2035 жылға дейін қандай болады?» деген сұрақ елордамыздың барлық тұрғынын мазалайтыны шындық. Бұл ретте қаланың қаңқасы сақталатынын, алдағы уақытта жасыл желектерді отырғызу, рекреациялар, жаңа скверлер, саябақтар салу, сондай-ақ К-3 үшінші айналма жолының құрылысы және әрине, тиімді, сапалы және қауіпсіз көлік инфрақұрылымы мен инженерлік желілер құру жоспарланып отыр­ғанын атап өткім келеді, – деді Бақтияр Тоқтамысов.

Оның айтуынша, қаланың дамуы Мәңгілік ел даңғылы бағытында, Қарағанды тас­жолына, Ш.Айтматов көшесі мен Тұран даңғылының аудандарына қарай жүріп жатыр.

– Қаланың дамуына сәйкес, аталған бағыттарда аспалы қасбеттік жүйелер-3 құрылысын, айналма су құбырын салу және Астана су қоймасын толтыру, газдандыруды жүзеге асыру көзделіп отыр. Біз халықтың өмірін, тұрғындардың өмір сүруіне барынша ыңғайлы жағдай тудыру үшін дәл осылай жасағымыз келеді, – деп толықтырды шеберхана жетекшісі.

Сондай-ақ ол жалпы қала трансформацияның екі кезеңінен өтетінін атап өтті.

– Бірінші кезең 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр, онда 1 млн 480 мың адам тұрады деп күтілуде. Екінші кезең 2 млн 275 мың адамға дейін болжанады, тиісінше, осыған сүйене отырып, құрылыс тығыздығы, көлік пен инженерлік инфрақұрылымға жүктеме артады, – деді шеберхана жетекшісі.

Бақтияр Тоқтамысов халық санының өсуі қаланың статистика­лық деректері бо­йынша болжанып отырғанын, демография мен маятниктік көші-қон да талданатынын, яғни қалаға күн сайын Қоянды, Қосшы, Талапкер және т. б. елді мекендерден келетін адамдар ескерілетінін атап өтті.

Қаланы дамытудың Бас жос­парының негізгі артықшы­лығы дамуды бірнеше жыл бұрын жоспарлауда болып отыр. Соның арқасында аумақтың жоспарлы, үйлесімді дамуын қамтамасыз ете отырып, құрылыс жан-жақты жүзеге асырылады.

САНДАРДЫ СӨЙЛЕТСЕК

1961 жылы «Ленинград мемлекеттік құрылыс жобасы» жобалау институты алғаш рет 250 мың адамнан тұратын қаланың Бас жоспарын жасады, ал 1989 жылы «Қазгипроград» жобалау институты 350 мың адамға дейінгі екінші Бас жоспарды әзірледі.

Елорданың қалыптасу кезеңінде орасан зор жұмыс атқарылды. Тұрғындардың саны артып, жыл сайын Астана кеңейіп, көркейіп, заманауи мегаполиске айналуда. 2001 жылы халықаралық байқау­дың қорытындысы бойынша Кисе Курокава бастаған жапон агенттігі 2030 жылға дейін 800 мың халқы бар қалаға жоспар құрды. Бірақ қала әлдеқайда тез дамыды.

Кез келген құжат сияқты, жоспар да түзетулерді талап етеді. Осылайша, 2010 жылы «Астана Бас жоспар» ҒЗЖИ халық саны бойынша 1 млн 200 мың адамға дейін және 2016 жылы 1 млн 220 мыңға дейін өзгеріс енгізді.

– Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында елорда халқының саны 1 млн 240 мың адамға жетті, бұл біз болжағаннан сегіз жылға озып кеткенімізді көрсетеді. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылғы қараша айының басында бұл көрсеткіш 1 млн 340 мыңға жетті, – деді «Астана Бас жоспар» ҒЗЖИ директорының орынбасары Қуаныш Қабдуалиев.

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫ

Жаңа Бас жоспар бойынша тұрғын үй қоры 68 млн 250 мың шаршы метрді құрайды.

– Бұл көрсеткіш халық саны­мен тікелей байланысты, оның болжамды көрсеткіші 2035 жылға дейін, біз есептегендей – 2 млн 275 мың адам. Осындай өсіммен бұл көрсеткіштен асып түсуіміз мүмкін, – деді Қ.Қабдуалиев.

Оның айтуынша, жаңа аумақтарды игеру – бұл, ең алдымен, жаңғырту бағдарламалары, яғни тұрғындардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ескі тұрғын үйлерді ысыруға және босатылған аумақта жаңа құрылысқа бағытталған бағдарлама. Ұсынылған ысыру схемасына сәйкес, оның көп бөлігі қаланың оң жағалауында жүзеге асады.

Жоба бойынша 2025 жылы 730 гектар жерді алып жатқан 167,7 мың шаршы метр тұрғын үй қорымен, 2035 жылы 1362 гектар жерді алып жатқан 656,3 мың шаршы метр ескі тұрғын үй сүріледі. Қуаныш ­Қабдуалиев атап өткендей, бұл әдіс оң жағалаудың жаңа саяси орталығын құрып, ішкі көші-қонды, адамдардың оң жағалаудан солға көшуін азайтады.

– Біздің қала оңтүстік бағытта, шығыс және батыс бағытта дамып келеді. Солтүстігі теміржолмен және индустриалды парк сияқты өнеркәсіп аймақтарымен шектелген, – деді «Астана Бас жоспар» ҒЗЖИ директорының орынбасары.

МЕКТЕПТЕР МЕН БАЛАБАҚШАЛАР

Бүгінгі таңда қала аумағында 429 мектепке дейінгі балалар мекемесі, оның ішінде 103 мемлекеттік және 326 жекеменшік нысан жұмыс істейді. 2035 жылға Бас жоспарда 185 жаңа мектепке дейінгі балалар мекемесі қарастырылған.

Егер жалпы білім беретін мектептер туралы айтатын болсақ, 2035 жылға қарай оларды тағы 158-ге ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір елордада 105 мемлекеттік және 43 жекеменшік нысан бар.

– Оқу жылының басынан бері қалада автокөліктердің көбеюімен кептелістер көлемі артатынына назар аударғым келеді. Жаз мезгілінде мұндай проблемалар орын алмайды. Бұл елордадағы көші-қонға байланысты, өйткені мектептер барлық ауданда бірдей жеткілікті деп айту қиын. Біздің міндетіміз – оң жағалаудағы секілді сол жағалауды да осындай орта оқу орындарымен қамтамасыз ету, – деді Қ.Қабдуалиев.

ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ НЫСАНДАРЫ

Астана аумағында 39 мемлекеттік денсаулық сақтау нысаны бар, жоспар бойынша 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш тағы 78 жаңа мекемемен толығады.

– Елордада емханаларға, клиникаларға деген қажеттілік жоғары, бұл өмір сапасына, көші-қонға және жалпы логистикаға да әсер етеді, – деді директордың орынбасары.

КӨЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ

Көлік жүйесін дамыту, тұтас­тай алғанда, инфрақұрылымды құрудың міндетті шарты. Сонымен қатар халыққа тез қолжетімді болуға мүмкіндік береді, жүктерді барынша тиімді жеткізуді қамтамасыз етеді, тасымалдау саласындағы экономикалық мәселелерді шешеді.

– Біздің К-1 айналма жолымыз қалалық көлік инфрақұрылымының дамуына елеулі үлес қосты және елорданың көлік жүйесінің тиімділігін арттырды. Алайда К-2 ішкі айналмасы 60-70 пайызға игерілген және үздіксіз қозғалыс айналмасы емес, бұл қаладағы көлік жүрісін қиындатады. Ол көшелердің барлық бағытын, қаладан шығатын жерлерді ­сыртқы айналмамен және одан әрі бағытта біріктіруі керек еді. Қала кеңейіп, көлік желісіне жүктеме өсіп келе жатқандықтан, алдағы уақытта аралық айналма құру туралы шешім қабылданды, – деді Қ.Қабдуалиев.

Осылайша, 57-60 шақырым қашықтықтағы үздіксіз қозғалыс айналмасы жобаланып отыр.

ҚАЛА ТІРШІЛІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Елордада сумен жабдықтау­дың негізгі көзі – жобалық қуаты тәулігіне 410 мың текше метр су болатын Астана су қоймасы. Ол НФС-1 және НФС-2-ге беріледі, содан кейін магистралдық желілер бойынша бөлінеді.

«Астана Бас жоспары» ҒЗЖИ инженерлік инфрақұрылым шеберханасының жетекшісі Азамат Хамитовтің айтуынша, Бас жоспарда тәулігіне 105 мың текше метрге НФС-3 құрылысы қарастырылған және жүргізілуде. Биыл бірінші кезекте 35 мыңға, келесі жылы тәулігіне 70 мың текше метрге іске қосу жоспарланып отыр.

– 2035 жылға қарай НФС-3-ті тәулігіне тағы 150 мың текше метрге кеңейту көзделуде. Сондай-ақ Астанадан 180 км қашықтықта орналасқан Ертіс-Қарағанды каналымен жеке жіптермен байланыстыра отырып, НФС-3 және НФС-4-ті кеңейту ұсынылады, ал Үлбі каналы – төтенше жағдайлар кезінде су көзі, – деді А.Хамитов.

Кәріз ағындарын тазарту қуаттылығы тәулігіне 254 мың текше метр КОС-1 арқылы өтеді. Су тазартылады, зарарсыздандырылады.

– Бұдан басқа, қаланың отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы тәулігіне 188 мың текше метрге КОС-2 жобалауды жүргізуде. 2035 жылға біз тағы да КОС-3-ті жоспарлап отырмыз, – деді инженерлік инфрақұрылым шеберханасының жетекшісі.

Жылу тапшылығын болдыр­мау үшін өнімділігі сағатына 600 Гкал «Тұран», сағатына 370 Гкал «Тельман» және «Оңтүстік-Шығыс» үш газ жылу стансасын жобалау және салу басталды. Алдағы жылы Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бірінші кезекте 3-ЖЭО-де сағатына 400 Гкал қуаттылықты енгізу жоспарланып отыр.

Электрмен жабдықтау бо­йынша жаңа «Арай», «Наурыз» қосалқы стансаларын жобалау жүргізілуде, сондай-ақ қолданыстағы «Жұлдыз» қосалқы стансасын қайта жаңарту жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, Бас жоспарда «Кольца-220 кВ» қайта жаңарту көзделген және 2035 жылға дейін тағы төрт қосалқы станса салу жоспарлануда.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button