Басты ақпарат

Баспаналы болу – басты мәселе

«…Бермесең бермей-ақ қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деп жырлады ақын Қасым Аманжолов. Иә, баспана – қай кезде де басты мәселе. Елордалықтар үшін де ең өзекті мәселенің бірі – осы. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Мемлекеттік бағдарламалар пәрмені қандай?

«7-20-25»: мыңнан аса астаналық пәтерлі болды

Ипотекалық несие немесе атында үйі жоқ әр қазақстандық «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспаналы болуға құқылы. Бірақ тұрақты жалақысы болуы шарт. Қазіргі уақытта 7 ірі банк осы бағдарлама бойынша қызмет көрсетеді екен. Олар – «Банк ЦентрКредит» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Халық банкі» АҚ және «Forte bank» АҚ.
– Биылғы 4 шілдеден бастап «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы ресми түрде жұмысын бастады. Қазір бұл бағдарламаға тұрғындар тарапынан қызығушылық өте жоғары. Өтініш беретіндер мен серіктестер қатары күн сайын арта түсуде. Бүгінге дейін банктерге еліміз бойынша 4831 өтініш түссе, соның 3140 өтініші мақұлданды. Яғни бөлінген 57 миллиард теңгенің 37 миллиардтан астамы игерілді. Мақұлданған өтініштің мыңнан астамы астаналықтардың еншісінде. Бұл – жақсы көрсеткіш. Жалпы, осы бағдарлама арқылы баспаналы болу жағынан Астана мен Алматы және Маңғыстау өңірі көш бастап тұр, – дейді «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дархан Байқуатов.
Оның айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша тек жаңа­дан салынған тұрғын үй­лер ғана ұсынылатындықтан, өңірлерде аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру қиынға соғуда. Өйткені бірқатар өңірлерде тұрғын үйлер құрылысы баяу жүргізіліп жатқан көрінеді. Бұл орайда аймақтардағы тұрғын үй құрылысын дамыту мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымы тарапынан 150 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаржы 30 мың пәтер салуға жеткілікті екен. Маман­дардың сөзінше, «7-20-25» бағдарламасы бойынша 15 млн теңгенің пәтерін алу үшін жалақы 120 мың теңгеден кем болмауы керек. Өйткені ай сайынғы өтемақы 85 мың теңгені құрайтын болады.
– Сондай-ақ «Баспана» ипоте­калық ұйымы «Баспана хит» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағдарлама арқылы бас­панасы барлар да 11 пайыздық үстемеақымен ескі немесе жаңа үйлерден пәтер алуға мүмкіндігі бар. Ал оның бастапқы жарнасы – 30 пайыз. Іске қосылғанына бір ай енді болды. Осы уақыт ішінде банктерде 732 миллион теңге болатын 80 өтініш қабылданып, 30-ы мақұлданды. Оның жартысы – астаналықтар, – дейді басқарма төрағасының орынбасары.

Үйі барлар кезектен шығарылады

Тұрғын үй қорының кезегінде тұрған баспанаға мұқтаж 45 мың астаналықтың 4 мыңы кезектен алынып тасталмақ. Бұл туралы Астана қаласы Тұрғын үй қорының директоры Нұрсұлу Қожахметова мәлімдеді.
– Биылғы тамыз-қараша айларында кезектің жартысына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 4111 адам тізімнен алынып тасталатын болды. Баспанаға мұқтаж болмағандықтан, олардың кезекте тұруға да құқығы жоқ. Кезек тізімінен алу мәселесі тұрғын үй комиссиясының отырысында шешіледі. Сонымен қатар тұрғын үй қоры арқылы баспаналы болғандардың пәтерлерде өздерінің тұрып жатқандығы да тексеріліп, күн сайын мониторинг жасалады. Егер пәтерді жалға бергені анықталса, олардың ісі сотқа жіберіліп, баспанаға мұқтаж басқа адамдарға берілуі тиіс. Тамыз айынан бері 76 пәтер иесі осындай ескерту алды. Оның үшеуі сотта қаралып жатыр, – дейді Тұрғын үй қорының директоры.
Оның айтуынша, Астанада мұқтаж ретінде баспаналы болған азаматтардың кейбірі пәтердің жалдау ақысын уақтылы төлемейді. Бұл жағынан астаналықтардың қарызы 5 млн теңгеге жетіпті. Мониторинг бойынша төлемақыны уақытында төлемеген пәтер иесіне алдымен ескерту жасалады. Егер ескертуден нәтиже шықпаса, тұрғын үй қорының мамандары үйді босату туралы сотқа жүгінеді. Бүгінде елорда бойынша 65 пәтер иесі жалдау ақысын уақтылы төлемегені үшін ескерту алыпты.

Алдағы жылы 1825 пәтер пайдалануға беріледі

Ал «Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі» АҚ Астана қала­лық филиалының директоры Жансұлтан Матаевтың мәліме­тінше, биыл «Нұрлы жер» бағдар­ламасы бойынша елордада 620 пәтер тапсырылған. Бұдан бөлек тағы 364 пәтерге конкурс өткізіліпті. «Нұрлы жер» бағдар­ла­масының шарты бойынша пәтерлердің 50 пайызы тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, қалған 50 пайызы «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» салымшыларына үлестіріледі.
– Қазіргі күні қаланың үш бөлігінде 2018-2019 жылдарға арнал­ған үш нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Келер жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 17 тұрғын үй, яғни 1825 пәтер пайдалануға беріледі. Бас­пана құны – бағдарламада белгіленгендей, 1 шаршы метріне 180 мың теңге, – дейді ол.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button