Басты ақпарат

Бейбіт Сапаралы: Саны өскен қазақтың сапасы да өссе екен

Есімі елге қаламгерлігінен бөлек, дінтанушы ретінде жақсы танылған белгілі журналист, қоғам қайраткері Бейбіт Сапаралы асқаралы алпыс жасқа аяқ басты. Мерейтойы қарсаңында газетіміздің «Ұлт ұпайы» айдарына сұхбат берген жазушы, абайтанушы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның сараптама-талдау кеңесінің мүшесі Бейбіт Төлеубайұлы өткен отыз жылдағы озық және тозық тұстарымыз, бүгінгі болмысымыз, алдағы мақсат-мүдделеріміз туралы ойларымен бөлісті.    

[smartslider3 slider=2029]

Қаңтар оқиғасы ұлтты оятты

– Өзіңіз айтқандай, қазаққа имандылық, тақуалық, ауызбіршілік, әрекетшілдік, әділдік, ар-намыс жетпей жатқандай. Осы алты қасиеттің жетпейтіні неден көрініс табады? Оларға қалай қол жеткізсек болады?

– Қасіретті қаңтар оқиғасы елімізде қазақ санының күрт өскенін дәлелдеп берді. Қазақ тек жатпай әрекетке көшті, жанына батқан әлеуметтік мәселелерді төтесінен ортаға қойды. Қазақ ахуалы ондаған жылдар бойына билік тарапынан кейінгі кезеңге ысырылып келген еді. Алайда бұл жолы көрініс басқаша болды. Қазақтың кім екендігі қаңтарда айқын көрінді. Қазақ көп екен. Қазақтың дені – қазақша сөйлейді екен. Қазақ бейбіт шеруге шыға алады екен. Қазақ қордаланған ұлттық мәселелерді шешуді Үкімет тарапынан батыл талап ете алады екен. Қазақ қазаққа болысып, қаңтардың аязды күндерінде шеруге шыққандарды мүмкіндігі жеткенше ыстық шәй мен тамақпен қамтамасыз етуге тырысты. Сонымен қатар саны көбейген қазақтың сапасы әлі дұрыс емес екендігі де белгілі болып қалды. Шеруге шыққан қазақтар ішінде бүлікшілдер, мемлекет мүлкін талқандап өртеуші басбұзарлар табылды. Ол аз десеңіз, тәртіп сақшыларына қол көтеріп, қарулы көтеріліске итермелеген «құпия топтар» да дереу пайда бола кетті. Қазақ қарусыз қазақты тергеп-тексеріп жатпай-ақ шімірікпей атып салатын болды. Қазіргі қазақтың бойындағы жаман қасиеттерді осылайша тізбелей беруге болады. Бұрын да тұспалдап айтып жүрген қаупіміз ортаға шыға келді. Енді не істемек керек? Ұлт болып ұйысу қажет. Қазақ қазаққа жақсылық үшін болысу қажет. Саны өскен қазақтың сапасы мен санасы өсуі тиіс екендігі де – айдан анық мәселе. Қаңтар оқиғасы ұлтты оятып, ойландырып тастады. Келесі сөз – идеологтар мен ұлт жанашырларында, биліктің қадамында.

– Ұлттық идеология негізін азаттық және Түркі дүниесі бірлігімен байланыстырдыңыз. Жаңа Қазақстанның «ұйытқысы» тағы не болуы мүмкін?

– Жаңа қазақ елінің жарқыратып алып шығар байрағы АХҚО-AIFC жобасы дер едім. Елорда жаһандық қаржы орталығы болып белгіленіп қойылған. БҰҰ-ның бас штаб-пәтері елордаға көшіріліп келуі де алдағы уақытта шешіледі деген үміттемін. Елордаға жаһанның әр түкпірінен әлемдік жылыну салдарынан «астарынан су шыққан» алпауыттар үдере көшіп келе бастайтын уақыт та тым таяу қалды. Этнотуризм мәселесі де – қазақты айдай әлемге лезде танытатын ілкімді тақырып. Мүмкіндіктер жетерлік, тек тездеп алға қадам басу қажет!

– Дербестік, тәуелсіздіктің жауапкершілігі орасан. Өткен 30 жылға қалай баға береміз?

– 1992 жылы ақпанда ел­аралық «Заман-Қазақстан» газетінде «Тәуелсізбіз, бірақ та тәуелдіміз!» деген тақырыппен көлемді сараптамалық мақала жариялаған едік. Кейінгі отыз жылға зер салып қарасақ та, әлі күнге тәуелді жақтарымыз жетерлік екен. Қарапайым мысал: қытай мен қырғыз, өзбек ағайындар арналы өзендерді тоқтатып тастаса, бірер жыл көлемінде ел ішінде қауіпті су тапшылығы басталады. Былтыр Сырдарияның құрғап қалғанын көріп қаншалықты қиналысты сезімге бөленгендерімізді айтсаңызшы?! Міне, осындай саяси, экономикалық, қаржылық, өндірістік, экологиялық тұрғыдағы кедергі-тосқауылдар қаншама десеңізші?!

– Тіл мен дін тұтастығы болмай, елдің тұтастығына жету мүмкін емес. Ала-құла тіліміз бен арандатушылары көп дінімізде біртұтастыққа қалай қол жеткіземіз?

– Мемлекеттік тілдің мәртебесін асқақтатып, қажетті заңдар қабылдап, қазақ тілі дамуына қажет Ұлттық бағдарлама түзу керек деп ойлаймын. Қазақ тілі шын мәнісінде қуаттанса ғана ұмытылған, тасталған, тапталған сөздер тіріліп, қазақы рухымыз асқақтай көтеріле түсетін болады! Дін мәселесіндегі шешім басқаша. ҚМДБ-ның құрылтайын толыққанды деңгейге келтіріп, бар аймақтан бес жүз, алты жүз қатынасушыны дінге нағыз жанашырлар арасынан әділ түрде іріктеп алу керек. «Ләббай, тақсыр!» дейтін бағынышты имамдарды ғана жинап, сағаттап есеп бергеннен іс түзелмейді. Имамдар құрылтай алдында тітіреп тұратын болса, міне, тек сонда ғана мыңдаған мешіттер мен медреселердің жамағатқа қызметі дұрысталып, құлшылық орындары бір мазхабтағы діни рәсімдерін, намаздарын атқарып, тез арада адам танымастай өзгере, оңала, сауыға бастайды.

Енді не істемек керек? Ұлт болып ұйысу қажет. Қазақ қазаққа жақсылық үшін болысу қажет. Саны өскен қазақтың сапасы мен санасы өсуі тиіс екендігі де – айдан анық мәселе. Қаңтар оқиғасы ұлтты оятып, ойландырып тастады. Келесі сөз – идеологтар мен ұлт жанашыр­ларында, биліктің қадамында

Тәуелсіздікпен бірге жаңа құндылықтар бойға сіңуі тиіс

– «Жатып ішер жалқау қазақ, керенау қазақ, керітартпа кежір қазақ, кекшіл қазақ, әсіреқызыл еліктеуіш қазақ, күншіл қазақ, дарақы мақтансүйгіш қазақ, тәкаппар қазақты» сынау Абай заманынан бар. Тәуелсіз елдің игілігін толық көруге қазақтың осы жаман жақтары себеп пе, әлде тұтас жүйенің кемшілігі басым ба?

– Патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты қазақ халқының мінез-болмысына көптеген өзгерістер енгізді. Үш мың жылдық хандық-қағандық және билік жүйеге қалтқысыз бағынып келген қаймана қазақ, аға сұлтандар мен болыстардың үстемдік еткен тұсында олардың үстінен генерал-губернаторға арыз-шағымдар түсіріп, бертінгі билікті баянды етпеуге, Жеті Жарғының негізгі ұстындарына мойынсұнбай өз беттерінше шешім шығарып алуға жаппай бой алдырды. Қазақтың осындай ескіліктен қалған теріс мінез-құлықтары, байырғы әдет-дағдылары, кеңес өкіметі тұсында да түпкілікті өзгеріске түсе қойған жоқ. Енді дербестік теріс ғадет-қылықтарды бойымыздан толықтай сылып тастағанша маңдай тер төге еңбектенуіміз қажет. Тәуелсіздікпен бірге жаңа құндылықтар да бойымызға сіңуі тиіс. Қазақ, негізінде, ары таза халық! Ар-намысты оятсақ тазарып, пәктене бастаймыз!

– Тәрбие бастауы – отбасы институтының бұзылуына не себеп? Ғаламдану процестерінің ықпалы басым ба, әлде сол әлеуметтік жағдай себеп пе?

– Ең алдымен, ұлттық және діни тәлім-тәрбие кемшін соғуынан. Екіншіден, адал ризық болмауы салдарынан. Үшіншіден, адал кәсіп болмауы себебінен. Уызына жарымаған, адал сүт ембеген кез келген қазақ баласы өле-өлгенше жартыкеш күй кешеді. Ана тілінің барлық құндылықтарын бойына сіңіріп, ата салт-дәстүріне тұшына сусындамаған жас өскелең ұрпақ та мәңгілік жартыкеш, рухани мүгедек, жарымжан! Жаһандану мен әлеуметтік жағдай тамыры тереңге жайылған бәйтеректі ешқашан да шайқалта алмақ емес!

– Кезінде Нұртас Оңдасынов, Лев Гумилев, Әлкей Марғұлан, Ақжан Машани сынды тұлғалардан алғаш рет сұхбат алдыңыз, Олжас Сүлейменов, Ақселеу Сейдімбеков сияқты мықтылармен жиі араластыңыз. Қазір сондай тұлғалар бар ма? Олар қалай қалыптасады?

– Нұртас Оңдасынов Алматыға келген бір сапарында он күндей таңнан кешке дейін қасында болып, кең көлемде сұхбат алып, 80 беттей ғұмырбаян деректерін өз сұрауы бойынша хатқа түсіріп, артынша Мәскеуге пошта арқылы жолдап, республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналына 1986 жылы аңыз тұлға жайлы көлемді мақала жариялағаным бар. 1985-1989 жылдар аралығында Нұртас атаға баласындай бауыр басып жүріп байқағаным, Мәскеудегі үйінде де сағаттап қонақ болып, әркімге айтыла бермес сырларына қаныға отырып ұққаным, Кеңес Одағының 70 жылдық тарихында Нұртастай мемлекетшіл және ұлтшыл тұлғаның кемде-кем екендігінде. Бүгінгі таңда да Нұртас атадай дара тұлға, дана тұлға жоқтың қасы. Қазіргі қазақтың жетпіс-сексендегі қарттары ақсақалдықтан гөрі қайыра жасара түсуге ұмтылып, екі ауыз сөздің басын құрап айта алмайтын, төрде отырып бата да бере білмейтін дүбәра күйге түскен. «Қарттар түзелмей, ұлттар түзелмек емес» дейтін қанатты сөзді осы арада және көлденең тартқымыз келеді.

– Қазір елімізде соңғы оқиғаларға байланысты қоғамда жағымпаздану, ел басқарған тұлғаларды мақтап-мақтап олардың дұрыс бағдарынан жаңылдыру  тақырыбы өте жиі көтерілуде. Осы тұрғыда расымен біз елге қызмет көрсету міндетін арқалаған азаматтарды мақтаймыз деп олардың жауапкершілігін төмендетіп алмаймыз ба?

– Ибраһим-Абай атамыз өлтіре сынаған екіжүзді, құбылма мінезді шайтани адамдар соңғы отыз жыл ішінде аса көбейіп кеткені өкінішті-ақ. Парақорлық пен жемқорлық билік басын алапат өрттей шарпыған сайын, жағымпаздық, қожакөрсіндік, тәкаппарлық, менмендік, өзімшілдік, Құдайға емес, адамға табынушылық секілді сорақы қылықтар соншалықты өрістей түсері әу бастан белгілі жайт. Иман мен сенім алдыңғы кезекке шықпай, қоғамдық орта күрделі өзгеріске түспейді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген даналық сөз бекер айтылмаса керек. Әлеуметтік желідегі ашық пікірлердің бұл орайда атқарар міндеті өлшеусіз.

Жас ұрпақ «уызына жарымай» оңбайды

– Қазір бала түгілі, үлкендер қолына газет, кітап алмайтын дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Кезінде «Ұлан» газетін басқардыңыз. Жалт-жұлт еткен ақпараттық дәуірде қысқа шорт қиылатын видеолар көрумен шектелетін ұрпақтың рухани дүниесінің жұтаңдануына алаңдамайсыз ба?

– Әрине, алаңдаймыз! Жас ұрпақ ең әуелі ұлттық құндылықтар мен діни тәлім-тәрбиенің «уызына жарыған» болуы тиіс. Тіл мен дін басты кезекте тұрады. Отбасындағы және балабақшадағы, бастауыш мектептегі тәлім-тәрбие тек қазақ тілінің аса бай қорына негізделуі тиіс. Ғаламторды ашсаң, орыс тілінде сайрай жөнелетін әдеттен тиылып, әлеуметтік желі денінде қазақ тілінде сөйлейтін басымдылыққа қол жеткізгенде ғана ана тіліміздің екінші тынысы ашылып, қолданылу аясы кеңіп сала беретін болады. Өкімет пен үкімет  мемлекеттік тіл мәртебесін жаңа сапалы биіктерге көтеру тұрғысында бұрын-соңды болмаған бағдарлама-жоспарлар жариялайды деп зарыға күтудеміз!

– Өмір жолыңызда телевизия саласында да басшылық қызметте болдыңыз. Әлеуметтік медиа саласы телевизияны да ығыстыратын түрі бар. Бұл технологияның тым қарыштап дамуының ықпалы ма, әлде теледидарға елді үңілдіретін тартымды дүниенің дайындалмайтындығынан ба?

– Қазтелерадио саласын дамытуға үлес қосамыз деп 1994-1995 жылдары бар білген-жиғанымызды ортаға салып қызмет еткеніміз рас. Вашингтонда Интелсат жүйесіне 133 мемлекет болып кіруге қол қойып, 5 жеке телеарна жасау­ға батыл кірісіп (ресми, ұлттық, ұлтаралық, отбасылық, бизнес арналары), ТМД-да бұрын-соңды болмаған тың жоба-жоспарларды Елбасыға мақұлдатып, Мәскеу теле бағдарламаларының өзінен оқ бойы озық іс-шараларға бел шеше кірісіп кеткен болатынбыз. Амал нешік, Үкіметтегі басшылар бас тартқан соң, 1995 жылы 10 қаңтарда ресми ұшырылған, 16 бөлек арнасы бар жер серігі Орта Азия елдерінен алынып, сол жылғы мамыр айында Үндістанға беріліп кетті. Міне, осы оқиғадан соң қазақ теле-радио арналары кенжелеп дамуға мәжбүр болды. Ғаламторлық, әлеуметтік медиа ұлттық телеарналарды біртіндеп ығыстыра бастауы да технология дамуына қоса телебағдарламалар ашық та өткір, уақыт жағынан тез қарқын алмауынан деп айтар едік.

– Жаңа Қазақстанның болашағына сенесіз бе? Алдағы күннен қандай өзгерістер күтесіз?

– Қазақ елінің болашағы өте зор. Дүниежүзілік қаржы орталығы, жаһандық ең ірі саяси-экономикалық құрылымдар жақын заманда елордада қоныс тебуі қазақ сахарасының мүлдем жаңа сипатта түрленуіне басты қозғау­шы күш болады деп ойлаймын. Сол себепті, табиғи таза тағам, қарыштап дамыған өркениет, ең озық үлгідегі өндіріс, заманауи жасыл экономика, таңғажайып туризм бекеттері, тәрбиелі-мәдениетті инсан, осындайлық сұранысты тудырған қоғамдық орта қазақ әлеуметіне міндетті түрде өзгеруге, рухани жаңаша жаңғыруға, әділетті де өркениетті жаңа мемлекет құруға еріксіз мәжбүрлейді.

– Пандемиядан бері шығармашылығыңызда қандай өзгерістер болды? Қазір қандай еңбектер жазу үстіндесіз?

– Ковид індеті басталғалы бері зерттеу-зерделеумен алаңсыз айналысуға көбірек мүмкіндік туды. Ең алдымен, бұрынғы жарық көрген кітаптар мен мақалаларды сараптап, барлық жазған-сызғандарымызды сүзгіден өткізіп, 10 томдық шығармалар жинағын жоспарлап қойдық. Бес мүшелімізге үлгермедік, дегенмен тақау арада баспа бетінен жарық көре бастауы мүмкін жағдай. Жаңа кітаптар жазуға бірнеше тақырып дайын. Алайда елге инвестиция әкелу мәселесімен шұғылданғалы бері, жазушылықтан гөрі кәсіпкерлік бірінші орынға шығып кетті. Ютубтан жеке канал ашып, ел ішіндегі және жаһандағы саяси ахуалды батыл сараптап өз көзқарасымызды білдіріп отыру бағдарламасы да кейінге ысырылды. Қазақ тарихын балама көзқараспен қайта жазып шықсақ па деген көкейтесті арманымыз да жүзеге аспай жатыр. Қазаққа қайтіп көбірек пайдамыз тисін деген мақсат-мұратпен әр таңды атырып, мұсылманның қаруы дұғамызбен әр кештерді қимай батырудамыз!

Қысқаша өмірдерек:

Бейбіт Сапаралы 1962 жылы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында туған. 1984 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. «Білім және Еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының әдеби қызметкері, (1984-1997), бөлім меңгерушісі (1987-1989), «Қазақстан пионері», (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторының орынбасары, Бас редакторы (1989-1991) «Заман-Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, Бас редакторы (1991-1994), «Қазақстан телерадио­сы» республикалық корпорациясының вице президенті (1994-1995) қызметін атқарды. 1997 жылдан бері «Қанағат» ғылыми орталығының президенті. «Адалбақан» (1992), «Құнанбай қажы» (1995), «Байшөгел» (1995), «Президенттің балалық шағы» (1995), «Олжастың балалық шағы» (1996), «Раббымыз бір – күншығыс, күнбатыста», «Восток-Запад» – один мир» (2002) атты кітаптардың авторы. «Құтты болсын, тойларың!» (1990), «Той, той, тойларың…» (1993), «Дүниежүзi қазақтарының құрылтайы» (1993), «Әнет баба» (1997) атты кітаптардың құрастырушысы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1995).

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button