ЖаңалықтарТағзымТаным

БІЗ СЕМБИНОВТІ БІЛЕМІЗ БЕ?

Бала күнімнен екінші дүниежүзілік соғыс туралы көркем киноны ұнатып көремін. Осы әдет әлі де бойымнан қалған жоқ. Әсіресе, жаудың құтын қашырып, түнемелік «тіл алуға» баратын барлаушылар жайындағы фильмді қалт жібермеймін. Және сол туындылардағы барлаушылардың келбеті көбінесе өзге ұлт өкілдеріне көбірек ұқсайды да, ішімнен «шіркін-ай, солардың бір-екеуі неге қазақ болмады екен» деп ойлайтын едім. Соған кәдімгідей жаным ауыратын. Сөйтсем, шынайы өмірде біздің аталарымыз да баһадүр барлаушы болған екен. Соның бірі, жоқ, бірі емес бірегейі, Кеңес одағының батыры деген мәртебелі атақпен теңестірілген «Даңқ» орденінің толық иегері – Әлмұқан Сембинов. Тоқтаңыз! Бізге бұл есім өте таныс. Иә, иә, біз елордадағы қаһарман атамыз атындағы көшенің әрі тұрғыны боламыз.

Жеңіс мерекесіне орай қайсар ер туралы мақала жазбақ ниетпен ол жайында айтылған, жазылған деректерді іздестіріп көрдік. Әрине, ержүрек атамыз туралы жазылған дүниелер тым аз. Әйтеуір, интернетте там-тұмдап болса да дерек бар екен. Соны көңілге қанағат тұтуға тура келді. Сембинов он сегізге енді толған шағында, яғни, 1942 жылы әскер қатарына шақырылады. 1210-атқыштар полкінің барлаушылар взводы­ның құрамында болады. Соғыста барлаушылардың рөлі жоғары болған. Оған кез келген жауынгер тартыла бермеген. Сайдың тасындай сайыпқырандар таң­далған. Олар алдын ала жаудың қандай стратегиялық жоспар құрып отырғанын анықтап отырған. Ол үшін жау шебіне барып, «тіл алып» қайту қа­жет. Әрине, жаудың шебі деген ашық-шашық жатқан сарай емес. Сыбыр еткен шөп те қарауылға алынған. Сондай өте бір сақтықпен, айлакерлікпен, тіпті, сол жолда керек десе өмірді де құрбандық етіп, жау орта­сына барып, «тіл алып» қайту нағыз ержүрек ерлердің ісі деуге болады.
Тарихшы Бауыржан Бөген­баев «Қаһарман барлаушы» деген мақаласында Әлмұқан атамыздың алғаш «тіл алуға» барғандағы бастан кешкен ес­телігін келтіреді. Онда: «Прожектор сәулесі қараңғы түнді қақ тіліп, бүкіл төңіректі жарқ еткізіп жіберді. Біз бастарымызды төмен тұқырта, жермен-жексен жата қалдық. Артынша әлдеқайдан автомат тықылдап қоя берді. Автоматтан атылған оқ пен жарқыл жаудың алдын ала жасаған сақтығы сияқты. Мұндайда сәл оғаш қимыл жасау, бас көтеру қауіп. Бұл жолы менің барлауға алғаш шығуым. Барлаушы жол­дас­тарым сержант Данил Лебедкин және сержант Николай Белов бұрын талай рет жаумен түнгі айқаста кездесіп, ысылған жігіттер болатын. Таң сібірлей бастаған шақта біз үшеу­міз кенеттен неміс траншея­сы­на секіріп түстік. Қатты сасып қалған фашист бақырып жіберді. Бірақ оның қайта бақы­руға шамасын келтіргеніміз жоқ, дымын өшіріп, окоптан сүйрей жөнелдік. Сөйтіп, біз жауынгерлік тапсырманы орындап шықтық. Мен ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталдым» деп жазады.
Одан кейін де барлаушы талай жорықтарға шығып, ерлік­тің ерен үлгісін көрсетеді. 1945 жылдың сәуір айында жеке құраммен маңызды тап­­сырмаға аттанады. Одер өзені­­нің қолтығындағы Мюльроз қаласының маңында жау шта­бы­ның машинасына шабуыл жасайды. Екі немісті өлтіріп, бір офицерді тұтқынға алады. Дәл сол айда тағы да Шеспцинг елдімекенінде бір бронды көлікті отқа орап, үш бірдей жау әскерін қолға түсіреді. Ізге түскен жауды бөгеу үшін серіктерін алға жіберіп, жалғыз өзі онға жуық дұшпанның көзін жояды. Осы көзсіз ерлігі үшін Әлмұқан Сембинов ІІ дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне қадады. Ал үшіншісін… соғыс аяқталғаннан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылдың 15 мамырындағы Жарлығымен І дәрежелі «Даңқ» ордені бері­леді. Сөйтіп, қылыштай қиып түсер жиырма бес жасында «Даңқ» орденінің толық иегері атанды.
Енді батыр өмірінен бір дерек. Жаужүрек атамыз 1924 жылы Ақмола облысы Жаңабірлік ауылында дүниеге келген. Қанды майданнан оралғаннан кейін туған елін көркейтуге бар күшін жұмсайды. 1951 жылы Абай атындағы Алматы педа­гогикалық институтының тарих факультетін тәмамдайды. Ақмолада ашылған Құрылыс техникумының алғашқы директоры болды. Партия саласында қызмет істейді. Айтпақшы, сол отты жылдарда осы топырақтан 47 Кеңес Одағының батыры, 7 «Даңқ» орденін толық алған қаһармандар шыққан. Бұл да бір батырлықтың туы тігілген жердің киесі болар. Бір өкініш­тісі, келешек ұрпақтың аман­дығы үшін қасық қаны қалғанша күресіп, бейбіт күнді орнатуға белсенді үлес қосқан асыл азамат 1972 жылы небары 48 жасында өмірден өтіп кете барады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button