Жаңалықтар

Болашақ жетістіктеріміздің сенімді кепілі

Мінеки, әдеттегідей қоңыр күздің басында Президент Н.Назарбаев ҚР Парламентінің біріккен мәжілісіне қатысып, жаңа саяси жылдың шымылдығын ашып берді. Бір айта кетерлігі, бесінші шақырылымдағы бұл Парламенттің үшінші сессиясы «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезінде  басталып отыр.

Тағы бір ерекшелік, Елбасы атап көрсеткендей, жаһандық ахуал бізге күрделі жағдайда бір-ақ жыл ғана жұмыс істеуге тура келмейтінін көрсетіп тұр. Әлемдік экономиканы болжаудың мүмкіндігі аз. Оның күрт өзгерістері мен әркелкі үрдістері болуы мүмкін. Біз кеше ғана болашағы зор болған және қарқынды дамыған елдердің бір-ақ сәтте ішкі алауыздық пен жанжалдың аймағына айналғанын көріп отырмыз.

Әлеуметтік проблемалар көптеген дамыған елдерде шиеленісіп кетті. Жұмыссыздықтың өсуі, халық табысының төмендеуі, әлеуметтік дамудың үйлесімсіздігі мен кереғарлығы – мұның бәрі әлемнің көптеген елдеріндегі нақты жағдайлар.

Жақында ескі танысымның бірі әңгіме барысында: «Өмір сүру қиындай түсті, есесіне сапалы және қызықты» деген ой білдірген еді. Шынында, онымен толықтай келісуге болады. Қарап отырсам, әсіресе, соңғы жылдары, біздің менталитетіміздің айтарлықтай байығаны, ұлттық мінезімізден де жаңа бір сипаттың бой көтергені байқалады. Жаңа мүмкіндіктерге молынан ие болу, оның ішінде өзіңе жауапкершілік міндетін алу, өзіңді өзгеге таныта білу, сондай-ақ күрделі жағдайларда оңтайлы шешім қабылдауға деген нық сенімділіктің нышаны сезіледі. Сайып келгенде, мұндай ахуал қазіргі кезде орын алған қиындықтарды еңсере алатынымыздың кепілі ғана емес, сонымен бірге мемлекетіміздің еңсесін көтеріп, бойына жаңаша бір күш жинай бастағанының да нақты көрінісі іспетті.
Соның бір айқын дәлелі ретінде, Қазақстандағы ахуал әлем елдерінің көпшілігінде болып жатқан жайттарға қарағанда біршама артықшылығымен ерекшеленеді. Мәселен, алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Қазақстанда ІЖӨ-нің өсімі 5 пайыздан астам болды. ІЖӨ көрсеткіші жан басына шаққанда 12 мың доллардан асты. Қазақстанның Ұлттық қордың валюталық активтерін қоса алғандағы халықаралық резерві 90 миллиард доллардай болады.

Қазақстан экономикасына инвес­тиция тарту мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде шаралар қабылдануда, оның ішінде заңдық сипаттағылары да бар. Біз инновациялық индустрияны сенімді жалғастырып, экономикамыздың кластерлік дамуға көшуін жүзеге асырудамыз. Әрине, бұл өзінен өзі келе салған дүние емес. Шындап келгенде, мұның барлығы – дағдарысқа қарсы нақты шаралардың дер кезінде әрі өте са­уатты қолданғанның нәтижесі.

Атап айтқанда, салық, бюджет және кеден саясаты секілді маңызды салалардағы дер кезінде қолға алынған реформалар, сонымен қатар дұрыс таңдалған икемді экономикалық модель мен Жол картасы ауқымында қабылданған адамдарды еңбекпен қамту стратегиясы әлемдік экономикалық дағдарыстың келеңсіздіктерін жұмсартып қана қойған жоқ, керісінше, аса бір қуатты индустриялық даму үрдісіне бет алуға мүмкіндік беруде. Осыған орай ұлтқа аса қажет индустрияландыруды қарқынды жүргізу мәселесі бірінші кезектегі міндет болып отыр. Әскери тілмен айтсақ, экономика саласындағы қол жеткен табыстарымызды нығайта отырып, күштерді қайта топтастыру әрі шешімді шабуылға шығу уақыты келді. Әсіресе, бүгінгідей ресурстардың арзандаған тұсында экономиканың барлық саласына озық инновациялық технологияларды енгізуге нағыз қолайлы жағдай туып отыр.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргідей күрделі жағдайдың өзінде Қазақстан алға қарай серпінді ұмтылыс жасап, сол арқылы дағдарыстан кейінгі әлемнің көшбасшы мемлекеттерінің қатарынан өзіне орын алуды жоспарлап отыр. Сондықтан, Елбасының соңғы Жолдауында жарты ғасырға жуық жаңа дәуірде Қазақстанды әлемнің мейлінше дамыған 30 елінің қатарына енгізуді межелеуі кездейсоқ емес.

Ұлт көшбасшысы аталмыш сессия­да сөйлеген сөзінде қысқа мерзімде әкімшілік реформаның жаңа кезеңі өткізілгеніне ерекше тоқтала кетті. Және бұл кездейсоқ емес. Біріншіден, мемлекеттік қызметтің жаңа моделі жасалды. «А» корпусы жасақталды. Бұлар – жоғары талаптар арқылы іріктелген 543 мемлекеттік қызметші. Саяси қызметшілер саны 7,5 есе қысқарды. Өңірлерде аудан мен қала әкімдерінің үштен бірі, ал орталық деңгейдегі атқарушы органдар басшы құрамының 15 пайызы жаңарды.

Екіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару реформасы жүргізілді. Ауылдық деңгейге қосымша 5000 штат бірлігі беріліп, 67 мемлекеттік функция бекітілді. Бүгінде ауыл әкімдері салық жинауға, бюджет қалыптастыруға және жергілікті проблемаларды тұрғындардың өздерін қатыстыра отырып шешуге қаржы бөлуге құқылы. Жергілікті 2,5 мың әкімнің сайлауын өткізу маңызды қадам болды. Бұл – еліміздегі барлық әкімдердің 91 пайызы.

Үшіншіден, «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» заң қабылданды және жүзеге асырылуда. Бұл, түптеп келгенде, бизнес ортаны жақсартады, азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттырады.

Мемлекет басшысы, жалпы алғанда, біздің жаңа саяси бағытымыз ХХІ ғасырдың ортасына қарай еліміздің дамуына жаһандық, өңірлік және ішкі өлшемдегі сын-қатерлерді қамтиды дей келе, Парламент алдына үшінші сессия барысында ұзақмерзімді жаңа Стратегия негізінде мына бес бағыт бойынша заң шығару міндеттерін жүктеді.

Бірінші, заң шығару үдерісінің басымдығы тұрақты экономикалық өсімді құқықтық жағынан қамтамасыз ету болып қала беруі керек. Бұл ретте Үкіметке Кәсіпкерлік кодексі жобасын әзірлеп, қазақстандық кәсіпкерлер қызметінің және олардың мемлекетпен әрекеттестігінің негізгі қағидаттарын белгілеу тапсырылды. Сонымен қатар, «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заң қабылданып, онда бизнес – құрылымдарға қатысты кез келген бюрократтық озбырлықтан қорғаудың нақты кепілдіктері анық жазылуы міндеттелді. Осы бағытта сондай-ақ «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» заңға өзгерістерді қабылдау қажеттілігі айтылды.

Міндеттердің екінші блогы инновациялық процесті, әсіресе, басымдығы бар салаларды, айталық, «Жасыл экономика» бағдарламасын іске асыратын әрі ынталандыратын жаңа заң нормаларын қабылдауға байланысты. Әсіресе, Астанада «EXPO-2017» халықаралық көрмесінің өтетіндігіне байланысты бұл айрықша маңызды болып отыр.

Бәрімізге белгілі, мемлекет азаматтардың әлеуметтік тұрмыс жағдайын, соның ішінде баспанамен қамтуды мақсатты түрде жақсартып келеді. Дей тұрғанмен, үлескерлік тұрғын үй құрылысы саласындағы қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған, сонымен қатар тұрғын үй қатынастарының өзге де аспектілері бойынша заң жобалары енгізілетін болады.

Үшінші, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз етуді, ең алдымен, зейнетақы жүйесін реформалау жұмыстарын жандандыру қажеттілігіне аса назар аударылып отыр. Осы ретте заң тұрғысынан нақты мәселелер өзінің шешімін табуы тиіс. Атап айтқанда, біріншіден, жұмыс істейтін әйелдердің бала туу және бала күтіміне байланысты демалыста болу кезеңінде міндетті зейнетақы жарналарын бюджет қаражаттары есебінен субсидиялауды қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, жұмыс берушілер қаражатынан өз жұмысшыларының зейнетақы шоттарына 5 пайыздық міндетті аударымдар енгізу керек. Үшіншіден, міндетті кәсіптік жарналар мөлшерлемесін тағы 5 пайызға кезеңдік ұлғайтуды қарастыру. Төртіншіден, зейнетақы активтерін елдің мейлінше перспективалы салаларына инвестициялау тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, әлеуметтік жаңғыру еңбек қатынастары мәдениетін арттыруды талап етеді. Осы орайда, қазақстандық кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуды қарқынды жүргізу мақсатында «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң қабылданатын болады. Сондай-ақ, алда мемлекеттік жастар саясаты, минималдық стандарттар мен кепілдер, дене шынықтыру және спорт туралы және басқа да заңдарды қарау және қабылдау мәселесі тұр.

Заң шығарушылық міндеттердің төртінші маңызды блогы құқық қорғау заңнамасын жаңғырту және терең реформалаумен байланыс­ты. Сондықтан, Парламентті Қылмыстық, Қылмыстық-іс жүргізу, Қылмыстық-атқару кодекстерінің жаңа жобаларын, сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексті қарау жұмысы күтіп тұр.

Бесінші маңызды бағыттың бірі – Қазақстанның өзге елдермен қол қойған мемлекетаралық келісімдерін ратификациялау.

Қалай болғанда да, бүгінгі күн тәртібіне шығарылған мәселелердің оң шешімі түптеп келгенде дағдарыстан кейінгі әлемге сапалы секіріс жасау үшін жаңа мүмкіндіктер жасайды. Тек бір нәрсені есте ұстағанымыз жөн. Ол – ауызбіршілік. Біз амбициялы жоспарларымызды тек тұрақтылық, достық, демократиялық бірлік болған жағдайда ғана азат Қазақстанда жүзеге асыра аламыз.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,
саясаттанушы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button